Қызылжардан Ақмолаға қарай Шортан поселкесіне шейін темір жол салынған. 250 шақырым жолдың салына бастағанына 5 — 6 жыл болып бара жатыр. Бұрын Көкшетауға шейін салынған еді. Енді былтырғы күзден бері Шортанға жеткізілген, бірақ жол нашар, әлсіз кеңес үкіметіне оның бер жағында аймағы алты айлық жол Қазақстанға темір жолдың өте қажет екеніне қарамай, бұл Көкшетау жолы өте нашар, шаруашылығы күйзелген кедей өкіметтің азғана қаржысымен бұл темір жолға қанша үзіліп, жырылып, ақша бөлінгендігін білетін адамның сол көп үмітпен қарап отырған темір жолдың әлі де қазақтың өгізге жеккен сынық дөңгелек екі аяқ ағаш арбасынан еш аспайды екен. 250 шақырым темір жолды 32 сағат жүрдік. Кей жерде жолмен қатар бүкжеңдеп келе жатқан арбалы ат пойыздан озып кетіп жүрді. Қарсыдан келе жатқан бір пойызда «Бір басшы жігітке жолығып ем, ол: үшінші күн жүріп келеміз», — деді.
Бір паровозға 5 шақты теплушка тіркеп сүйрейді. Бір теплушкада біз бала-шағамен 50 шақты жан болдық.
Теплушкалардың сәкілері тіпті жоқ. Бар болса қиқы-жиқы ілінген салынған жаман тақтай. Тақтайға жарымай отырған тәрізді. Ал қарағай ағаш Көкшетауда су тегін.
Темір жол әлі мықты, берік емес. Азғана жерді тырмалап, топырақ үстіне көлденең ағаш салып, темір жолды сала салған кейбір жерлерінде тек жай азырақ тырмалаған жерге темір жол темірін тастай салған тәрізді. Қысқасы, бұл темір жолдың пойызына басқа түрлі көлік таба алмаған адам ғана ылажсыз мінетін.
Тағы да жолға жұмыс қылдырмақ болып жатыр. Жұмыскерлерді, қара жұмыскерлерді Ресейден алдырып-алдырып жатыр. Ал маңайдағы жұмыс іздеп, қаңғырып жүрген қазақ кедейлерін алмайды, не әрең алынады. Біз келген пойызбен Ресейден көп жұмыскер келді. Бұрын шақырып, жол ақшаларын төлеп, алғызып жатыр. Ал Қызылжарда жұмыс іздеп, сандалып жүрген талай қазақ жігіттерін көрдім. Оларды Көкшетау жолының бастықтары көрмейді.
Шортан станциясында жұмыс істеп жүрген 20 — 30 ғана қазақ жігіттерін көрдім. Біреулері келіп халдарының жайсыз күйін айтып шықты. «Қазақ малайларын қақпайлап, жұмысқа жөнді қоймайды. Ресейден топ-топ қылып алғызып жатыр, «қазақтар жұмыс қыла алмайды» деп айтады, — деді.
Мен қорашсындым да қойдым, не дерсің.
Қажымұқан, Шолақ шыққан жерлердің жігіттері «қара жұмысқа жарамайды» дегенге не дерсің?
Жүген-құрық тимеген 6 жасар асауды бір сілікпеден қалдырмай шоңқитып түсіріп, ауыз омыртқасын үзетін жігіттер «қара жұмысқа әлі келмейді» дегенге не айтарсың!
Қайың мен қарағайдың жұпар ауасынан дем алған, қызыл ала гүл шашақты жібек кілемдей, көңіл қошындай таза ауасымен дем алған, балтыры бесіктей, кеудесі есіктей Арқа жігіттерінің «қара жұмысқа әлі келмейтінін» Көкшетау жолындағы ұлықтарынан ғана естіп отырмын.
Бұл іске Қазақстанның кәсіпшілер кеңесі, еңбек комиссары, барлық Қазақстан үкіметі тез назарын салып, қолын созу керек шығар.
Кеңес өкіметіне қазақ жұмыскер табы керек. Жұмыскер табы қазақ кедейлерін жұмысқа алса ғана болады, әйтпесе жердің астынан шықпайды. Кеңес үкіметі қазақ кедейлерінен жұмыскер табын жасайды. Жасап тәрбиелейді. Көкшетау темір жолының басындағы тәрізді пасық бұрынғы төмен халыққа әлі де арам құлықпен қарайтын мырзалар оны естеріне алулары керек.
Менің мұнымды оқыған жұрт «орыстан жұмыскер алмасын» деп айтады деп түсініп жүрмесін. Жұмыскерді орыстан да, қазақтан да алу керек. Алғанда алыстан жаздырып, көп расход қылып алмай, маңындағы, сол темір жолдың өз жеріндегі орыс пен қазақтың қаптаған кедейлерінен алу керек. Сөйтсе екі түрлі пайда бірақ табылады.
Көкшетау темір жолында кеңес өкіметінің партия саясатын шын көңілімен жүргізетін сенімді көз болу керек.
Мұны енді бүйтіп бетімен жібермеу керек.
1926 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі