Қазақстанның еңбекшілеріне ең керекті нәрселер: қала болу, жер кәсібіне айналу, шола ашу, әм кооперация ашу.
Осы айтылған төрт нәрсенің ішінде қазіргі тұрмыс, тіршілік ретінде ете керекті нәрсе — кооперация ашу. Кооперация деген не нәрсе екенін қалаға жақын елдің кебі білсе де, қаладан алыс, қырдағы елдер білмейтін де шығар.
Кооперация деп бір жердегі, бір айналадағы отырған халықтың ұйымдасып, керек-жарақ нәрселерін бірлесіп алып тұратын әм өзінің артық сататын нәрселерін бірлесіп, кезін тауып, тиісті бағамен еткізіп тұратын бірлікті айтады. Мәселен: бір жерде отырған бір ауыл, яки екі-үш ауыл ұйымдасып бірлік ашады. Бірліктің мақсаты қалалы жерден алатын астық, шай-қант, пұл, кездеме, әр түрлі бакал, айна, тарақ, сабын, ине, жіп тәрізді керек-жарақ нәрселерін көзін тауып, тиісті бағамен аларлық лайықты арзан жерін тауып алып отырмақ, әм өздерінің тері-терсек, жүн-жұрқа, әртүрлі мал, астық әм басқа сондай нәрселерін лайықты қымбат бағамен көзін тауып сатып отырмақ. Және, одан қала берсе, сол ұйымға, бірлікке қосылмаған ауылдардың халқына да, жоғарғы айтылған қаладан алып отыратын нәрселерін тиісті лайықты бағамен сатып отырмақ, әм олардың өздерінің сататын елі әм тірі нәрселерін тиісті, лайықты бағамен алып отырмақ.
Жаңағы айтқан, бірлік ашқан ауыл (яки бірлік ашқан екі- үш немесе үш-төрт ауыл) осы өздерінің кооперация ісін жүргізіп тұруға, басқарып тұруға орталарынан білімді, адал адамдарынан басқарма сайлайды, бұл бірлік ұйымының қалай жасалу ретін, әм басқарманың қалай сайлануын, ретін, халық ортасынан ашылған кооперация бірлігінің істерінің қалай жүріп тұратын шарттарын айтқан, жазылған, баспаға басылған нұсқасы болады. Сол нұсқа бойынша, бірлік кооперациясы істерін жүргізіп тұрады.
Бұл кооперацияның халыққа тигізетін пайдасы қанша?
Оның пайдасы мынау: ауыл халқы бірігіп, ұйымдасып сататын нәрселерін есептеп қосып, қаладағы сол нәрселерді алатын сауда мекемелеріне белгілі тиісті бағамен сатады. Ортадағы алыпсатар саудагерлерге бұрынғыдай арзан бағамен бермейді. Қолдан қолға өткізетін алыпсатар саудагерлердің қылатын пайдасының бәрін ауыл халқының өзі пайда қылады. Онан соң қаладағы сауда мекемелерінен алатын керек-жарақ нәрселерін ортадағы алыпсатар саудагерлер арқылы алмай, белгілі, тиісті бағамен өздері алады, бұдан да алыпсатарлардың қолдан қолға өткізіп, нәрсенің үстіне бағаға баға жамап қылатын пайдасының бәрін жаңағы орталарынан кооперация ұйымын ашқан ауылдың өзі пайда қылады. Бұлай болғанда қаладағы кәсіп дүкендерінен шығып тұратын ауыл халқына керек-жарақ нәрселерді алып, қымбат бағамен ауыл халқына сатып әм ол ауыл халқының қалаға сатарлық нәрселерін арзан бағамен алып, қалаға қымбат бағамен сатып отыратын ортадағы алыпсатар саудагерлерге ауыл халқы жем болмайды. Алыпсатарлардың екі жақтан бірдей қылатын пайдасы ауыл халқында қалады.
Міне, кооперацияның тіршілік тұрмыс ретінде ауылға келтіретін пайдасы осы. Және мұндай ұйым ашқан соң халық өнер- білімге де бірігіп, ұйымдасып отырған соң тезірек араласып, тезірек ілгері басады. Жер жүзіндегі өнерлі, білімді халықтардың бәрінің араларында кооперация бірліктері бар. Мұндай бірлік ұйымдары ашылмаған өнерлі халықтардың арасында ешбір халық жоқ.
Кеңес үкіметінің қазіргі негізгі зор мақсатының бірі — өстіп халықтың өз ортасынан кооперация ашқызып, бірлестіріп, ұйымдастырып, халықты алыпсатар саудагерлерге жегізбеу.
Бұл уақытқа шейін оқыған қазақ жігіттерінің көбі кооперация ісіне көз салып, бұл істің алға басуына еш ыждаһат қылмай келді. Ол үлкен кемшілік.
Енді қала болу, жер кәсібіне айналу, школа, мектеп салу, әм кооперация ашу деген Қазақстандағы еңбекші халықтың ілгеріде тіршілік қылуына, балыққа су қандай керек болса, сондай керекті нәрселер. Кооперацияға қызмет қылу — барлық көзі ашық адамдардың зор міндеті.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі