Октябрь төңкерісі болып, Россиядағы жалпы еңбекшіл табының үкіметі орнағалы міне бес жыл болды.
Сол бес жылдан бері «кедейге пәлен қылу керек, кедейге түлен қылу керек» деп, әм «кедей пәлен қылса теңеледі, кедей түлен қылса теңеледі» деп біз күні бүгінгеше айтып та келеміз, жазып та келеміз.
Кеңес үкіметі, күллі Россиядағы бұрын езілген ұлттардың бәрі бұдан былай бұрынғы үстем-қожа болып, билеген ұлық ұлтпен енді тең деп барлық әлемге жариялап, әм барлық бұрынғы кемшілікте жүрген ұлттардың бәріне өзіңнің ішкі істеріңді өзің басқар деп автономия берді.
Бірақ іс жүзінде бұрынғы езілген, қараңғылықта жүрген нашар елдер өзіне берілген теңдігімен пайдаланып жүр ме? Іс жүзінде берілген теңдік жемістерімен көңілдегідей пайдаланып жүр ме? Оған жауап:
Бұрынғы езіліп қалған ұлттардың еңбекшіл халқы күні бүгінге шейін көңілдегідей барлық өзіне берілген құқықты, өзіне берілген теңдікті әлі күнге шейін толық қылып ала алған жоқ. Әм қазақ еңбекшілдерінің тұрмысына қарағанда, оның заңына, салтына қарағанда, көп уақытқа шейін өзіне берілген теңдікпен пайдалана алады» деп айтуға өте қиын.
Әр халық, әр адам өзінің құқықтарын пайдалану үшін білімді, сауатты болу керек.
Білімді, сауатты болу үшін ол халықтың, яки ол адамның шаруасы, тұрмысы берік әм жемісті болу керек.
Ал Қазақстан халқының шаруасы берік пе? Жемісті ме? Жоқ, қазақ шаруасы берік емес, өте осал, өте әлсіз.
Қазақ шаруасы көшіп жүріп, жерге жайып мал бағып, мал өсіреді. Мал өсіру шаруасы өте осал шаруашылық. Берік шаруашылық емес. Бүгін бар малдың ертең не болары неғайбыл. Биыл бай кісі келесі жылы кедей болуға мүмкін. Сол себепті қазақ шаруашылығы жемісті шаруашылық емес, қазақ шаруашылығының жемістері, мәселен, мыналар: қисайған аласа жер үй, тезек отын, түтін бықсыған пеш, қара сабын, жүн шекпен, шала илеген қайыс, білте шам. Мойны ырғайдай қотыр өгіз. Екі аяқты ағаш арба, шала айдаған егін, қарындашпен шайдың қағазына жазып шиге шаншыған әліпби... Берік, мықты, жемісті шаруашылық көшпелі емес, тұрғын елдегі қалалы елдікі. Мәселен, түзу кең үлкен терезелі үйлер, сарайлар, бір шетімен бір шетіне жетпейтін машина соқамен айдап тастаған егіндер. Мая-мая қылып, машинамен шауып, машинамен жинаған пішендер. Темір шенді күшті көк арба, саны аз болса да, ажарлы томардай өгіздер, бұл поселкеде...
Ал қалада: кең сарайлы таза жарық үйлер. Пошта-телеграф, телефон, фаэтон, автомобиль, түрлі мата тоқитын фабрика, түрлі саймандар жасайтын зауыттар, школдар, монша, аурухана, дәріхана, электричество әм тағы толып жатқан саймандар...
Міне, сондықтан қаладағы халықтар, одан қала берсе поселкедегі халықтар сауатты, білімді, өнерлі. Ал білімді, өнерлі, сауатты болған халық, яки адам өзіне берілген теңдік түгіл, берілмеген теңдікті де ала алады.
Егерде білімсіз, сауатсыз болса, ол халық қанша айтқанмен беріліп отырса да толық қылып барлық құқын ала алмайды. Қазақ кедейінің бес жылдан бері барлық тұрмысынан көрініп отыр. Білімді, сауатты болу үшін алдымен оқу керек дейміз. Рас, оқу керек. Бірақ оқу үшін көшпелілікті тастап, ел жерге іргесін орнатып отыру керек. Егерде қала болмай, поселке болмай жүре берсе қазақ еңбекшісі оқып қатарға кірмек түгіл, өзіне берілген теңдіктерін алмақ түгіл, біраз жылда азып-тозып жоқ болып кетеді. Оны соқыр кісі ғана көрмес. Қазақ еңбекшілері жер кәсібіне айналмай, ұйысып ел болып, халық болмай күні бүгінгіше тұрып келген тұрмысымен тұра берсе, ешуақытта қатарға кіре де алмайды. Ешкіммен тең де бола алмайды, баяғы тезектің отын бықсытып, тезектің отын жылтылдатып жүре береді, ақырында бытырап, тозып жоқ болып кетеді.
Қала салсам деген қазаққа үкімет барлық жәрдемін береді. Әм қала сала бастаған елден салықты да жеңіл алады, я тіпті алмай босатады да. Қазақ еңбекшілері, өзге жұрттың еңбекшілдерімен тең болам десең қала бол, әйтпесе қанша айтқанмен берілген теңдігіңді ала алмайсың.
Бұл сөз қала салмай басқа істеріңді жөндеуге кіріспе деген емес. Бірақ ең ұлы жұмысың қала салып, отырғын, ұйымдасқан ел болу болсын деген сөз.
Жер-жердегі көзі ашықтау адамдардың еңбекшіл халықтың алдындағы ең зор міндеті — қала салдыруға бас болу.
Бұған тез кірісу керек.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі