Үстіміздегі 1924 жылдың өткен қаңтар айының ішінде Мәскеуде болып өткен ІІ-жалпы Россиялық кеңестер жиылысында әм онымен жалғас болған кеңес республикаларының жалпы одақтық кеңестер жиылысында тарих жүзінде ізі қаларлық әртүрлі тарихи істер болды. Олар мыналар:
Бірінші, бұл жиылыстарда жалпы Россияның шаруашылығының оңала бастағаны айқын көрінді әм ілгеріде көңілдегідей оңалып, көркейетіні көрінді.
Екінші, бұл жиылыстардың уақытында жалпы дүние еңбекшілердің көсемі әм Россияда Кеңес үкіметін орнатқан Ұлы Октябрь революциясының көсемі жолдас Ленин өлді.
Үшінші, Кеңес үкіметі орнағаннан бері танымай келген Еуропаның күшті үкіметтері осы болып өткен жиылыстардың үстінде Кеңес үкіметін «шын үкімет» деп тани бастады. Бұл өткен жиылыстардың үстінде Кеңес үкіметін өзімен «тең үкімет» деп жер жүзінде не зор күшті мемлекеттердің ішінен ең бұрын таныған Англия.
Төртінші, бұл болып өткен жиылыстарда ең бірінші мекеме — Россиядағы ұлттардың кеңесі сайланды. Бұл мекеме — күллі Россиядағы барлық ұлттардың ен жоғарғы бас мекемесі. Мұны қысқартып айтқанда: ұлттар кеңесі дейді.
Міне, осы төрт уақиғаның бәрі де Россияның ұлы революциясының тарихындағы ылғи зор уақиғалар.
Жалпы Россия шаруасының түзеле бастағаны мынадай екен.
1922 жылы жалпы Россияда 51 миллион десятина егін салынған екен. Ал 1923 жылы 61 миллион десятина егін салынды. Бұл есепке қарағанда, 1916 жылғы егіннің бұл 100 үлесінің 75 үлесі (75 проценті) болады.
1922 жылдан жалпы Россияда ірі малдың саны өткен 1923 жылы 4 миллион артыпты.
Ал кендір, мақта деген заттар да 1922 жылдан көп артқандығы көрінеді. Міне, бұл мысал үшін көрсетілген осы сандар егінші ауыл халқының шаруасының ілгерілегенін көрсетеді. Енді өнер, дүкен, кәсіп ретіне келсек: оның да ілгері басқандығы көрінеді.
Мәселен, 1921 жылы жалпы Россияда 464 миллион пұт тас көмір шығарылған, ал 1922 жылы 589 миллион пұт шығарылған. Ал 1923 жылы 548 миллион пұт шығарылған.
Қай мемлекет болса да тас көмірсіз күн көре алмайды. Тас көмір ең бірінші керек нәрсе. Ал темір мен шойын 1922 жылдан 1923 жылы екі есе көп шығарылды.
Енді кездеме, мата тоқитын өнеркәсіпке келсек, бұ да көтеріле бастаған көрінеді.
Мәселен, 1922 жылы жалпы Россияда 3065 пұт нәрсе тоқылса, 1923 жылы 4515 мың пұт нәрсе тоқылыпты. Міне, бұл өте керекті, өте қажет нәрсе екенін жұрттың бәрі біледі. Жалпы Россияның ауыл-поселке халқына өте қажет нәрсе осы мата болады. Бұл мата көбейіп әм арзандаса, ауыл халқының шаруасына тиімді болады.
Онан соң, ақша жағынан да Кеңес үкіметінің ісі оңала бастағаны айқын көрінеді. Жоғарғы айтылған жалпы кеңестер жиылысы қаулылар шығарды. Ол қаулыларында: «енді, мына бағасы әбден төмен түсіп бара жатқан кеңес ақшасы қалсын, шығарылмасын, жаңа күміс ақша шығарылсын»делінген. Міне, бұл қаулы бойынша бұдан былай бұрынғы кеңес ақшасы жасалмайтын болды. Қазіргі жұрттың қолында жүрген қағаз ақшаларды бірте-бірте қазына жинап алатын болды әм жақын арада бес сомдық, үш сомдық, бір сомдық күміс ақшаның барабар болатын жаңа ақшалар шықпақ болды және күміс ақшалардың өзі де шықпақ болды.
Жалғыз-ақ жалпы Россияда әлі де нашар болып тұрған сала — мемлекет саудасы әм кооперация екені айқын көрінді. «Кооперация» деген — ортақ серік сауда, яки ортақ серік кәсіп деген сөз.
Мемлекет саудасы мен кооперация істерін басқаратын мекемелердің нашар жұмыстары салдарынан хал өте ауыр, заттар өте қымбат болып тұрғаны айқын көрінді. Мәселен, қала қолынан шығатын: мата, шай, секер, шырпы, шам, сабын, тарақ тәрізді нәрселер өте қымбат, ал ауыл-поселке қолынан шығатын: астық, тірі мал, ет, сүт, тері-терсек, жүн, қыл тәрізді нәрселер өте арзан.
Жоғарғы айтылған жиылыстар, міне осы айтылған қала қолынан шығатын заттардың бағаларын бұрынғыдай теңеуге қаулы қылды.
Сөйтіп, жалпы халық шаруасының тағы да ілгері басып, оңалуы үшін түрлі қаулылар шығарып жүзеге асыруды сол жиылыста сайланған жоғарғы үкіметке тапсырды. Ол тапсырған істердің ең зорлары мыналар:
1) Әлі де болса ауыл шаруашылығының жөнделіп, күшеюіне қандай ретпен болса да үкімет тарапынан жәрдем беру.
2) Ауыл қолынан шығатын нәрселер мен қала қолынан шығатын нәрселердің бағаларын теңеу.
3) Ортақ серік сауда ұйымдарына әм кәсіп ұйымдарына үкімет тарапынан жәрдем қылып, олардың санын көбейту.
4) Өнеркәсіп (зауыт, фабрика) дүкендерін күшейтіп, жөндеп, жүргізіп, олардың шығаратын заттарын арзандату.
5) Мемлекет саудасын халыққа әм мемлекетке де пайдалы қылып жүргізу.
6) Және жоғарғы айтқандай, ақша айналымын жақсарту үшін ақша шығару, күміс ақша шығару.
Міне, осының бәрі, кеңес республикаларының жалпы шаруа жайының оңдала бастағанын көрсетеді.
Англияның әм оның соңынан Италияның Кеңес үкіметін өздерімен тең санап, Кеңес үкіметін үкімет деп танығандық тары да сол жоғарғы айтқан жалпы кеңестік Россияның шаруа жайының оңала, күшейе бастағандығын көрсетеді. Жоғарғыда айтқандай, бұл болып өткен жиылыстардың бұрынғы жиылыстардан гөрі белгілі әм атақты болғандығы — жиылыс уақытында Еуропаның Кеңес үкіметін алғашқы танығандығы. Ұлы Лениннің жиылыс уақытында қаза болғаны және ең бірінші рет жалпыроссиялық республикалардың ұлт кеңесінің сайланғандығы. Ұлт кеңесіне әрбір республикалы ұлттардан бестен кісі кірді. Уақ автономиялы аймақтардан бір кісіден кірді.
Міне, болып өткен II жалпыроссиялық кеңестер жиылысының әм республикалар одағының 2-жиылысының белгілі істері осы.
1924 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі