Соңғы уақыттарда «атқамінер» деген сөз қозғалып жүр. «Еңбекші қазақтың» соңғы нөмірлерінде бұл мәселе талқыға түскен тәрізді.
Мәселені талқыға салушылардың айтуынша, «атқамінер» әртүрлі көрінеді.
Орынбек: «Бай табының атқамінері өз алдына және кедей табының атқамінері өз алдына», — дейді. Тоты:
«Атқамінер»—бай табы мен кедей табының арасында жүрген Қаңбақбай», — дейді.
Бейсембай: «Атқамінер, әрбір рудың көсемі», — дейді.
«Еңбекші қазақтың» 110 (547) нөмірінде Ғабиден деген жігіт жаңағылардың сөзіне қанағаттанбай, «атқамінерді» өзінше суреттейді. Бірақ суретінің бояулары күңгірт, аламыш көрінеді1.
«Атқамінерлер» кім, қандай? — деген сұрауға қысқаша жауап беру керек болса, — біздің білуімізше, жаңағы айтқандардың ішінде Орынбектің айтуы дұрыс. «Байдың да атқамінері бар, кедейдің де атқамінері бар».
Әрине, «атқамінерлердің» ішінде құлқынға, малға сатылатыны болмайды деп ешкім айтпайды. Сатылатындары көп. Ауылдағы оқымаған «атқамінер» былай тұрсын, қаладағы оқыған «атқамінерлердің де» сатылатыны аз болмайды. Біздің надан аймақтардағы қалалардың оқыған «атқамінерлері» былай тұрсын, өнерлі, көп оқыған ағылшын тәрізді елдердің үлкен қалаларындағы зор оқыған «атқамінерлері» де сатылады.
Мәселен, ағылшын жұмыскер табының «атқамінерлері» — Макдональдтары байлар табына сатылмай жүр ме?
Менің мұным, «атқамінерлер сатыла берсін» дегенім емес. Сатылу ескіліктен қалып келген жаман, шірік жемістің бірі дейін дегенім. «Атқамінер» деген сөзден кедей табын және оның өкіметін бөлектеу емес. Ғабиден айтқандай, «атқамінер» деп байлар, ақсақалдар айтқан екен. «Сол себепті мұндай былғаныш атақты еңбекшілердің азаматтарына тақпаймыз», — деуі қате.
Баяғыда, «ақ патшаның заманында», «Абылай ханның заманында» шыққан қажырлы пысық адамдарды, сол замандағы байлар, ақсақалдар «атқамінер» деп атаған екен. «Атқамінерлер» байлардың, ақсақалдардың дегенімен жүрген екен деп қазіргі біздің заманымыздағы атқамінердің бәрін бір көгенге көгендеп, бәріне бір таңба басу қате.
Бұлай ету — кітапты да, Еуропаны да, қазақ тұрмысын да білмегендік.
«Еңбекші қазақ» 110 (547) нөмірінде Ғабиден: «Кітапқа қарап, Еуропаға еліктемейміз. Қазақ тұрмысынан қараймыз», — дейді де, кітап пен Еуропа былай тұрсын, «білім» деген қазақ тұрмысының өзіне жете таныс емес екенін көрсетеді.
Мәселені дұрыс тәптіштей алмайды.
«Атқамінер» деген сөзден Ғабиден қашқанмен, ел қашпайды. Елдегі кедейлер де қашпайды.
Ол ауылдың, тоған басындағы ауылдың (егіншілердің) қазіргі «бас көтерері», ендігі атқамінері Жақыптың оқып жүрген баласы Сәтжан, — дейді.
Бұрынғы уақыттарда «атқамінерлер» ылғи байдікі, ақсақалдікі болса, қазіргі 2кедейлердің де, еңбекшілердің де атқамінерлері бар. Қазір бұрынғы көзбен өлшеуге болмайды, Гегель мен Маркс қағидасы бойынша әр зат дәйім өзгере беруде болады. (Все течет, все изменяется). Ауылда кедей тобын қорғаушы тек кеңес қызметкерлері, партия мүшелері, комсомол мүшелері ғана деу қате. Ал бұларды, болған күнде, ауылдағы кедей табының «бас көтерерлері», «атқамінерлері» емес деу тіпті қате.
Ауылда кеңес қызметінде емес, бір жыл кеңседе істеп, бір жыл істемесе де, кедей табының соңғы жылдарда шыға бастаған кедейлерді қорғап жүрген азаматтары бар. Бұларды кедейлер «атқамінеріміз», «бас көтереріміз» дейді. Бұларды байлар «селтеңдеген қулар» деп кекетіп, мазақ қылып отырады. Үстерінен өтірік, жала «материалдар» түсіреді. Аласұрып, бұларды құртуға әрекет қылады.
Кедейден шыққан пысықтардың байға сатылып жүргендері аз емес екені бар.
Елде байдың дегені әлі де күшті. Елдегі кеңестерге және қаладағы кеңестерге байдың жақсы көретін не байдың өзі не құйыршықтары кіріп кетіп жүргендері де рас. Міне, мұндай кеңеске кіріп қоқырайып алған, аяқтарына шаң жуымайтын байлардың бәйгеге ұрлап қосқан «жүйріктері» елдегі кедейден шыққан қажырлы, пысық«атқамінер», «бас көтерер» азын-аулақ азаматтарды неше түрлі қулық, сұмдық, амалмен езіп тастауға әрекет қылады. «Атқамінер» деген атты «құбыжық», «құқай» қылып көрсетіп, «атқамінердің» бәрі бұзық деп лақап қылып, олардың ішінен кедейді қорғайтын «атқамінер», «бас көтерерлерді» ғана құртпаққа, үндерін шығармай қоюға әрекет қылады. Үкіметтің, партияның сақ болатын бір жері осы.
Елдегі бай мен кедейдің жігін ажыратуда кедей табының «бас көтерер», «атқамінер» азаматтарының істейтін қызметтері зор. «Атқамінер», «бас көтерер» деген атты жалпы «құбыжық» қылмау, қазіргі біздің заманымыздағы «атқамінерлерді» тегіс бұзық деп жалпы лақап қылмау керек. Өйткені кедейден жаңа шығып келе жатқан «бас көтерер», қажырлы азаматтар жасқанып, бұғып қалады. Өйткені бұлар жаңадан ғана... «атқа міне...» бастады. Бұлар әлі ысылған жоқ. Ысылмаған азамат тез, оңай жасқанады. Байдың «атқамінерлері» ысылған, ірге тепкен, сабақты көбірек алған мүйізділер, «жүйріктер». Бұлар оңай қолға түспейді, оңай жеңілмейді.
Аңызға шыққанның бәрі алабұта деу қате. Қазіргі «аңыз» бұрынғы «аңыз» емес. Қазір алабұтамен аздап жарыса бидай шығып келеді. Бәрі алабұта деп, жаңа шығып келе жатқан көк бидайды да жұлу өзіне-өзі қастық қылғанмен тең. Қазір кедейлерден жаңа шыға бастаған «атқамінер», «бас көтерерлер» сондай.
Сойыл ұстап, атқа мініп, майданда жүргеннің бәрі бірдей жау емес. Іштерінде шын жаулар да бар, жауға қарсы атқа мініп, сойыл алып шыққан ерлері де бар.
«Атқамінердің», «бас көтерердің» бәріне бір таңба басып, бәрін бірдей «бұзық» деп лақап тарату бас білмегендік. Бәріне бірдей тас атса, үлкен бір тамаша дерлік іс, әрине, қазақ арасында, қазақ арасы түгіл өнерлі жұрттардың арасында да тұқымға, туыс-жақынға тарту бар екені рас. Бірақ о да бай мен кедейдің тартыс жолына бүркеу бола алмайды.
«Көл көлге құяды, шұқанаққа дәнеңе де жоқ».
Шындап келгенде байды бай сүйейді, кедейге кедей ғана жанасады. «Тең теңімен, тезек қабымен» дейді.
Кедей табынан жаңа шыға бастаған «атқамінер», «пысық», «бас көтерер» азаматтарға үнемі жәрдем бере беру керек, бұларды өркендете беру керек.
«Атқамінер» деген сөзді оларға да «құқай» қылып, қорқытып бұқтырмау керек.
Байлар табының атқамінерлері ауылда тағы да жалаңдап жүре бастады. Бұларды тұмылдырықтап, қозғалса тұмсыққа ұрып қою керек.
1926 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі