Қазақстанның партия һәм үкімет қызметкерлерінің араларында іс жүзінде еріксіз ұлтшылдыққа ұйысып кету бар ма, жоқ па? — деген сұрауға «жоқ» деп ешкім де айта алмайды.
Бұл ұлтшылдыққа еріксіз ұйысу һәм отаршылдыққа еріксіз ұйысу деген екі затты ғылым қағидасымен де һәм тәжірибе жөнімен де, біздің бұл әлеумет революциясы, коммунист партияларының ұйымы, коминтерн һәм кеңес үкіметі де аттап кеткен жоқ. Партияның пікір жолын әр халықтың араларына таратқанда әм кеңес үкіметін құрғанда бұл отаршылдық, ұлтшылдық мәселелері еске алынып, есепке алынып отырған. Коммунист партияларының ұйымының ұлт мәселесі, күншығыс мәселесі туралы қаулы-жобалары һәм кеңес үкіметінің әрбір бұрынғы езілген ұлттарға берген кеңесті автономиялары сол ұлт мәселесі мен отаршылдық мәселелерін аттап кете алмағандығын көрсетеді. Ал біздің Қазақстанға келсек, мұның шаруашылық тұрмысына һәм рухани жайына қарасақ, шаруашылық, саяси ғылымның қағидасымен тексергенде ұлтшылдық, отаршылдық, өзімшілдік мәселелері біраз уақытқа дейін бармақ. Мұны қате деушілер бұл айтылған заттар қазір жоқ һәм олар енді болмайды деушілер және бұл екі заттың бірі бар, бірі жоқ деушілер құр өздерінің шолақ ақылдылығын, мүкіс көзділігін һәм шаруашылық-саяси ғылымның белгілі қағидаларымен таныс емес екендігін көрсетеді.
8-жалпы кеңестер жиылысының уақытында коммунист партиясы әр автономиядан келген уәкілдердің бас қосқан жерінде де, һәм біз өздерінің пәтеріне барғанымызда да айтып еді: «отаршылдыққа, өзімшілдікке ұйысу, һәм ұлтшылдыққа ұйысу көпке дейін қалмайды, бұлармен енді салмақпен пікір майданында күресу керек», — деп. Біздің айтатынымыз да сол еді. Бұл екі зат қару-жарақ алып партияның ұзын аңғарына қарсы тұрмаған соң, бұлармен пікір майданында күресу, пікір майданында тартысу еді. Бұл пікір майданында өзіміз байқаусыз, еріксіз бір жағына ұйысып кетсек әрине тез онымызды түзетіп отыруымыз керек.
Бұл майданға біздің Қазақстандағы жоғарғы мекемелерде қызмет қылып жүрген адамдар жалпы кіріскен жоқ. Соңғы уақыттарда бір аянышты, былғанышты дерт пайда болды. Ол дерттің негізі өзінің бас пайдасы үшін, өз басының кегі үшін мәселені тұмандату. Әрине, мұндай аянышты дерт мәдениет ретінде артта қалған Қазақстан тәрізді жерлерде болады.
Қазақстанның өткен ІІІ партия жиылысында кейбір көпшілдер «ұлтшылдық бар, өзімшілдік, отаршылдық жоқ» деді.
Әрине, бұл сөз көпшілікке ұнағандай болып қалды, һәм кезінде көздеген нысанаға да тиді. Мұндай сезді сөйлегенде шаруашылық-әлеумет, саясат ғылымының жалпы қағидаларын еске алмай, «шіркін-ай, сөйлейді-ау» деп айту үшін, ақ-қараны айырмай айта да салады ғой.
Ұлтшылдық пен отаршылдық, өзімшілдіктің егіз екенінде мұндай жолдастардың жұмыстары жоқ.
Отаршылдық—өзімшілдік жоқ деп Сәкеннің жазған «Азия» деген өлеңін кейбіреулер бұл ұлтшылдық деп шу көтереді. Әрине ол түсінбегендік. Бұл өлең Маркс ғылымының қағидасына келмейтіні рас. Бірақ бұл өлең кеңес үкіметінің саясатының ықпалымен коммунистер партиясының ұйымының, коминтерннің күншығыс мәселесі туралы жазған қарарларының ықпалымен 1922 жылғы Генуя, Гаага конференцияларының қарсаңында Еуропаның обыр саясатына қарсы бетіне соққан наразылық «лагют» еді, һәм обыр Еуропаға күншығыстың революция қозғалысын көрсетіп айбындап дүміткен ереуіл еді.
Мұны кейбір жолдастар өз басының кегі үшін ағаш атқа іліп алып, орынсыз қамшы қылды.
Енді өткен іс өтті. Бұдан былай отаршылықпен, өзімшілдікпен һәм ұлтшылдықпен пікір майданында салмақпен күресулеріміз керек.
Және әлеумет ісі мен өз басымыздың уақ мақсаттарымызды былғастырмауымыз керек.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі