(Білім кеңесінің бір мүшесіне)
«Ақ жол» газетінің 417-нөмірінде Қазақстанның «Білім кеңесінің бір мүшесі» деп қол қойып, менің «Еңбекші қазақ» газетіне Білім кеңесінің істері туралы жазған сөзіме қарсы бір кісі едәуір сөз жазыпты.
Егерде жазған сөздерінің астына жазушы «Білім кеңесінің бір мүшесі» деп қол қоймаған болса, мен бұл сөзді жазбай-ақ қойған болар едім.
Қазақстанның Білім кеңесінің бір мүшесі болып отырып, бұ кісі ондай сөз жазған соң, бұл кісінің теріс ұғынуларын ұғындыру үшін әм және бұл кісі Қазақстанның Білім кеңесінің бір мүшесі болып отырып, менің жазған сөзімді «орынсыз жала» деп Орынбордағы қазақ газетіне жазбай, басқа республиканың газетіне жазғанын лайықсыз мінез деп тапқандықтан, бұл сөзді жазып отырмын.
Қазақстанның «Білім кеңесінің мүшесі» менің жазған сөзімді қате деп тапса, сол Білім кеңесінің жанындағы қазақ газетіне жазуы лайық еді. Егерде Білім кеңесінің жанындағы қазақ газеті «Еңбекші қазақ» оның жазғанын баспаса, сонда барып, шет жерлердегі газеттерге жіберсе орынды болар еді. Бұлай болғанда «Еңбекші қазақ» әм оны шығарушыға Білім кеңесі мүшесінің сөзін баспау үлкен айып болар еді. Мұны Білім кенесінің мүшесі істемей отыр. Кеңес үкіметінің газеттерінің біреуі өзімсініп, біреуін жатқа балап, үн жоқ, түн жоқ Орынборда «Енбекші қазақтың» қасында отырып, басқа газетке жазып жіберіп отыр.
Менің ойымша бұл үлкен ұят. Бірінші, білім кеңесіне ұят, екінші, бізге де ұят. Үшінші... жоғарғы сөзді жазушыға да ұят дер едім. Бірақ ол әдейі «бүйректен сирақ шыға берсін, күл болмаса, бұл болсын...» деп жазып отыр ғой. Оған ұят емес. Бірақ айтар: «Сәкен Қазақстанда, Орынборда, іс басындағы адам, комиссар әм Орынборда қазақ газеті соның қолында, сол себепті жазған сөзімді Орынборда бастырмайды ғой деп, басқа республикаға жібердім», — деп айтар.
Бірақ осылай деп айтса да орынсыз болар еді. «Еңбекші қазақ» газетінің бас жазушысының бірі Білім кеңесінің бастығы жолдас Жолдыбайұлы ғой. Мен Білім кеңесі туралы қысқаша мақаламды жазғанда «іс басындамын», «комиссармын», «бұған қарсы жазған кісінің сөзін Орынборға бастырмаймын» деп айтқан жоқпын.
Қазақстанның Білім кеңесінің атынан жазып отырған Білім кеңесінің мүшесінің сөзін баспасқа «Еңбекші қазақ» газетінің ешбір еркі жоқ, Кеңес үкіметінің ілгергі адамының бірі болып жүрген Тұрар Рысқұлұлының сөздерін кекетіп, Кеңес үкіметінің өзін «жауы» санап Еуропада қаңғырып жүрген Мұстафа байғұс Шоқай баласы шет мемлекеттің бірінде шығатын ақтардың бір газетіне бір «ұзыннан ұзақ, көкке тұзақ» алжыған азбандарға болмаса, ешкімге керегі жоқ бір көк мылжың сөзді жазып еді. Бірақ бұл жерден Мұстафа бейшараны айыптауға болмайды. Өйткені оның запырандай сандырағын кеңес республикасының газеттері баспайды ғой. Ал Қазақстан газеттеріне баспай, басқа республиканың газетіне мінеген сөздерін жіберуге білім кеңесінің мүшесі Шоқай баласы емес те, мен Рысқұлұлы емеспін ғой. Және «Еңбекші қазақ» Кеңес үкіметінің газеті болғанда, «Ақ жол» да Кеңес үкіметінің газеті ғой.
Большевик комиссарларын жек көрген кісі бәрін бірдей жек көреді. Большевик газеттерін жақтырмаған кісі бәрін бірдей жақтырмайды. «Азаматпын» деген кісілерде бір қатты тұтынған жол, иман болу керек қой (принцип); тым болмаса, өзінен-өзі жүріп-ақ қоянша көлеңкесінен үркіп жүрген, ешкім елеп, «жер үстінде бір Шоқай баласы деген бар еді демесе де, өзін Кеңес үкіметінің дұшпаны» санап, Дон Кихотқа ұсап жүрген Мұстафа сорлының принципіндей болсайшы... А-а... байқамай мәселеден шығып та кеттім. Жә... енді мәселеге келейік.
Білім кеңесінің мүшесі айтады:
«Білім кеңесінің істеген маңызды істерінің бәрі де «Қызыл Қазақстан» әм «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланып отырылды. Сәкен мұны неге көрмейді», — дейді. Дұрыс айтады. Жарияланып отырылмады дегенім жоқ. «Көптің талқысына түсіп отырылмады» дегенмін.
Білім кеңесі емле әм пән сөздерін жариялағанда жұрт сол қолдансын деген ретпен ғана жариялап отырды. Ал менің ойымша: емле әм пән сөздері тәрізді мәселелерді әуелі баспасөз жүзінде әм басқа ретпен де әбден көптің талқысына салып алу керек еді. Өйткені менің ойымша көп сөздер білім кеңесінде қате шешілген. Мұны жазу танитын әм тіл білетін қазақтың көбі айтады. Оған дәлел — қазақтың ескі, зор жазушысы Мұқаметжан Сералыұлының газет беттеріндегі сөздері.
Және маған кейиді: «Сәкеннің білім кеңесінің істеген істеріне риза емес екендігін бұрын да білеміз» деп, интернационалды білім кеңесі айтқандай «бибауырмал» деп айту дұрыс емес екендігі жөнінде менің бір жазған кішкене ескертуімді дәлел қылып келтіреді.
«Сәкен білім кеңесінің барлық ісіне риза емес» деп айту тым қате болар. Ал менің ойымша былай қылса дұрыс болар еді деген сөзді айрықша жариялап айтып отырмын. Менікі қате болса, қатесін айту, көрсету керек қой.
Сөз көптің ортасына, талқыға түссін, біреудің білмегенін біреу білер деген ниетпен газетке жазып отырмын ғой. Әйтпесе білім кеңесі өзіміздің мекеме ғой. «Бұлай қылса дұрыс болады» деген сөзді газет бетіне жарияламай-ақ жеткізуге болар еді ғой.
Және маған: «Интернационалдың» мағынасын «Сәкен тапты деп жұрт шу ете түскен жоқ» дейді.
Рас, күллі Қазақстан шу ете түскен жоқ. «Интернационалдың» дәл мағынасын Сәкен тапты деп шу ете түспегенмен Білім кеңесінің теріс аударуын Сәкен тапты деп газет оқитын әм орысша білетін адамдар шу ете түсті. (Шу ете түсті деген сөз орынды болса) ешкім білім кеңесінің «бибауырмалы» дұрыс деп айтқан жоқ. Сондағы газеттерді оқыңыз әм Мұқаметжан Серғалыұлының сөздерін оқыңыз. Бұл туралы маған қыстыкүні Ахмет Байтұрсыновтан қай жағынан болса да кем емес деп жүрген Елдес Омарұлы келіп, біраз сөз айтқан... Оған да мен мәселені газет бетіне, көптің талқысына сал деген едім. Ол ауырып қалды.
Және менің: «Білім кеңесі Орынбордағы қазақтың білетін адамдарымен пайдаланып істей алмады...» дегеніме Білім кеңесінің мүшесі айтады:
«Біз жақын арада бір жиылысқа Орынбордағы барлық жауапты іс басындағы адамдарды шақырдық. Мәселен: Нұрмақұлы, Залиұлы, Меңдешұлы, Әлібекұлы, Қасаболатұлы... әм басқалар» дейді.
Бірақ бұл жиылысқа уақытым жоқ деп «Сәкен келмей қалды» дейді. Мәселе: бір менің келу-келмеуімде емес... Мәселе Білім кеңесінің жұмысына жауапты іс басындағы адамдардың бәрі болмаса да біразының келіп тұруында ғой. Олай болғанда жоғарғы айтылған адамдар, білім жиылысында сол бір реттен басқа неше рет болды екен?.. Неше рет шақырылды екен? Бұлардың қолдары бос уақыттарында шақырды ма екен? Жұрттың қолдары бос уақытын көздеп, Білім кеңесінің жиылыстары шақырылды ма екен? Жоқ, өйткен жоқ...
Мінекей, айналасы мәселенің азырақ, терісірек жан алған жерлері осылар ғана.
Менің ниетім біреуді кеміту емес. Менің ниетім Қазақстанның Білім кеңесінің істерінің көлемін зорайту, емле, пән сөздері әм басқа сондай мәселелерді қай ретпен болса да көптің талқысына салып отырғызып, Қазақстанның барлық кәрі-жастарының күштерін, білімдерін пайдаландыру.
Сол себепті сөз қозғала берсін деп мәселені газет бетіне шығарған едім. Әйтпесе еріккендік емес, сөз таба алмағандық емес. Іс таба алмағандық емес. Іс тіпті көп, істеуші аз. Оған бір кісі айыпты емес. Егерде істеуші көп болса, бүйтіп екі тудың астындағы егескендерше әр жердегі газетке сөз жазысып отырмас едік.
Білім кеңесі де, «Еңбекші қазақ» та Қазақстандікі, екеуі де Қазақстандағы кеңес үкіметінікі, бірінен бірін айыру достық емес. Біреуін өзімсініп, біреуін жатсыну достық емес.
Кімде-кім бір жұмысқа кірген соң, таза ұжданмен міндетті істерін дұрыс атқарып отыру керек. Іштен, кезі келген кезіңді аңдып, өзі шетіне жегілген ауыр арбаның дөңгелегін шырмап, шатастыра беру шын азаматқа лайықсыз мінез.
Білім кеңесінің бастығы «Еңбекші қазақ» газетінің бас жазушысының бірі жолдас Жолдыбайұлы бұл мәселенің түбіне көзін жіберер. Білім кеңесі туралы жазылған мақалалардың бәрін сол өзі жазысып отырған «Еңбекші қазақ» газетінің бетіне бастыртып отырар. Әлі де болса біздің тілек: Білім кеңесінің істерінің көлемінің зораюы. Қазақстанның білер деген адамдарының білімдерінен көбірек пайда шығару. Білім кеңесі емле, пән сөздері тәрізді мәселелерін көптің кеңесіне салынып отырылуы керек.
1924 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі