1923 жылдың 7-қарашасында Ұлы Октябрь төңкерісіне 6 жыл толады. Сол ұлы төңкеріске, ұлы өзгеріске 6 жыл толған қарсаңындағы жер жүзінін жалпы саяси жайы, оның бер жағында Еуропаның саяси жайы тасыған теңіздің ортасындағы қалтылдаған жеңіл қайық тәрізді.
Қазіргі Еуропадағы байлардың, төрелердің халдері, қазіргі Еуропаның байларының, ақсүйек төрелерінің үкіметтерінің халдері өте қауіпті, өте қорқыныш, өте тынышсыз. Қазіргі Еуропадағы байлар мен олардың үкіметтері жанталасып өздерінің байлықтарын, үкіметтерін қолдарынан шығармауға аласұруда.
Бұлардың жанталасып аласұратын себептері, Еуропаның әрбір мемлекетінде жұмыскерлер, еңбекшілер тобына қырындап қозғалып келе жатқан күші қазір бірте-бірте өршіп ұлғаюда, бірте-бірте жалпы еңбекшілер табы ұрандасып, ұйымдасып, неше заманнан еңбекшіл тапты құлданып, солардың табан ет, маңдай терлерінің арқасында байлықтарын, қожалықтарын зорайтып келе жатқан байларға әм олардың үкіметтеріне қарсы тұрып, тұрмыстың қожалығына, дүниенің тұтқасына таласуда. Тұрмысқа қожалығын байлар әм олардың үкіметтері оңайлықпен бергісі келмейді. Онайлықпен жан беру қиын. Сол себепті Еуропаның байлары әм олардың үкіметтері қазір аласұрып жанталасуда.
Сөйтіп қазір Еуропада барлық күшін, барлық айласын жұмсап, арбасып, аңдысып, кей жерде, кей уақытта қарсыласып, белдесіп күресіп, кей жерде, кей уақытта қолдарына қару-жарақ алып, ашық майданға шығып күресіп, дүниедегі екі тап аласұрып тартысуда.
Бұл екі таптың арбасып, аңдысып, айтысып, таласып, күресіп жатқаны бұл емес, көп заманнан. Көп заманнан болғанда осы тұрмыс қожалығына таласып жатқан екі таптың тұрмыс жүзінде, тіршілік майданында жіктеліп шыққаннан бері екеуі таласуда. Ал казіргі уақытта бұл екі тап, кейбір мемлекетте ақырын арбасып, кей мемлекетте ашық сөзбен таласып, кей мемлекетте қол күшін де жұмсап, ашық қанды майданға шығып күресіп жатыр.
Қазіргі уақытта күрес майданы күшеюде. Оның күшейген себебі, бірінші, бұл күрестің күшейетін уақытының жеткендігі, екінші, Россияда бұл қанды майданы күресте еңбекші-жұмыскерлер табының байлар табын жеңіп, мемлекет тізгінін өз қолына алып, өз үкіметін орнатып, тұрмыс қожалығын байлардан тартып алғандығы.
Тұрмыс қожалығын байлар табынан еңбекшіл таптың Россияда жеңіп алғандығына, міне, биыл 6 жыл толып отыр.
Россияда еңбекшіл-жұмыскерлер табы жеңіп, үкіметті қолына алысымен өзге мемлекеттерде, әсіресе өнер-білім ретінде өзгелерден ілгері кеткен Еуропадағы еңбекшіл-жұмыскерлер табы да өздерінің байларының қолдарынан тұрмыс қожалығын, үкіметін тез тартып ала қоюлары керек еді. Бірақ Еуропаның жұмыскерлер-еңбекшіл табы тез арада өйте алмады. Міне, Россияның күресте жеңіп шыққан еңбекшілер табының жер-дүние еңбекшілер табына жалпы ұран салғанына 6 жыл болып барады, әлі Еуропаның жұмыскерлер еңбекшіл табы жағаласып күрессе де, азуль: жауын жеңе алмай келеді. Жалғыз-ақ 1919 жылы Венгрияда жұмыскер-еңбекшіл жеңіп, байлар үкіметін төңкеріп тастап, үкіметті қолдарына алған еді. Бірақ Венгрияның өз байларын жеңген жұмыскер-еңбекшілер табын көршілес елдердің байлары мен төрелері басып, жаншып, үкіметті қайтадан Венгрияның байларына алып берді.
Еуропаның жұмыскер-еңбекші табының осы уақытқа шейін байлар табын жеңе алмай келе жатқанына, осы уақытқа шейін мемлекет тізгінін өз қолдарына ала алмай келе жатқандарына екі себеп бар. Ол екі себептің бірі: неше заманнан бері барлық жер-дүниеде тұрмысқа қожа болып, байлар табының қолында үкіметтің келе жатқандығы. Ал екіншісі: байлар трабымен аңдысып, арбасып, таласып, тартысып келе жатқан заманнан бері жұмыскер-еңбекшіл таптың жасаған өздерінің әр елде, әр мемлекетте ұйымдары, бірліктері, партиялары болатын. Сол әрбір ұйымды, яки партияны бастаушы белгілі бастықтары болатын. Сол бастықтардың бірсыпырасы көп жерлерде қазір жұмыскерлерді алдап, байлармен ынтымақтасып отыр.
Міне, осы екі себеппен бұл күнге шейін Еуропаның жұмыскер-еңбекшілері жағаласқан азулы жауын жеңе алмай келеді.
Мықтап күш ала алмай, тезірек жауын жеңе алмай жатқанына әсіресе себеп болып тұрған әлгі жұмыскер табын алдап екіге бөліп, жалпы еңбекшіл-жұмыскер табының күшін біріктіртпей жатқан қулар, залымдар.
Бірақ өйткенмен қазір теңіздің толқынындай жалпы қимылдап келе жатқан балғын білекті, жалаңаш батыр жұмыскер еңбекшіл табының күші күннен-күнге зораюда, күннен-күнге жұмыскерлер табы дауысын қаттырақ шығарып, білегін түруде, күннен-күнге жер-дүниедегі жалпы жұмыскер-еңбекшілер табының ұйымдары, топтары зораюда әм бұған қарсы тұрып жалпы жер-дүниедегі байлар, төрелер табы жанталасып, аласұрып, үкіметтерін, байлықтарын қорғап, еңбекшіл табына оқтарын, қылыштарын аямай жұмсауда.
Қазір бұл екі таптың майданы өте-мөте Германияда күшеюде.
Германияда екі таптың таразысы қазір құрулы. Жақын арада таразының екі басына: бір басына байлар табы, бір басына еңбекшілер табы барлық күштерін салмақ. Сөйтіп белдескен майданда екі таптың тағдыры шешілмек.
Бұл Германияда жақында болатын қанды майданда байлар табы жеңсе, ол мәңгілік емес. Жер-дүниедегі байлар табының, оның бер жағында Еуропадағы байлар табының, енді тұрмыстың қожалығынан таятын күні жетулі. Сол себепті бұл тез арада болатын қанды майданда Германия байлары жеңсе, ол жеңу мәңгілік болмайды. Ол жеңу біраз күнге ғана болады.
Германияның еңбекшіл табы жеңіп шықса, жер-дүниедегі әрбір мемлекеттің өз байлар табымен күресіп жатқан еңбекшіл табы рухтанбақ, дауыстарын бұдан да қатты шығарып, жауына шоқпарды қаттырақ соқпақ, жер-дүниенің байлары әм олардың үкіметтері қаттырақ қорықпақ. Үрейлері кетпек. Шаруашылығы бүлінген Россиядағы 6 жылдан бері өз байларын жеңіп, мемлекет тізгінін өз қолына алып отырған еңбекшіл-жұмыскерлер табы қуаттанбақ салып отырған ұранын күштірек салмақ.
Бұл іс сүттен ақ, айдан айқын іс. Бұлай болатынын жер-дүниедегі саңлауы бар байлар да, еңбекшілер де анық біліп отыр. Қазір жер-дүниедегі жалпы байлардың әм олардың үкіметтерінің барлық назары Германияда, әм жер-дүниедегі жұмыскер-еңбекшілердің назары Германияда. Жер-дүние байлары қорқуда. Ал жер-дүние еңбекшілері көтерілуде, өйткені олар датендік, бостандыққа ұмтылады.
Бұл шынында солай. Бұл дүниенің саяси-әлеуметшіл ғылымының бекіткен қағидасы. Бұған ешкім таласа алмайды. Әрі болса жер-дүние байларының әм олардың үкіметінің бері болса Еуропа байларының әм олардың үкіметтерінің қазіргі халі осындай, бұл екі таптың қазір аңдыспай, таласпай отырған елі жоқ.
1917 жылғы Россиядағы Октябрь төңкерісі жер-дүние еңбекшілерінің тәжірибелі қимылы. Жер-дүниені жаңғыртып салған ұраны биыл 6 жыл болғанда сол басталған қимыл зораюлы. Салынған ұран жер-дүниені қалтыратулы. Еңбекшіл таптың күші күннен-күнге өршуде, еңбекшіл тап бүгін болмаса, ертең жалпы жауын жеңбек!
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі