24-маусым, сейсенбі күні мұсылмандардың «құрбан айты».
Бұл күнді жылына мейрам қылып «құрбан шалып», жылында пәлен мың қойды қазақ халқы шығын қылып отырады. Бұл «құрбан» қылып шалған малдары (молдалардың айтуынша) «қабыл болса», мұсылман халықтары өлгеннен соң тіріліп, низам таразысы астына «пырақ» болып мінілмек. Әм молдалардың айтуынша, сол сират көпірі құрылған қиын уақытта астыңа мінген атың — пырағың жақсы болсын десең, бұл құрбандыққа шалған қойың толық жақсы болуы керек! Міне, баяғыдан бері, халықтың надан, бала тәрізді уақытынан бері қиялы молдалардың халықтың басын айналдырып, халықты алдап, халықтың надандығын пайдаланып өздерінің тамақтарын тойғызып келген көп, орынсыз алдауының бірі жоғарғы айтқан құрбан шалатын айт.
Қазіргі уақытта бұрынғы көп малдан айырылған, жалпы кедейлікке айналған сорлы қазақ халқына бұл құрбан шалу орынсыз шығын, орынсыз шығын түгіл зиянды шығын, жылында пәлен мың қой кетпек. Бұлай деп айтқанымыз, әрине, көп адамға жақпайтын да шығар, көп адам «дінге қарсы» болды деп бізді жек көреді, әрине надандықтың арқасында, молдалардың қазақтың мұсылманбыз деп жүрген адамдардың сүйектеріне «құдай, дін, ораза, намаз, құрбандық» дегендерді сіңдіргенінің арқасында мұндай сөзді жазған бізді «құдайға, дінге қарсы» деп жек көруі белгілі іс. Өзіміз де бала күнімізде, оқып жүрген күнімізде «құдай жоқ, діннің ғаламдары халықты алдау» деген адамдарды жек көретінбіз. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дегенді, ананың сүтімен енген, сүйегіне сіңген затты халыққа «мұның қате, мұның адасқандық, мұның алданғандық» деп санасын ашып, шындыққа түсіндіріп, тура жөнге салу өте қиын нәрсе. Бірақ сүйтсе де, енді өнер-білім майданында жалпы адам баласының қазіргі хал індей биік халге келгенінде, енді азын-аулақ халықтың аз болса да санасы ашылған ұлдарының қара халықтың адасып жүрген мұндай істерін «дұрыс істеп жүрміз» деп өзіне-өзі жалған сеніп жүрген діншіл адамдардың жек көруінен қорықпай, ғылымның арқасында мұндай істердің ақиқатына жеткен шындықты айтпай отыруымыз дұрыс емес.
Біздің өзіміз де бала күнімізде, оқып жүрген күндерімізде адасқанның біріміз.
Біз де: «құдай, ораза, намаз, құрбандық, ұжмақ, дозақ, жын, пері» деп жүргем із, біз де мұны қате деген кісілерді «бұзылған», «азған», «ауған» дейтінбіз.
Келе-келе біздің көзімізді, санамызды жалпы ғылым ашты. Жалпы ғылым бұрынғы адасқандығымызды білдірді.
Ол «адасқандықты» білдірген қандай ғылым? — деп сұрар. Оған жауап. Ол ғылым дегеніміз: әуе кемесін жасатып, аспанға ұшырған, сүңгуір кемесін жасатып мұхит теңіздерінің астын кездірген, телеграф, телефондарды жасатып дүниенің бір шетімен бір шетінде отырған адамдарды сөйлестірген, отарба, жол, жоба, түрлі машиналарды шығарған ғылым.
Қазақ халқы надандықтан бірте-бірте шығып, тура жолға түсіп, өнерлі, білімді халықтардың қатарына кірулері керек. «Құрбан шалу» — зиянды, шығынды қоятын уақыт жетті.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі