Өлең, жыр, ақындар

Еңбекшіл тап қорықпайды

Соңғы уақыттағы Еуропа үкіметтерінің түрлі әрекетіне қарағанда, еңбекшіл табын тырнақты шеңгеліне езіп-қысып алу үшін бұлардың барлық күшін аямай аласұрып кіріскені көрінеді.

«Англия үкіметі найзасын оқтап Кеңес үкіметінен ақы даулап, әм басқа түрлі де ілік қылып, пәлен сағатта жауап бер, әйтпесе маған өкпелеме...» — деп сөз салды.

Швейцарияда Кеңестік Россия құрамасының елшісі жолдас Воровскийді өлтірді. Және Польша жерлерінде Кеңес үкіметімен жауласып жүрген жандаралдар кеңестік Россияға жыланша көздерін тігіп, жиналысып, астыртын сөйлесуде.

Еуропаның әр мемлекетінде еңбекшіл табының мақсаттарына қарсы әрекеттер қылуға партиялар, ұйымдар жасалуда.

Бұлардың, яғни жер дүниедегі байлар, төрелер таптарының әм олардың шашбауларын көтеріп қалған, оларға жандары сатылған қулардың барлық тілек, барлық мақсаттары жер-дүниедегі қаттырақ ұрандасып, күштірек күңіреніп байлар, төрелер табына қарсы қозғалған еңбекшіл табын қанды шеңгелдерімен қаттырақ қысып, әлі де болса біраз езбек.

Бірақ бір қозғалған еңбекшіл тап жауын жеңбей, жер дүниедегі барлық билікті, барлық үкіметті өз қолына алмай, жер дүниеге бірдей, барлық адамзатқа бірдей теңдік жасамай қоймақ емес.

Қазіргі Еуропа үкіметтерінің бұл аласұрып істеп отырғандары «бөрі арығын білдірмес, жауына сыртын қампайтар...» дегендей. Бірақ онымен еңбекшіл табын, ол еңбекшіл табының тіреуі болып отырған кеңес үкіметін қорқыта алмайды. Қанша соғысқа қарсы болса да, қан төгуге әм қан төккізуге қарсы болса да жалпы еңбекшіл табы әм оның тіреуі кеңес үкіметі ешуақытта жалпы жауынан, байлар, төрелер табынан қорқып, қорғалап көрген емес.

Англия үкіметінің қорқытып, шарт қойып салған сөзіне (нотасына) Кеңес үкіметі тиісті жауабын қайырды. Кеңес үкіметінің қайырған жауабын Англиядан басқа Кеңес үкіметінің өзге жаулары да дұрыс деп жатыр.

Және аэропланмен барып Англияның сыртқы істерін басқаратын уәзірі Керзонмен, Кеңестік Россияның елшісі Красин жолдас ауызша да сөйлесті. Сөйлескенде Керзон Англияның Кеңес үкіметіне жіберген сөзін өңдеп қайта айтқан және Красинмен бір жұмадан соң сөйлеспек болған. Англияның жоғарғы заң-закондерін шығарып қарап отыратын мекемесі — парламентінде жұмыскерлер табынан кіріп отырған депутаттардың үкіметтен бұл уақиға туралы түрлі жауаптар сұрағаннан кейін әм Англияның жұмыскерлер партиясы Кеңестік Россияға достығын білдіргеннен кейін Англия үкіметі бұрынғы дауын өзгертіп, тікірейген түктерін азырақ жұмсартып сөйлеген көрінеді.

Англияның Кеңестік Россияға өте-мөте қаһарын тігетін себебі — бұл уақытқа шейін Англияға жем болып келе жатқан жақын күншығыс халықтарының Кеңестік Россияға достық көздерімен қарай бастағандары әм сол жақын күншығыс халықтарының Англияға қарсы қозғалыс жасай бастағандары.

Жақын күншығыстың, яғни Түркия, Арабия, Персия, Ауғанстан, Үндістан, Мысыр жұрттарының қазіргі уақыттары Англияның құлдығынан құтылуға әрекет қылып, ұрандасып қозғала бастағандарын Англия үкіметі Кеңес үкіметінен көреді.

Кеңес үкіметінің барлық жер-дүниедегі зорлықшыл таптарға қарсы екені рас. Кеңес үкіметінің Еуропаның отаршыл, обыр үкіметтеріне қарсы екені рас. Әм олардың қорқытқанынан ешуақытта қорықпайтыны да рас.

Кеңес үкіметінің қорықпайтыны — оның тіреуі болып отырған еңбекшіл табы қорықпайтындығынан.

Еңбекшіл табының қорқарлық ешнәрсесі жоқ.

1923 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз