Мәңгілік қайта тұрмастай ұйқыға кетті деген қарт Түркия қазір оянып, жатқан орнынан тұрып, қайта жасап, жігерлі жаңа күшпен, жас қайратпен қимылдап жаңа тұрмысқа кірісе бастады.
Мың жылдан бері ислам дінінің бас айналдырған ауыр тұманында, қаһарлы сұлтандардың күллі дүниедегі мұсылман халықтарына көлеңкесін салған халифалардың қатқан шеңгелдерінде келе жатқан және ескілікке милары шіріген күллі молдалардың көрсеткен сасық, меңіреу жолдарымен келе жатқан Түркия қазір жаңа жолға түсулі.
Қазір Түркия ислам дінінің ауыр тұманынан, тар қапастан шықты. Қазір Түркия сұлтандардың, халифалардың қатқан шеңгелдерін қиратып, ілгері өнерлі халықтардың кең майданына шығып отыр.
Түркияда қазір патша, сұлтан жоқ.
Түркияда қазір күллі мұсылман халықтарына қара көлеңкесін салып тұратын халифа жоқ.
Түркияда қазір жаңа заң, жаңа закон, жаңа тәртіп, жаңа үкімет.
Түркияда қазір республика.
Жақын арада Түркияның Анкара деген қаласындағы күллі Түркияның тізгінін қолына алған, «Жоғарғы ұлт мәжілісі» деген Түркия халқының уәкілдерінің кеңесі шығарған жарлығы бойынша Түркияда енді бұдан бұлай халифа болмайтын болып, бұрынғы халифа һәм оның тұқымы Түркиядан қуылды һәм енді бұдан былай мемлекет істеріне, үкімет істеріне дін деген нәрсе қатынастырылмайтын болды. Мешіттердің пайдаларындағы мүліктер мемлекет қазынасына алынатын болды. Және барлық дін оқылатын мектеп, медреселердің бәрі де жабылатын болды.
Міне, осының бәрін істеуші түрік халқының әрбір уалаятынан сайланып келіп отырған Анкара қаласындағы уәкілдердің ұлы мәжілісі есімді жана үкіметі.
Бұл ұлы мәжілістің жоғарғы шығарған жарлықтары дінінен айырылмайтын, ері болса бүкіл мұсылман халықтарының, бері болса түрік халықтарының өміріне бір үлкен тарихи өзгеріс, тарихи жаңалық кіргізбек.
Бұл өзгерісті кім қуаттайды, кім қарсы, әрине, бұған молдалар қарсы, зор байлар қарсы, үлкен төрелер қарсы.
Ал Түркияның қалың бұқарасы, оқып жүрген жастары, жаңалықшыл оқығандары бұл өзгерісті қуаттайды.
Кешегі мәңгілік ұйқыға айналды деген, қартайып, қуарып, семіп құруға айналды деген, азып-тозып бітуге айналды деген Түркия нағып лезде серпіліп оянып, қайта жасарып, қайраттанып ілгері аттап жаңа жолға түсті.
Мұның қысқаша баяндамасы мынау:
Баяғы қылышынан қан тамған, барлық Еуропаны қорқытқан, көп жерді, көп халықты өзіне бағындырып алған сұлтандар, халифалар, ислам дінінің арқасында һәм өздерінің ауыр заңдарының арқасында, қара бұқара халықты езіп, қараңғылықта ұстап келгенінің арқасында, бірте-бірте күштерінен айрылып, Еуропа мемлекеттеріне бұрынғыдай қорқынышты емес бола бастаған.
Түркияның сұлтандары, халифалары, оның ұрпақтары, патшалары, төрелері, байлары қара бұқара халықтың табан ет, маңдай терін сыпырып алып, қара бұқара халықты діннің заңының қапасында ұстап, қара бұқара қара халыққа: «дінге, халифаға қарсы келсең дозаққа барасың, қарсы болмай діннің айтқанын қылсаң ұжмаққа барасың; ұжмақта хордың сұлу қыздарын құшасың...» — деп алдап, өздері күніне 5 уақыт намаз оқыған болып, үйірлеп жинаған қатындарының ортасында күркілдеп жүргенде, бұрынғы Түркияның күшіне бағынған халықтар бірте-бірте сұлтандардың, халифалардың тырнағына шыға бастаған.
Мәселен: Марокко, Алжир, Мысыр, Грекия, Румыния, Болгария, Албания, Сербия, Славян тәрізді халықтар Түркия сұлтандарының қаһарынан құтылып, әрқайсысы өз алдарына бөлініп кеткен.
Түркияны билеген сұлтан, халифалар, төрелер, молдалар халықты надандық меңіреуіне тастап, мешіттері мен үйірлі қатындарының сарайларында жүрген уақытта жалпы Еуропа халықтары тынбастан үсті-үстіне ұсталық, өнер-білім дүкендерін жасап, күллі құрғақ жерлерін ерсілі-қарсылы көк шыбық темір жолмен, телеграмм-телефонмен шырмап, түтіндетіп, гуілдетіп фабрик-зауыттарды жүргізіп, дүние айналған мұхит теңіздерді кек сауытты, зеңбіректі, түтіндерін будақтатқан жалмауыз кемелерімен қаптатып, дүниенің қожалығына таласа бастады.
Міне, сонымен Еуропаның халықтары күннен-күнге құлпырып, ілгері баса берді. Ал Түркия халқы күннен-күнге надандықтың тұманында шіри берді.
Келе-келе күллі жер-дүниені тінтіп, жан-жағын жалмай бастаған Еуропа мемлекеттері, Еуропа капиталы Түркияның өзіне ауыз сала бастады.
Түркиядан бұрын қорқатын мемлекеттер енді сылтау іздеп тиісіп, Түркияны тұс-тұсынан жұлмалай бастады. Түркиямен кім соғысса да жеңіп шығып, шет пұшпақтап, айнала тұжырып жерлерін ала бастады. Жеңетін күшті мемлекеттер Түркияның ішкі мемлекет шаруасына қол сұға бастады. Түркияның мемлекетіне керек-жарақ нәрселер беріп тұрмақ болып, Түркияның шикі, өлі нәрселерін күшті мемлекеттер жинап ала бастады. Темір жол, телеграмм, пароход, кең зауыттары, мылтық, зеңбірек — осылардай істерінің бәрін Еуропаның күшті мемлекеттері жасап бермек, жүргізіп бермек болып істің бәрін қолдарына алып, Түркия мемлекетін билеп әкете бастады. Сөйтіп Түркияның күллі саудасын, фабрик-зауыт істерінің бәрін Еуропа мемлекеттерінің байлары, капиталдылары еркімен билеп керіп әкетті. Түркияның өзінен шығатын шикізаттарының бәрін сорып, жинап, сыпырып, жалмауыздай жұта беретін болды.
Қысқасы, Түркия бір мүгедек, мешел адам тәрізді ғана болып қалды. Түркияда ерік қалмады. Еуропа капиталы темір шеңгелінеТүркияны әбден уыстап алды. Капитал билеген Еуропа мемлекеттерінің айтқандарын Түркияның сұлтандары, халифалары екі қылмайтын болды. Сонымен жылдар өтті...
Түркия бас көтереді деген, құрымайды деген адам болмады.
Міне, сондай халге келген уақытта, оқи бастаған жас түріктер ер жетіп, Түркияның ондай халіне шыдай алмай, 1908 жылы Түркияның сұлтан-халифасы Әбділхамитты тақтан түсіріп, орнына оның інісін қойып, Түркияның әр уәлаятынан уәкілдер шақырып, мемлекет істерін қарауға жиылыс қылып, мәжіліс ашты. Бұл жиылыстың шығарған қарары бойынша Түркияның билігін бұрынғыдай сұлтанның өзіне жеке-дара беріп қоя бермей, мемлекет істерін тексеріп отыруға әрдайым уәкілдердің мәжілісі болып отырмақшы еді.
Жас түріктер сұлтан-халифаны мүлде жоғалтуға, молдаларды үкімет істеріне қатыстырмауға іс қыла алмады. Оған жас түріктер бата алмай... жас түріктер Түркияға уақ-уақ қана жаңалық кіргізді, зор жаңалыққа бара алмады.
Біраздан соң жас түріктерді ескі түріктер қайта жеңіп, іс басына өздері қайта мінді.
1914 жылғы басталатын дүние жаһангерлер соғысына Түркия еріксіз кірді. Сұлтан-халифаның әмірі бойынша ғана соғысқа лажсыз шыққан Түркияның сорлы қара бұқара халқының мойнына бұрынғыдан да жаман соғыстың барлық ауырлығы түсті. Кедей Түркия бұрынғыдан да кедейлене түсті. Қара бұқара халық аштық, жалаңаштыққа ұшырады. Соғыстың ақырғы кезінде Англия, Франция, Италия, Грекияның теңіз жүзінде кемемен келген әскерлері Түркияның, Арабстанның Бағдат, Семирина.
Станболдарын алып қойды. Бірақ Түркияның сұлтан-халифасы Станболдың өзінде Англияның айтқанын қылып отыра берді...
Түркия енді өз алдына мемлекет деген аттан айырыла бастады...
Міне, сол қарсаңда, Түркия енді бітті, Түркия енді шындап тұрмайтын мәңгілік ұйқыға кетті; Түркия енді жоқ деп ойлады. Алайда түрік халқының ұлт сезімі оянып, буындырып, үнін өшіруге айналған Еуропа жалмауыздарына қарсы тұруға ашынған аюдай майданға шықты.
Еуропа капиталынан ұлтты қорғау ұраны лезде күллі Түркияға жайылды. Халықтың ұлт намысы лезде қайта қозып, күннен-күнге өршіп, қалың өрттей ұлт қозғалысы түрік халқын билеп әкетті. Лезде топ-топ болып ұлт әскері жасала бастады. Бұл ұранның туын көтерген Мұстафа-Камиль деген пашаТүркияның Арзум Сивас деген қалаларында жиылыс жасады. Сұлтан халифаға бағынбай «жоғарғы ұлт мәжілісі» деген кеңесті үкімет жасады. Бұл жиылыстарды һәм жаңа жасалған үкіметті әуелгі уақытта Еуропа мемлекеттері елемесе, біраздан соң Измида деген жерде Мұстафа-Камиль патшаның жасаған ұлт әскері ең бірінші рет Англия мен грек әскерлерін жеңгеннен кейін бұған Еуропа мемлекеттері ауыздарын ашып қарай қалды.
Не өлмек болып, не Еуропа жиһангерлерінен түрік халқын құтқармақ болып, белді байлап Мұстафа-Камиль бастаған түрік халқының ұлт әскері айлалы жаумен аюша алысып жатып алды.
1920 жылдың 23-сәуірінде болған жиылыстарында Түркияның бұл ұлт қозғалысының жасаған шарты, қылған серті мынау болды:
«...Англияның айтқанын қылып отырған сұлтан-халифаның жарлықтарына түрік халқы бағынбайды. Түрік халқының Мұстафа-Камиль бастаған ұлт әскері Еуропа жиһангерлерін Түркиядан қуып жібергенше қылыштарын қынаптарына салмайды. Енді бұдан былай Еуропа жиһангерлерін Түркияның мемлекет шаруасына һәм үкімет істеріне қол сұқпайтын қылады...»
Міне, ұлт қозғалысының ұстаған мақсаты, қылған серті осы еді.
Бұдан соң Түркияның ішіне кіріп алған Еуропа жиһангерлері мен түрік халқының Мұстафа-Камиль бастаған ұлт әскерінің үлкен белдескен жері: Анатолия уалаятында және Семирина маңында болды, Түрік халқының ұлт әскерімен бұл уәлаяттарда соғысқан грек әскері еді.
Ұзақ аңдысып, не жеңуді, не тегіс қыруды серт қылып қажымай белдескеннің соңында, 1922 жылы тамыз айында Сахария деген өзеннің маңында Мұстафа-Камильдің ұлт әскері гректерді быт-шыт қылып жеңді. Сонан соң 1922 жылдың қыркүйегінде гректерді Семиринадан қуды.
Гректер соғыс майданында жеңілген соң, Еуропа жиһангерлері түрік халқын тегіс қырып тастамаса, бағындырып ала алмайтынын білді...
Англия мұрындық болып Еуропа жиһангерлері тезінен Лозанна деген қалаға бітім жиылысын шақырды. Бұл Лозанна қаласында шақырылған бітім жиылысына түрік халқының Мұстафа-Камиль бастаған жаңа үкіметінің атынан бастығы Есмет паша болып уәкілдер барды. Бұл бітім жиылысына Кеңес үкіметіне де шақыру келген соң, Кеңес үкіметінің атынан да Чичерин бас болып уәкілдер барды. Бітім жиналысында Кеңес үкіметінің уәкілдері түрік халқының жаңа үкіметінің уәкілдерінің тұтынған жобаларын қуаттады.
Ұзақ сөз, ұзақ арбасу, ұзақ тартыстан соң белдескен жауын қан майданда жеңген Есмет паша сөз майданында да жауын жеңіп, айтқанын қылдырып шықты.
Жаңа жолға, жаңа майданға түскен түрік халқының Мұстафа-Камиль һәм Есмет бастаған ұлт әскерінің һәм жаңа үкіметінің жауларын қан майданда, сөз майданында жеңуіне Россияның Кеңес үкіметі үлкен күш, үлкен медеу болды. Өйткені 1921 жылғы 16-наурызда Кеңес үкіметі мен түрік халқының Мұстафа- Камиль бастаған жаңа үкіметтің арасында келісу (договор) болған. Міне, бұл келісу Мұстафа-Камиль үкіметіне үлкен күш болды. Бұл келісудің түрік халқына үлкен күш, үлкен медеу болғанының үлкен бір мәнісі мынау:
Мұстафа-Камиль бастаған түрік халқының ұлт әскері Еуропаның жиһангер обыр-жалмауыздарына қарсы соғысып жатты. Ал Россияның кеңес үкіметі де Еуропаның жиһангер, обыр-жалмауыздарымен қан майдандарында белдесіп, күресіп, жеңіп һәм жеңген соң да қатты арбасып жатты. Сол себепті, түрік халқының Мұстафа-Камиль бастаған жана үкіметі Россияның кеңестік социалшыл үкіметіндей еңбекшіл таптың ғана үкіметі болмаса да, әйтеуір, өзі жиһангершілік ниетімен соғысып жатпаған соң һәм және соның соғысып жатқаны Еуропа жаулары болған соң қандай ретте болса да Кеңес үкіметі түрік халқының бұл жаңа үкіметіне ниеттес болды. Мұны күллі дүние біліп отырды. Жаңа Кеңес үкіметінің күллі жер-дүниені солқылдатқан қызыләскерінен Еуропа жиһангерлері үлкен қауіп қылып отырды...
Сөйтіп Лозаннадағы бітім жиылысында түрік халқының уәкілдері жауына айтқанын қылдырды. Бітім шарты жасалды. Бітім шартын екі жақ бекітті. Бұл бітім шарты бойынша Англия бас болған Еуропа жиһангерлері түріктің жерлерін өзіне қалдырып, Станиолдан кетті.
Мінекей, сөйтіп, сыртқы жауы — Еуропа жиһангерлерін жеңіп, Түркия мемлекетін жаудың темір тырнағынан босатып алған соң, енді Анкара қаласындағы түрік халқының Мұстафа- Камиль бастаған ұлт үкіметі ішкі жауларын жоқ қылуға кірісті һәм іркілмей жаңа заң, жана тәртіп орнатуға кірісті.
Кіріскені сол: сұлтандықты-халифалықты жоқ қылып, Түркия үкіметін жалпы халықтың республикасы қылды. Халифаны тұқымымен Түркиядан кетірді. Дін істерін мемлекет, үкімет істерінен бөліп тастап, енді бұдан былай дінді үкімет істеріне қатынастырмайтын болды. Мешіттердің барлық мүліктерін мемлекет қазынасына алды. Дін оқылатын мектеп-медреселердің бәрін жапқызды һәм басқа да талай жаңа закондар шығарды.
Қазір қуылған азбан халифа Швейцарияда. Анкарадағы түрік халқының жана үкіметінің бұл істеген істеріне «риза емеспін...» — деп айтады дейді. Кейбір араб халықтарының һәм Мысыр, Марокко халықтарының әмірлері, хандары «Мұсылман халықтары халифасыз тұруға мүмкін емес, Түркия халифаны керек қылмаса біз халифа боламыз...» — деп жатқан көрінеді. Арабиядағы Құсайын деген әмір өзін-өзі «халифамын» деп жариялапты. Үндістан мұсылмандарының һәм Мысыр мұсылмандарының хансымақтары һәм молдалары күллі жер дүниедегі халықтарының жиылысын шақырып, халифа мәселесін шешу керек деп жатқан көрінеді.
Әрине, халифа туралы қазір барлық мұсылман жерлерінде сөз көп, ол сөздерді қоздырып жүргендер: Түркияның жаңа үкіметінің жаулары, бұрынғы азбан халифа-патшашылдар, әр жердің сұлтансымақтарды, мүфтилері, молдалары, ишандары һәм басқа осындай халықтың жаулары.
Халифаны жойғанда Түркияның жаңа үкіметі мұны білмей істеген жоқ.
Түріктің белгілі мақалы бар, «Ит үреді, керуен көшеді» деген... керуен жүре бермек... иттер үріп қала бермек...
«Жер-дүниедегі барлық мұсылман халықтарының діни бастығы халифа, мұсылман халықтарына халифа керек...» — деп жұртты адастырған сөзді бір жағынан астыртын қоздырып отырған қазіргі Еуропа мемлекеттері. Олардың өйтіп отырғандары: өздерінің айтқандарын қылып отыратын біреуді «халифа» қойып, діннің тұманынан әлі құтылмаған мұсылман халықтарын бағындырып отырмақ.
Сол арам ниетпен Англия, Франция, Италияның әрқайсысы Африка мен Азиядағы өздерінің билеп отырған мұсылман халықтарынан халифаның шіріген тахытына астыртын әркімді лайықтап жатыр. Әрқайсысы әртүрлі сұрқия саясатты жүргізіп жатыр... әрине, мұның бәрі де иттің үргені, жалмауыздың белгілі қара ниеті. Түркияның жаңа үкіметі тарихи іс істеді. Қорықпай- ақ ілгері қарай аттады. Халифа-сұлтандардың, молдалардың мың жылдан бері мұсылман халықтарын надандықта зеңгітіп келген тұманынан шықты. Түркияның тарихы жаңадан басталды. Енді бұдан былай Түркияда еңбекшіл таптар сезімі оянбақ. Енді бұдан кейін Түркия тарихының ендігі бабын еңбекшіл тап жазбақ. Жалпы адамзаттың бақытты бауырмалдық тұрмысына Түркияны еңбекшіл табы жеткізбек. Әрине, жол қиын, жүк ауыр, жол бойы, әр асуда, әртүрлі ит үре бермек... Ал керуен жүре бермек. Керуеннің ақырғы көшбасшысы түріктің еңбекшіл табы болмақ.
1924 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі