4-қаңтарда Қазақстанның 4-жалпы кеңес жиылысы ашылмақ. Жиылыста қаралатын мәселелер мынау:
1) Жалпы Россиялық Кеңес республикаларының одағының ішкі әм сыртқы жайы.
2) Қазақстан үкіметінің істеген істері туралы баяндама.
3) Қазына-ақша комиссариатының кіріс-шығыс туралы баяндамасы.
4) Ауыл шаруашылығын оңдау туралы Қазақстанның жер-су комиссариатының баяндамасы.
5) Сауда әм кәсіп туралы баяндама.
6) Кенес құрылысы туралы ішкі істерді басқаратын комиссариаттың баяндамасы.
7) Қазақстанды аудандау туралы баяндама.
8) Қазақстанның негізгі заңы туралы баяндама.
9) Қазақстанның Орталық Кеңес комитетін қайта сайлау.
Қазақстанның 4-жалпы жиылысының алдына түсейін деп отырған мәселелердің бәрі де зор мәселелер. Ал олардың ішінде Қазақстанның жанына қазір өзге мәселелерден артығырақ сезіліп тұрған мәселелер:
Бірінші — Қазақстанның ақша, қаражат, кіріс-шығыс мәселесі. Екінші — Қазақстанның ауыл шаруашылығын оңдау мәселесі, үшінші — Қазақстанның сауда әм төртінші — Қазақстанның кеңес құрылысы турасындағы мәселе.
Жоғарғы айтылған мәселелердің Қазақстанға өзге мәселелерден гөрі мағынасының зорлау екенін жұрттың көбі-ақ білсе керек. Ақша, қаражат болмаса, қандай істеймін деген істерін кім болса да жүзеге асыра алмайды. Ақшасыз оқу істерін жүргізу, ақшасыз аурухана, дәріханалар істерін жүргізу, ақшасыз нашар елде қандай ретпен болса да жәрдем, көмек беру мүмкін емес. Бұл — бір; екінші — осы күнге Қазақстанның қазіргі ауыл шаруашылығы оңалмай, үкіметтің кірісі де көбеймейді, істері де оңбайды. Қазір Қазақстанның кірісінен шығысы көп. Ал Қазақстанның шаруашылығының дені — ауыл шаруашылығы. Егерде ауыл шаруашылығы оңалмаса, Қазақстанның шығыс-кірісі теңеледі деуге мүмкін емес.
Үшінші — Қазақстанда қазір сауда, кәсіп деген мәселе бір жанға бағулы мәселе.
Қаланың қолынан шыққан нәрселер ауылдың қолынан шыққан нәрселерден бес есе қымбат. Қазір бір қой сатқан кісі тәуір бір киім ала алмайды. Үкімет тарапынан сауда қылып жүрген мекемелердің нәрселерінен жай саудагердің нәрселері арзанырақ. Өзі кедей болған ел халқын саудагерлердің қазіргі жеуінде хисап жоқ.
Қала қолынан шыққан нәрселердің өте қымбат болатын себебінің бірі — соғыс уақыттарында бүлінген өнеркәсіп дүкендері күні бүгінге шейін оңала алмай, бұрынғыдай жүріп кете алмай жатыр.
Содан соң Қазақстанның әлеумет тұрмысында бір керекті мәселесі — кеңес құрылысы. Кеңес құрылысы болғанда, алдымен кеңселерде қазақ тілін жүргізу мәселесі.
Бұл жалпы Қазақстанда көңілдегідей ілгері баса алмай тұрған мәселе. Міне, Қазақстанның 4-кеңес жиылысына келген еңбекшіл тап уәкілдерінің ең жете қарап, тексеретін мәселелері осы.
4-кеңес жиылысына келген уәкілдер осы айтылған мәселелер туралы қандай кемшіліктер бар әм бұл мәселелер қайткенде оңалып кетеді, соның бәрін ойлап, жете қарастырып, жете тексеріп көңілдегі нұсқаларын айтулары керек.
1924 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі