Темір жол салынып, отарба жүргеніне, судың үстімен пароход жүргеніне, судың астымен сүңгуір қайық жүргеніне, құрғақ жай ғана жолмен автомобиль жүргеніне едәуір уақыт болды. Бұл айтылған заттар алғашқы шыға бастағанда әбден жалпы жер-дүниеге жайылғанша, оларға әркім-ақ мініп жүре бастағанша қара халық нанар-нанбас болып жүрді.
Казіргі уақытта бұл айтылған заттар һәм олармен бірге алыс жерден тез хабар алатын телеграмм, телефон деген зат та жалпы әлемге таныс болып, жалпы әлемнің тіршілігіне ең бір керекті заттардың бірі болып алды.
Бұл айтылған заттардың бәрінен соңырақ әуе кемесі — аэроплан жасалып шықты. Аэроплан шыққанда да қара халық ете наныңқырамай, нанса да оны бір ойыншық үшін, еріккеннен жасалған нәрсе ғой деп жүрді. Бірақ өнерлі, ғылым ретінде алға кеткен халықтар олай деп бұған жеңіл қараған жоқ, аэроплан шығысымен одан өрнек, үлгі алып, әуелгі түрінен де жылдам, бірте-бірте шеберлеу қылып, жақсылау қылып, күштілеу қылып, көбейтіп жасай бастады. Өткен дүние жаһангерлер соғысында, Германия Еуропаның ортасында, қалың жауларының ортасында отырып әуе кемелері көп һәм күшті болған соң, дүние айналған мұхит теңіздерінің ортасындағы жазира аралдардағы Англияға әуе кемелерімен барып оқ жаудырып, һәм теңіздердің астымен барып оқ жаудырып жер-дүниені шулатып жүрді. һәм сол зор өнер шебер ұсталықтың арқасында, күшті әуе кемесінің арқасында, жалғыз Германия жер-дүниеге қарсы майданға шығып, жеңілмей белдесіп тұрды.
Әуе кемесі қазіргі уақытта жалпы әлемге жайылып болды. Жалғыз-ақ әуе кемесімен таныс емес, әуе кемесі — аэропланды білмейтін бірен-саран соқыр халықтар ғана болар.
Қазіргі уақытта жер-дүниедегі халықтардың көбі аэроплан мініп, аспанға ұшып қатынасып жүргенде, бір шеті мен бір шеті «атан түйемен алты айлық жол» болатын біздің Қазақстанда бір де әуе кемесі жоқ. Әуе кемесі ең алдымен Қазақстан тәрізді темір жолы жоқ, пароход жүрген өзен-сулары жоқ, жері қиырсыз шалғай бетпақ далалы халықтарға керек.
Әуе кемесі — аэроплан ойыншық емес. Өзен-суларды, шөл дала, тау-тастарды таңдамай, мықты атпен ұзақ күн жүріп баратын жерлерге сағатқа жетпей баратын жүйрік көлік.
Еуропадағы, Америкадағы әуе кемелерімен ұшып қатынасып жүрген халықтардың қала-қалаларының аралары, ауыл-ауылдарының аралары темір жолдармен, пароходпен, телеграмм һәм телефондармен байланысқан, отарбамен, пароходпен һәм автомобильмен қатынасқан. Бірақ олардың бәрінен жылдам жүретін болған соң, бұл жердегі халықтар қазір аэропланмен жүре бастайтын болды.
Ал біздің Қазақстанға қарасақ, жерінде темір жол жоқ, шөл, бетпақ дала, пароход жоқ, автомобиль жүруге қара жол жоқ, жері шалғай. Міне, сол себепті қатынасуға, хабарласуға Қазақстанға ең қолайлы, ең арзан түсетін көлік — аэроплан.
Аэропланды алу қиын емес, халық ақша жинап, үкіметтің сайлап қойған мекемелеріне тапсырса, көп түкірсе көл болып аэроплан сатып алынып отырылады. Қалалар мен ауылдардың араларында жиі қатынас болмаса, Қазақстанның үкіметі мен елінің арасында жиі хабар қатынасы болмаса, ел-халқы болып жатқан істерден хабарсыз болады. Ел саясат, өнер, білім ретінде артта қалады. Соқыр болады.
Мұндай жалпы ел үшін игі істерге шақырып жазған сөздерді құр оқып тастамай, ойланып іске асыруға шындап кірісу әркімнің мойнындағы азаматтық міндеті. Бұл іске ұмтылу өнерге ұмтылудың белгісі.
Аэроплан — ендігі еңбекшіл өнерлі жас ұланның қанаты.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі