Өлең, жыр, ақындар

Дарын дамыл таппайды

Сәкен екеуіміз қызық таныстық. Мәскеуде. Жоғары партия мектебіне оқуға барғанда. Мен ол кезде "Социалистік Қазақстанның" Семей облысындағы тілшісі едім. Талдықорғандағы әріптесімнен Иманасовтың да сол мектепке баратынын естігенмін. Сырттай өлеңін оқып жүргем. Құрдаспыз. Бірақ көрген адамым емес. Оқуға келгенде тіркелетін жердегі бір-екі жігіттің ішінен әңгіме айтып тұрғанын Сәкен боларсың деп ойлап, бірден атын атадым. "Қайдан таныдың, ей!" деді таңданып. "Барлық облыс оқуға ақындарын жібере бермес, сенің ақын екенің көрініп тұр", — дедім. Күлістік.

Бұл оқуға көп адамның қолы жете бермейтін. Мұнда бұрынғы қызметтегі жалақың сақталады, оқығың келсе — оқисың, оқығың келмесе — екі жыл уақыт демалып қайтасың. Бір нәрсені бүлдіріп қоймасаң оқудан шығара қоймайды. Ал оқимын дегенге, үлкен мүмкіндік бар. Мұнда барлық жағдай жасалған. Оқытатындар кілең мықтылар. Марксизм-ленинизмнің миын шаққандар. Барғандардың көбі сол іліммен қаруланып, кейбіреулері ғылыми атақ алуға негіз қалап та қайтады. Әйтеуір оны бітіргендер әжептәуір беделге ие болып болашақ қызметіне де жақсы баспалдақтар жасайды.

Сәкен, менің ойымша, соны екеуін де: марксизм-ленинизмді игерейін деп те, кейін партиялық қызметке баспалдақтар жасайын деп те бармаған сияқты — оның ойында үнемі өлеңі жүрген сонда.

Көп нәрсеге уақыт баға береді ғой. Жұрт сияқты келген мақсаты — оқуына бар қуатын неге арнамайды, өйтпеген соң неге келді деп аз-кем оны кінәлауға да болар ма еді, кім біледі. Ал Сәкен өлеңдерін тастаған жоқ. Конспекті жасайтын дәптерлердің үстінде өлең тұрды...

Уақыт өткен соң, ойға қаласың: сонда оқуға келдім деп, басқалардай "Капиталды" конспектілеуге жарты жылын жіберіп, өлең жазуға уақыт таппай қалса да Сәкен ақындығынан, әрине, айырылып қалмас еді ғой, бірақ тұлпардың үнемі бабы келісіп тұрмаса, шабысынан жаңылатындай, біраз нәрсені жоғалтып алар еді-ау дейсің. Дарын дамыл таппауға тиіс. Ол дамыл алатын болса, шабыт мұқалатындай көрінеді. Сонау қып-қызыл коммунистік идеологияның нағыз ортасында тұрып, поэзияны соның от-жалынына күйдіріп алмай, аман алып шыққанын біртүрлі ерлікке санағын келеді де тұрады.

Мәскеуде марксизм-ленинизм теориясы жайында лекциялар тыңдай жүріп те Сәкен өлең жазды. Үзбей жазды. Жазбай кетсе де, кейін оқуды бітірген соң жазармын, әзірге қоя тұрайын деп, сол екі жылда шабыт қаңтарылуы қалғанда да, кейін де Сәкен өлең жазар еді, кітаптар шығарар еді. Бірақ, "Адырнаға", "Жебеге" кірген көптеген құдіретті жырлар қазіргідей болып шықпас еді-ау дейсің. Біраз уақыт бәйгеге қосылмаған, бабында болмаған тұлпардай кібіртіктер еді-ау дейсің. Сәкен дейтін ақын шабытты ешқашан да қаңтарған емес.

1998 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз