Қосшы ұйымы ауылдың кедейлері мен жалшыларының ұйымы. Қазақстанда қосшы ұйымы Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, әуелі Жетісу, Сырдария губернияларында жасалған. Қазақтың өзге губернияларында қосшы ұйымы былтырдан бері ғана жасалып отыр.
Сондықтан бұл ұйым — жас ұйым. Әсіресе былтырдан бері ғана губернияларда бұл ұйымның жасалуы жаңа басталып отырған жұмыс.
Кеңес үкіметінің сүйеніші жұмыскер, жалшы, кедей табы болғандықтан, қосшы ұйымы Кеңес үкіметінің ауылдағы сүйеніші.
Ресейдің орталық губернияларындай емес, өнеркәсіп дүкендері азғантай, көзі ашық, ұйымдасқан жұмыскерлері азғантай Қазақстанда кедей жалшыларды ұйымдастырып отырған қосшы ұйымының мәні бар. Әрбір жаңа ісі ә дегеннен көңілдегідей болып жүріп кетпейді. Әрбір жас тума ә дегенде тәлтіректеп, сүріне-қабына аяқ басып барып түзеліп, нығайып кетпек. Әрбір жаңа істің ә дегенде қателері көп болуға мүмкін, жаңа жұмыстан қате көрінген сайын, ол қате түзетіліп отырылса, тәжірибе болып, іс оңала бермек, қос жүре түзелмек.
Қосшы кедей мен жалшы ұйымы болған соң бұл ұйым ауылдағы сол кедей мен жалшылардың пайдасын көздейді. Солардың дегенін үстем қылып, солардың мақсатын іске асыруға тырысады. Сондықтан коммунистер ұйымы ауылда Кеңес үкіметіне сүйеніш те болмақ, ие де болмақ. Ауылдағы жалпы кеңес құрылысын жасаушы да болмақ.
Сөйтіп, Коммунист партиясын көшбасшы қылып, ауылдағы қосшы ұйымы социалшылдық құрылысына қадам баспақ.
Социалшылдық құрылысы жұмыскер, жалшы, кедей табының жалпы еңбекші табының көздеген түпкі мақсаты, жалпы еңбекші таптың көшбасшысы — Коммунист партиясы. Сондықтан Коммунист партиясы бастаған енбекші таптың мақсатына бөгет болатын, еңбекші таптың мақсатын өз мақсатым деп санамайтын адамдар қосшы ұйымына кіргіз ілмеулері керек.
Бұлар қандай адамдар?
Бұлар, әрине, алдымен байлар, саудагерлер, төре болғандар, молдалар, ишандар, Николай заманында ұлық болғандар, «алашорда», Колчак замандарында «атқа мінгендер».
Қосшы ұйымы осыған мықты, қатты тұруы керек, қосшы ұйымының ең бірінші ісі осындайлардан таза болуы. Ұйымға кіріп кетіп, астыртын өз тілектерін қолданып жүрген ондайлардан тезірек құтылу керек. Онымен қатар, қосшы ұйымы ауылда Кеңес үкіметінің құрылысына белсене қатысып, тиісті жүгін мойнына алуы керек.
Кеңес үкіметінің құрылысы деп жалпы кеңінен айтқанда, социал шылық құрылысына бет алатын қазіргі ауылдағы жасалған және жасалатын істердің бәрін айтамыз.
Мәселен, ауылдық кеңестер, болыстық исполкомдар, бұлар арқылы істелетін жер-су пайдаланулары, школ-мектеп құрылыстары және оларды пайдаланулары, кәсіподақтары, керек-жарақ алдырып тұратын одақтар, орта серіктер, әртүрлі кооперативтер және осылар тәрізді істер.
Міне, ауылдағы осындай істерге Коммунист партиясы бастаған қосшы ұйымдары белсене кірісіп, тиісті қызметін атқарып, Кеңес үкіметінің негізгі тіреуі екенін көрсетіп отыруы керек.
Әрине, ең алдымен ауылдық кеңес, болыстық исполком сайлауларына белсене кірісіп, тиісті орын алу керек. Ауылдық үкіметке кірісіп, жалпы Кеңес үкіметінің нұсқауымен еңбекші табының әкімшілігін жүргізіп, мақсаттарын іске асырып отыру керек. (Мәселен, жер-суды пайдалану, школ-мектептерді пайдалану, кооперативтерді билеп әкету, үкіметтің түрлі жәрдемдерін пайдалану). Ауылдағы үкімет ісіне толық кіріспей, өзге істерге қосшы ұйымы көңілдегідей кірісе алмайды. Тиісті жеміс шығара алмайды. Содан соң қосшы ұйымы, ұйымға жаңа мүшелер алғанда және ауылдағы кеңес құрылысына қатысқанда тұқымға, руға жіктелуден сақ болуы керек. Қосшы ұйымына қай тұқымның, қай рудың болса да жалшылары, кедейлері бірдей. Жалшылардың, кедейлердің ала-құласы жоқ. Тұқымға, руға жіктелуден байлар ғана пайда көреді. Кедейлерге, жалшыларға одан зияннан басқа ештеңе жоқ. Қосшы ұйымы осыны естен тастамай, қатты ұстауы керек.
Әрине, қазір ауылда кедейлер мен жалшылар арасында хат білетіндер шамалы. Кей жерлерде тіпті жоққа тандық. Сондықтан мүшелерінің дені хат білмейтін болған соң ұйымы ә дегеннен көңілдегідей болып, тиісті істерін толық меңгеріп кете қояды деу қиын. Сонда да қосшы ұйымы іске жасқанбай белсене кірісіп, ауылдағы Кеңес үкіметінің құрылысына қатысса, алдымен ауылдық кеңесте, болыстық исполкомда тиісті орын алып отырып, ел шаруасын билеу жұмысына қатысса,— байлардың әкімдігі жойыла бастар еді. Қосшы ұйымының мүшелері бірте-бірте іс үйренеді, мектептерден, курстардан тиісті орындарын алып оқып, бірте-бірте хат таныр еді. Бірте-бірте іс үйреніп, хат таныған сайын қосшы нығайып, мойнына артылған тиісті жүкті сүрінбей алып жүретін халге жетер еді.
Сөйтіп, Коммунист партиясын басшы қылған қосшы ұйымы ауылдағы кеңес құрылысының түрлі істерін жасаушы болар еді.
Жақын арада бүкіл Қазақстанда кеңес сайлауы болады. Бұған тағы да былтырғыдай ауылдағы байлар түрлі айламен қатысуға жанталасып кіріседі. Өздері кеңеске кіре алмаса, айтқандарын істеп отыратын адамдарын кіргізуге тырысады. Кеңесті өз дегендеріндей қылып шығару үшін жұмсамайтын күші, жұмсамайтын амалы, тәсілі қалмайды. Осыны еске алып, енді байларға қосшы ұйымы жол бермеу керек. Коммунист партиясының басшылығында қосшы ұйымы жасқанбай, ауылда нағыз толық Кеңес үкіметін жасауға, жалпы кеңес құрылысын жасауға белсеніп кірісуі керек. Сонда ғана қосшы ұйымы тиісті жүгін мойнына алған болады.
1926 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі