Өлең, жыр, ақындар

Ақынның ар алдында ақиқаты

"Ар алдында". Ар әміріне жүгініс, ар төрелігі алдында ағынан жарылған тебіреніс. Ары таза адам ақиқатты өз арынан іздеп, өзінің өткен өмірін де, алдағы арман-тілегін де, өз жанының ішкі қатпарлары мен сезім иірімдерін де арының — алдында мыңда жайып салып, жаңағылардың барлық дем-тынысын ар биігінен өлшер болса, ондай адам, әсіресе, ақ жүрек ақын әрбір қадамында жаза баспас деп ойлайсың.

Ақын Сәкен Иманасовтың осы аттас өлең жинағын оқып отырғанда алар әсерің осындай. Енді ақынның өзімен тікелей тілдесіп көрейік. Зәуіде біреу ныспысын сұрай қалса, іркілместен: "Төзімі темір болған, дәті берік, бізде сол қайсар елдің ақыны едік", — деп жауап қатар еді ол. Таңдауыңды айт деген кісіге: "Сұмдықты емес, шындықты айтам тағы да, күлкіңізге қоса жұтып көз жасын", — дейтіні хақ. Көкейіндегі көздеген нысанасын білгіңіз келсе: "Мен ешкімге тас атпадым тасадан, ағайынның болсын дедім басы аман", — деуден жаңылмайды. Ақырында, өзінен бұйымтай сұрап көріңізші: "Бағалай жүрсінші деп үлкен-кіші, жағалай ұсынамын жыр тұнбасын", — деп ықылас білдіреді.

Жыр жинағын парақтап отырсақ оның маржан жолдары түгелдей тарихи Тәуелсіздік дастанына арнап жазылған үзінділер ме немесе еліміздің сол Тәуелсіздік төріне қарай і адам басқан аяқ алысының жол жазба шежіресі ме деп те ойлап қалар едік. Тіпті нақтылай айтсақ, он бес жылдық сапарымыздың соңғы белесінде, жаңа ғасырдың бергі бес-алты жылғы бедерінде жазылған, қағаз бетіндегі сиясы әлі кеуіп үлгірмеген ұр жаңа жырлар екенін байқар едік.

"Өткен өмір не?" деген сұраққа: "есте қалған күндер" деп жауап берген екен бір ақылды. Қай ақынның болса да шығармашылық өмірін бір-біріне ұласқан жырларының ұзын тізбегі деп ұқсақ, жинақтағы өлеңдерден Бұл ақынның Тәуелсіздік тақырыбына қалай келгенін де аңғарар едік. Автор оқырман алдына осы жолдан мынадай сүрлеу тастайды.

Бой салып баяғыдай серілікке,
жүргем жоқ ерігіп те, желігіп те,
тапқаным аз да болар ой қуғаннан,
әйтеуір той-думаннан мені күтпе, —

деп ескертіп алады да, біраз жыл той-думандатып сауық сайранмен өткізгенін айта келіп, қазіргі ойын: "Барлығын, барлығын да тастап енді, ақының жайламақшы басқа белді; өйткені елге жырын жоқтатарлық, ақыл-ес тоқтатарлық жасқа келді", — деп түйеді.

Қош. Ақынның ақыл тоқтатар жасқа келіп, ел тағдырына қарай біржола бет бұрғандағы сөзіне бағайық. Әлбетте, бірінші сөзін ол халқына арнайды. Жастығында қаншама қызық қуып кеттім дегенімен, халық тағдырын біржола ұмытып кетпеген екен. Бірақ ет қызуымен тым алыстан, аспан жақтан сөйлескен кездері болыпты.

Ал қазір ше? "Жүректің алқынғанын, талпынғанын, қаншама жалын барын, жарқыл барын" көріп, соған сеніп, үлкен жүрегімен кешірім жасап отырған ата халқына перзенті де ағынан жарылады:

Қалсам деп бірі болып қалаулыңның,
жанымды алау қылдым, жалау қылдым.
Бірі деп сен де мені сана халқым,
санда да, санатта бар санаулыңның.

Жақсы сөз. Жарасымды тілек. Ақын сол тілектің жүзеге асуына өз тарапынан қосар үлесін де анық біледі. Қосылған үлестің алғашқы нәтижесі де көз алдында.

Кім айтты қонбайды деп ақынға бақ,
Қалдық қой қол созым жер жақындап-ақ.
өйткені
өлеңімді жатады оқып,
Бұл күнде жақын түгіл жатым қалап.

Ақынға бұдан артық қандай бақ, қандай абырой керек? Соны сезгендіктен де ғой, оның одан сайын еселеп шабыт шақырып, бірде: "көрмеген жыры кеміп, үні — көрік, бізде сол өсер елдің бүгіні едік" деп іштей қанағат сезінсе, енді бірде: "...сыпырып томағасын қоя бердім, сездім де елеңімнің енді өлмесін", — деп жаңа бір қияға қиял шарықтатады.

Үлкен істің үдесіне орнықты ой, салмақты ақыл-санамен келген ақын үшін елдің, халықтың тағдырына байланысты істердің үлкен-кішісі жоқ. Соның бәрі де ынталы көңілдің ықтияры мен ықтиярынан ешқашан тысқары қалмағаны абзал. Әрине, түбегейлі қам-қарекеттің ішінде түп қазығы боларлық қаншама түбірлісі мен түйіндісі бар. Солардың бірі туған тіл туралы ақын былай тебіренеді:

Діннен емес, тілден алған үлесін,
Қазақ деген халық барын білесің.
Сондай елдің ұлымын деп өзің де
шаршы топқа шалқая бір кіресің.

Әңгімені осылай әріден өрбітіп келіп, ақын сол Ана тілі үшін талай боздақтар құрбан болғанын, талай ерлер көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен атанғанын, оразды сөздің орайымен талай жаудың беті де қайтқанын еске сала кетеді де, күні кешегі кеңестік кептен мынадай мысал келтіреді:

Тілі бар да не бір сері, не серкең
иығы асып, өзгелермен өсер тең.
"Өлер едім, депті Расул, бүгін-ақ
авар тілі жоқ болады десе ертең".

Барлық өлеңдерін орысшаға аудартып алып, атақ-даңқын аспандатқан Расул Ғамзатов өзінің кішкентай авар халқының тілі жайында осылай деп таусыла айтқан. Соны еске сала келіп, біздің ақынымыз да дәл сондай ойын айтады: "Ана тілім құрыр болса мен де сол: "өмір сүріп керегі не?!", — дер едім".

Содан соңғы ой түйіні мынадай:
"Сөз аяғы айналды деп ұранға,
Тарпаң інім тағы да бір сынар ма, —
Қайтем бірақ,
Қаным бірге тілменен,
әнім бірге,
жаным бірге шығарда"

Ана тілін осылай ардақтай келіп, ақын сол қасиетті тілдің қадірін кетіріп, көкір-шүкір өсек-аяңға, арзан саясатшыл сөзуарлыққа салып жүргендерді "Қазақы әңгіме' дейтін өлеңінде қағытып айтатыны да орынды естіледі:

"Қойыңдаршы... қоя түр сен... қой бәрін, қой боп өріп кетті лағып ойларың... Бәрін қайдан білесіңдер?! Біліп кеп, іреп-сойып жатасыңдар іріктеп. Елді кімнің сатқанын да ежіктеп, кім сатқалы жатқанын да, кім үптеп..."

Тәуелсіздік жолы — ұзақ жол, сонары алысқа созылған ұзақ сапар. Бүгін басталып, күні ертең тынымын таба қалатын қысқа тілек, шолақ мақсат емес. Оның қиын-қиын асулары, биік-биік белестері бар. Солардың бәрін қапысыз жеңіп отыру үшін баршаға ортақ адастырмас бағдар, қайтпас қайрат, қажымас жігер керек.

Осы сапардың өткен жолында көп қиындықтар көріп қиналғанымыз рас. Қай жолға түсіп кеттік деп дағдарғанымыз да есімізде. Сол тұстарда елмен бірге ақынның да аңырып қалған тұстары бар. "Қайда бара жатырмыз?" деп, кейінге қарағыштап, өткен күндердің кей бірін қимай еске алған, "Бұл қай мезгіл?" деп бағдарды жоғалтқандай, "бұл неткен ел?" деп кейбір жағымсыз жәйттерден безінген кездері де болған. Арасында үдеден шықпаған ұнамсыз ұсақ-түйекті өткір тілмен шенеп те алатын.

Бірақ әлденеге қынжылса да, қыңыр тартқан жоқ, әлденеден күйініп күйзелсе де, келешектен күдер үзіп түңілген жоқ. Сөзі жетер жерді шыдамға, төзімге, қажыр-қайратқа үндеді. Ел тағдырын жеке басының тағдырындай көретін ақын бірде сол сығырдың өзін бетпе-бет сезге шақырады

Уа армысыз, Тағдыр қарт!
Аман-есен бармысыз?
Қазақ қайтіп күн көрер
зарлысыз да жарлысыз? —

деп өзін толғандырған сауалын көлденең тартады да, кеудесін кернеген базынасын айтады:

Бақытсыздау боп шығып бағлан жігіт,
ойлы қыз,
мәңгүрттерге басқартып қойсақ керек тойды біз...

Тым құрыса, көзіңіздің қырымен бір жалт етіп біз жаққа қарамай-ақ қойдыңыз!.. Енді бірауық әбден амалы құрығандай дағдарғанда, ақын теңіз боп кеткісі де келеді. Өйткені: "көрсетіп ауық-ауық еңсеңді елге, не жетсін теңіз болып теңселгенге, — айналар аспан жерге, тастар желге, толқыны тоғыз балмен өлшенгенде..."

Емексіткен үміт-тілегі үзілгендей болып, дүние былығынан шақша басы шарадай болып шалдыққан кезде, ақынның Құдіретіне сыйынып, содан медет тілейтіні де осы түс. Күні кеше, өмірдің өрге басқан өрісінде де, әлде қалай күйкілікке баққан еңісінде де, керіс-теріс атаулыдан безініп, "қазанама сөзіңдей тап-таза" періштеге айналған ақын жанының жаңағыдай былық арасында періштенің күні өтіп кетті ме деп күмәнданып, пері болып кетпегеніне өкінетіндей де сәті бар.

Бір жақсысы — ақыры қайыр, заман түзеліп келеді. Бірақ қалай болғанда да жан тазалығын әрдайым сақтау керек. Ақын осы жағына өте сақ, өте кірпияз. Ол залалдының ол түгіл, басқан ізінен де аулақ жүруге шақырады, өз басы соған үлгі болады. "Мен де тұрам сен тұратын қалаңда, жолығамын жақсыға да, жаманға. Басып кеткен жоқпын ба деп ізіңді, ауық-ауық қарап алам табанға". Өйтпеске амалы жоқ, екеуі бір көшеде тұрады. Отыратын, жүретін жерлері бір, байқамай зұлымдықтың ізін басып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан өлең кейіпкері аяқ киімін шешерде де табанын ұзақ сүрткілеп, тазартып отырады.

Көріп отырмыз, ақынның ар алдында айтатын ақиқат сөздерінің тағылымы тарам-тарам, сан-сала. Олардың бәрін бұл арада түгендеп жату мүмкін емес. Ол, бәлкім, шарт та болмас. Өйткені, көзі қарақты, көңілі ояу оқырман өзі-ақ тауып алады. Бірақ солардың ішінен ерекше бөліп алып, астын сызып айтар бір жайт бар. Ол — ақынның берік азаматтық тұғыры. Қай кезде, көңіл күйінің қай пернесі басылған күнде де, ол туған ел мүддесімен, соның қазіргі Тәуелсіздіктің мұраты биігіне қарай бет алған игі сапарындағы дем-тынысымен бірге. Байламды сөзін соның тілегіне бағыттаудан айнымайды. Сондықтан өз төңірегіндегі қайраткер азаматтарға сүйсініп, соларды таза көңілден қоштап, қошеметтеп отырады. Нұрмахан, Сәбит, Амантай, тағы басқа марқасқа замандастарына, Кемел ағасының рухына жолданған арнау өлеңдерден осыны аңғарамыз.

Сәкен Иманасов — ұзақ жылғы өлең жарысында шыңдалған, қазірде өнері кемеліне келіп, кемері толған, сөйтіп өзінің ақындық беті айқындалған, қазақ поэзиясында мығым орыны бар дарын иесі. Өлеңдері сырт қарағанда сырдаңдау, тым қарапайым көрінуі де мүмкін. Өйткені, ол жарқылдақ, жадағай сөзге үйір емес. Ал шығармаларына ой көзімен үңіліп қарасаңыз, іші тұнып тұрған нәзік сезім, мінсіз мінез, таза ниет, кең пейіл, ағынан жарылған адамгершіл ақ көңіл. Осы жинақтағы "Әй, Апасы" аталатын, немересіне арналған өлеңінен оның аталық жүрегінің қандайлық ізгі екенін, ортақ өмірлеріне қырық жыл толғанда бәйбішесіне арнаған "Қызығудан мен таймай" деп басталатын мойындауынан оның қандайлық, сенімді серік еткенін ырзалық сезіммен ұғынамыз.

Сәкеннің ақындық қолтаңбасы да — әбден машықтанған өзіндік ерекшелігі бар өнер өрнегі. Ол көбінесе қазақтың дәстүрлі қара өлең үлгісімен жазады. Сонда оның сөздерінен бір селкеу, артық тұрған бір жіп-шырға таба алмайсың. Кәдімгі Мұқағали жібек кигізіп құлпыртқан қара өлеңнің сәкеңдік сәнді үрдісі. Сонсоң өзіміздің ежелгі жеті буындық жыр үлгісінің екі жолын бір тармаққа сыйғызып, он төрт буынды өлең ору, менің ойымша, осы Сәкен ашқан бір жаңалық секілді. Бұл өзі шебер ақын қолымен өрілгенде ішіне көп мағына сыйғыза алатын өте ұтымды өнеге. Ал Сәкен соның әрбір тармағын ішкі үндестікке толтырып, бір қалыпты ырғаққа иін қандыра аяғын төрт буынды толымды ұйқаспен тамамдап отырғанда, өлең шіркіннің бағы жанып, тіпті әуезденіп кетеді екен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ақын таңдамалы туындыларының екі томдық жинағын ұсынған. Соның бірінші кітабында "Ғашық дүние", екіншісінде — "Адырна" деп аталатын бөлімдер болушы еді. Сезімге толы жүрек пен ата дәстүрге адал сана сәтті ұласқан сондағы жырлар мына жинақта көркемдік жағынан жаңа өрнектер тауып, мазмұн жағынан тың толғамдармен толыса түскенін көреміз.

"Егемен Қазақстан" газеті, желтоқсан, 2006 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер