1917 жылдан бері Қазақстанның әрбір жиылысында, әрбір большевик бағытымен шыққан газет-журналдарында қазақ кедейінің теңдігі, кедей бостандығы деп айтып та келеміз, жазып та келеміз. Қазақстанның кедейлері байлардың құлдығынан қалай қылса құтылады?
Қазақ кедейі қайтсе теңеледі?
Қазақ кедейі қайтсе, бері болса жалпы Россияның, әрі болса бүкіл жер-дүниенің ұйымдасқан байлар табымен күрес майданына шыққан жарлы-еңбекшіл табының қатарына кіреді?
Кедейдің қайтсе көзі, санасы ашылады?
Міне, бұл мәселе күні бүгінгіше айтылып та, жазылып та отыр. Россия Коммунист партиясының жалпы 12-жиылысында «Ұлт мәселесі» деген мәселені қарағанда, бұрынғы орыс патшалығының құлдығында езілген орыс ұлықтарының босағасында «көзге түрткі» болған еңбекшіл халықтарды іс жүзінде теңелту үшін түрлі нұсқа көрсеткен. Ол нұсқаларының бірі «бұрынғы кемдікте жүрген ұлттардың қазіргі республикасында кәсіп дүкендерінің ошағы құрылсын» (очаги промышленности) деген.
Қазақ тәжірибесінің айтқаны бар:
«Мың сіз-бізден, бір шыж-быж», —деп, қазақ тәжірибесінің осы айтқанына Коммунист партиясының «бұрынғы кемдікте жүрген еңбекшіл халықтарды шындап іс жүзінде теңелту үшін бұлардың қазіргі республикаларына кәсіп дүкенінің ошағы орнатылсын» дегені тура келеді.
Біраз жылдан бері қазақ кедейіне «үйтсең теңелесің, бүйтсең теңелесің», — деп айқайлап келе жатырмыз. Онымыздан көңілдегідей толық іс шыға қойған жоқ.
Қазақ кедейінің теңелуіне қатесіз екі жол бар: біреуі — оқу, екіншісі — Қазақстанда кедейлердің тап болып ұйымдасуы үшін әм кедейлер азып-тозып құрып кетпес үшін кәсіп дүкенін орнату, кәсіп дүкенін жүргізу.
Қазақстанда бұзылып, жарылып, тоқтап жатқан кейбір кен шығаратын, тас көмір шығаратын зауыттардан басқа кәсіп дүкені (фабриктер) жоқ.
Ал Қазақстанда әлі де болса фабриктерге керек әлі шикізаттар бар (мәселен: жүн-жұрқа, тері-терсек әм басқалар...) Кедей-жарлы қазақтар жаяулап жүріп келіп маңайдағы поселке-қалалардың көшелерінде жұмыс іздеп жүр. Жұмыс қылуға орын жоқ. Жұмыс жоқ.
Егерде кәсіп дүкені, кәсіп ошағы болмаса, бұлар енді бір-екі жылда азып-тозып, өліп таусылмақ. Бұлар тозып кеткен соң қазақ кедейінің теңдігі деген сөздің айтуға орны да болмайды.
Енді бұл қалаларда, поселкелерде жұмыс, кәсіп іздеп жүрген кедейлерге қандай жәрдем керек?..
Сансыз қаулы, сансыз сұлу қарар, сансыз әдемі сөздер керек пе?
Жоқ, көзге көрінерлік бір шын көмек, негізді іс керек пе?
Бұған Қазақстанның қирап, бүлініп жатқан зауыттарын жүргізуге шындап кірісіп, жүргізіп жіберу керек. Екінші, Қазақстан да өлі мал әлде де болса, аз болса да бар. Ол өлі малдарды іске жаратуға ешбір фабрик жоқ. Сол өлі малдарды шаруаға жарататын қылып шығарып отыруға Қазақстанның әр жерлерінде фабрик салу керек. Ең алдымен жүн-жұрқадан, қыл-қыбырдан түрлі шұға, түрлі мата істеп шығаратын, өзінде мың жарым, екі мыңдай жұмыскерлер істейтін, мата тоқитын фабрик салу керек. Ол фабрик ұсталықтың ен барып тұрған соңғы өрнегімен салынатын болып (по последнему слову техники), одан тоқылып шығатын шұғалар, маталар Петербургта, Мәскеуде шығатын маталардан артық болмаса кем болмайтын болсын.
Фабрик қазақтың әлі де болса жүн-жұрқаға, қыл-қыбырға барлау жерінен, темір жол, пароход, тас көмір бар жерінен салынсын.
Бұл туралы мен біразырақ басқа жұрттардың білетін кісілерімен сөйлестім.
Бұлар айтады: «Күллі Россияда ең бірінші жақсы мата — шұға тоқып шығарып тұратын фабрик Петроградта «Торитон» нұсқасымен салған фабрик. Қазақстанда бұдан жақсы қылып салуға болады. «Торитоннан» артық қылып фабрик салса, алтын ақшамен бір миллион сом кетеді.
Жылына 100 мың пұт жүнді шұға, әр түрлі жақсы мата қылып шығарып отырады. Өзінде мың жарым адам жұмыс қылатын болады», — дейді.
Алтын ақшамен бір миллион сом деген Қазақстан үкіметіне өте көп ақша әм қазіргі уақытта кімге де болса аз ақша емес.
Бірақ бұған ұйымдасып, көп болып, бірігіп кіріссе, онда бір миллион сом көп ақша емес.
Біздің ойымызша, бұл бір миллион сомның қақ жартысын Қазақстан үкіметі тауып бере алады. Егерде қақ жартысына үкіметпен серіктес болып, пайшы болып, жай қаражатты адамдар үкіметпен «компан» болып кіріссе, екі жағына да тиімді болады.
Мұндай зор іске, бұлайша ұйымдасып кірісуді басқа, Қазақстаннан гөрі байырақ, өнерлірек жерлерде де істейді. Бір миллионның жартысын үкімет өзі мойнына алып, бес жүз мыңын жай адамдар алса, мақсат орындалар еді.
Бұл «компан» болып, одақтас болып ұйымдасқан адамдардың бәрін ұйыстырып, фабрикті салдыру ісін басқарып отыратын Қазақстанның қазіргі кәсіп шаруасын басқаратын мекемесі болса (Кирпромбюро), бұл ісі ілезде ілгері басып, іске асып кетер еді.
Міне, осындай ретпен жалпы халық жұмылып бұл іске кіріссе, іс болар еді.
Мұндай фабрик салынса, ұйымдасып салушыларға да пайда. Жылында пайдасын алып отырады. Үкіметке де пайда әм жалпы халыққа да пайда, жақын жерден қымбатқа жүн-жұрқа, қыл- қыбырын сатып отырып, жақын жерден арзанға түрлі қымбатты маталарды алып отырады.
Әм бұлай болғанда ең абзалы, қазіргі кедейліктен қаңғырып жүрген қазақ жарлылары азып-тозып кетпей, құрасып, жиналып, ұйымдасып, жалпы жер-дүние еңбекшіл табының қатарына шындап кіре алады.
Қазақстанда мұндай шұға маталар тоқып шығаратын бірінші ұлы дүкен, бірінші ұлы фабрик ең алдымен жүн-жұрқа молдау қалың қазақтың ортасы әм темір жолдары, үлкен өзен пароходы, көп тас көмірі бар Павлодар қаласында болу керек.
Бұл іске Қазақстанның ең байлау деген аймақтары, Павлодар маңайындағы Семей әм Ақмола губернияларының қазақтары кірісу керек. Мұндай игі іске барлық Қазақстанда қызмет қылып жүрген азаматтар, әсіресе Ақмола, Семей азаматтары жергілікті халықты шақырулары керек. Халыққа түсіндіріп айтып, бұл жобаны іске асыру жағына барлық күштерін салулары керек. «Көп түкірсе көл болады» деген. Көпшілік кіріссе, болмайтын іс жоқ.
Бұл туралы қандай болса да хабарларды, қандай болса да әркім өз ойларын, өз пікірлерін «Еңбекші қазақ» газетіне тез жіберіп отырсын.
Сөз енді жергілікті азаматтардікі, жергілікті халықтікі!
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі