Қазіргі уақытта Қазақстанның әр жерінде Кеңес сайлауы басталып жатыр.
Алынған хат-хабарларға қарағанда, өзгерістің алғашқы жылдарындағы топқа кіре алмай бұғып жүретін байлар, қақтығып шетке шығып қалған бұрынғы атқа мініп, біреуді-біреуге атыстырып, елді партия қылып жүретін қулар бұл күнде тағы да атқа мініп, сұм істерін тағы да жүргізе бастаған көрінеді.
Өзгерістің алғашқы жылдарындай болмай, Кеңес үкіметі халықтың көп жылғы соғыстың кесапатымен һәм жұттың, аштықтың кесапатымен нашарланған шаруасын жөндеу ниетімен жаңа шаруашылық саясатын жүргізіп, жоғарғы айтқан сұмдарға азырақ мұрсатана беріңкіреп еді, бұл арамтамақ сұмдар кесапатты істерін тағы да жүргізе бастаған көрінеді.
Бұлардың кебі ілініп волостной исполкомдардан қалмай, сол волостной исполкомдарға бұғып әртүрлі астыртын айлаларымен кіріп алып, бұл күнге шейін билеп келе жатыр еді.
Енді бұл қулар биылғы сайлауда, былтырғы-алдыңғы жылғы һәм онан арғы жылғы бұғатын мінездерін қойып, сыбырды да тастап, бұрынғы заманындағысындай ашық айдаған көрінеді.
Өзгерістің алғашқы жылдарындағы разверстка, аталу, көлік алу, милиция қалың жиі жүріп, топтап, көңіліне ұнаған атты міну, қырда отряд құру, мылтық іздеп, елді тінту — бәрі қазір қалған.
Бұл істерді Кеңес үкіметі халықтың тұрмысын әм шаруасын өңдеу үшін қалдырды. Жоғалтты. Мұны қу байлар һәм байлардың шашбауларын көтеретін қулар өздерінше ұғынып, «Кеңес үкіметі байға һәм зәлімге енді ерік беретін шығар» дегендей қуанып, қыбырласып, кедейлерге тәкаппар көздерімен басынып қарай бастады. «Күшігім-күшігім десе, күшік ауыз жалайды» деген осы.
Бірақ есепсіз, ұятсыз байлардың һәм олардың шашбауларын көтеруші қулардың бұл «күшігім-күшігім» деген сайын ауыз жалауы қате, бұлар тағы да өздерінің соры.
Кеңес үкіметі байлардың һәм ол байлардың шашбауларын көтерушілердің үкіметі емес, Кеңес үкіметі — кедейлердің, еңбекшілердің үкіметі. Мұны байлар, мырзалар һәм басқа арамтамақ қулар білулері керек.
Қанша қулық-сұмдықтарын жүргізіп, сайлауды басқаруға барған инструкторларды алдап һәм кедей халықты алдап, исполкомдарға байлар — жуан жұдырықтар тағы да кіріп алса да, бірақ ол анықталынып, Кеңес үкіметінің шын қызметкерлеріне білінсе, желкеге бір түйіліп, исполкомдардан қуылулары хақ.
Мұны жуан жұдырықпен бай, мырзалар естерінен тастамаулары керек. Енді бір-екі сөз Кеңес сайлауларын басқарып жүргізетін біздің жер-жерлердегі Кеңес үкіметінің қызметкерлеріне.
Бұрын Қазақстанның көп жеріне сайлауға қырға шыққан инструкторларды сөзге, қулыққа, сұмдыққа әм кісі алдауға төселіп қалған залым байлар бастарын айналдырып, ауылдарына апарып түсіріп, қымызын, етін беріп билеп әкететін. Мұны көрген соң бұрынғы жасқаншақ болып жаман үйреніп қалған сорлы еңбекшіл табы қорғалап, әлгі сайлауға келген инструкторды билеп әкеткен байдың бетіне келе алмай қалып, сайлауда бойын көрсете алмай, исполкомына байлардың кісілері кіріп кететін.
Міне, енді біздің сайлауға шыққан Кеңес қызметкерлері бұл әдетті тастаулары керек.
Еңбекшіл таптың шын бақытын ойлайтын азамат сайлау уақытында байдың бетіне жылы ұшырап қарап, байларға таянбасын. Байлардың үйлеріне барып түспесін.
Егерде сайлау уақытында байлардың үйлеріне түсіп, байлармен жылы сөйлесіп, байларға таянысатын болса, ол еңбекшіл таптың азаматы емес, еңбекшіл таптың досы емес, ондай адам Кеңес үкіметін алдап жүрген арам адам.
Ондай адамдар білінсе қызметтен һәм ортадан күйелі көсеумен айдап шығарып тастау керек. Екінші, сайлауларын елдің қарап бекітіп яки бекітпей отыратын уездердегі сайлау басқаратын комиссия һәм уездік исполкомда отырған азаматтар сақ болулары керек. Байларды, мырзаларды һәм басқа қуларды өткізбеулері керек. Оларды бекітпеулері керек.
Біздің Қазақстанның көгі жерлерінде уезде сайлауды басқарып отырған мекемелерде де байларды һәм байлардың құйыршықтарын жақтап кететіндер болатын.
Енді мұны қалдыру керек. Мұны алдырмайтындарды қызметтен де һәм ортадан да желкеге бір-ақ түйіп шығарып отыру керек.
Бұл үшін жолдастар бір-біріне ақыл айтып, бір-біріне бас көз қарауыл болып отыру керек. Енді бұрынғы ескі байға «қазақшылықпен» бос қарап, байдың ықпалына түсетін әдетті қалдыру керек. Қалдырмайтын жігіттерді қатардан шығарып тастап отыру керек. Байлардың, мырзалардың еркелеулері енді жетті. «Күшігім-күшігім десең, күшік ауыз жалайды...» Енді сұғанақ арам күшікті жылмаңдатпай, еркелетпей күйелі көсеумен тұмсыққа ұру керек. Өйте алмаған жігіт еңбекшіл таптың қызметкері емес. Өйте алмаған жігіт тамағы үшін жүрген басы аман адам. Енді бір-екі сез еңбекшіл таптың өзіне. Елдегі қалың қазақтың кедейлері, еңбекшілдері қаладан сайлау басқаруға келген инструкторларды бақылап, байлардың, қулардың алдауына, ықпалына түсіріп жібермей, енді барлық тұрмысқа өздерінің қожа екендіктерін білдіріп, байлардан, бұрынғы жуан жұдырықтардан, байлардың құйыршығы болып жүрген қулардан қорықпай, олардан қорғалап ақтамай, өзді-өзі бірігіп, тізе қосып, байларға өздері сатылып кетпей, исполкомдарға өз кісілерін сайлаулары керек.
Қазақтың еңбекшіл табы байлардан баяғыда бір қорқып қалғандықтан, әлі ол байлардан бұға берсе, еш уақытта онан соң теңдік, бостандық ала алмағаны, көп уақытқа шейін көздері ашылмағаны.
Бай бір жеңіп кетсе, енді болмас деп отырып қалмай, дауам байлармен һәм олардың құйыршықтарымен аянбай күресе беру керек. Ақырында бай жеңбейді, ақырында еңбекшіл тап жеңеді.
Қазір қазақтың сахарасы қалалы жерлерден қашық болғандықтан кедейлерді алдап, арбап, қорқытып, исполкомдарға кіріп кетіп отыр.
Бірақ «арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, байлардың күні әлдеқашан батқан. Әшейін қырдың мойны қашықтығынан әлі қырдағы қуларға бұғалық жетпей, ал қырды өз кедейлері байларына шамалары келе алмай, бұл күнге шейін созылып келе жатыр.
Бірте-бірте қырдағы қулардың да үндері өшпек. Мұны олар білуі керек еді. «Күшігім» деген сайын ұяттан безбей, құйрықтарын қысып ұстаулары керек еді.
Міне, осының бәрі биылғы Кеңес сайлауында қатты есте болуы керек.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі