Өлең, жыр, ақындар

Үйлену тойына тілек

Қымбатты жас жұбайлар .... — .........! Сіздерді бүгінгі некеге отыру салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Сіздер бүгін мемлекеттің кіші моделі — отбасын құрып, өз алдарыңызға отау тіктіңіздер. Яғни, бүтіндей бір мемлекеттің тәуелсіздігін жарияладыңыздар. Сіздер құрған жас мемлекеттің Отанымыз Қазақстан секілді бай-қуатты, іші тату, сырты қауіпсіз, өмірі бейбіт, бар мүшесі бақытты болуына тілектеспін. Үйлену — тек неке қию емес, маңызды әлеуметтік оқиға, үйлену — екі жастың бір-біріне тағдырларын сеніп тапсыруы. Жас отау иесі ......... осы сәттен бастап, өзі сүйіп қосылған .......... жұбайының болашағына тікелей жауап беретін болады. Отбасын құру — өте үлкен жауапкершілікті жүктейтін іс. Жұмыста өзін жауапкершілігі мол қызметкер ретінде көрсеткен Жарқын, жанұяда да осындай қасиетімен дараланатынына сенімім кәміл. Алла Сіздердің сезімдеріңізді мәңгілік жас, жүректеріңізді егіз, тілектеріңізді бір ете көрсін! Жұптарыңыз жазылмасын. Ата-ана, туыс-туған, дос-жарандарға сыйлы, үлгілі жанұя атаныңдар. Махаббат айдынындағы сапарларың сәтті, бақыттарың баянды болсын!

*** *** *** ***

Тілекпенен баталарың ақ болсын!
Екі жүрек бір-біріне жақ болсын!
Ағамыз адал жар болып,
Жеңгеміз осы үйге келіп қонған бақ болсын!
Бір-біріңе сенімдерің ақ болсын!
Бір-біріңе сезімдерің пәк болсын
Бүгінгі осы тойдың иелері
жаман аттан, жат қылықтан сақ болсын!

*** *** *** ***

Қымбатты жас жұбайлар! Сіздерді заңды некелеріңізбен құттықтаймыз!

Шын жүректен махаббатты мәңгіге сақтауларыңызды тілейміз!

Бүгінгі күн – сіздердің өмірлеріңіздегі ең бақытты күн. “Үйлену оңай, үй болу қиын”, - дейді халқымыз. Мен сіздерге өзара түсіністік, махаббат пен татулық тілеймін.

Сіздерге тілейтініміз – бүгінгідей бақытты сәт өмір бойы бірге болсын!

*** *** *** ***

Тойларыңыз құтты болсын! Махаббатарыңыздың баянды болуын тілейміз! Бар армандарыңыз орандалсын! Қол ұстасып ұзақ өмір сүріңіздер! Бақытты, ұзақ өмір тілейміз! Өмірде денсаулық пен байлық, татулық пен ынтымақ тілейміз! Тойларыңыз тойға ұлассын! Балаларыңыз көп болсын, бақытты ұзақ өмір сүріңіздер! Жолдарың ашық, отбасыларың тату болсын!

*** *** *** ***

Жастарға тілейтінім: Зор денсаулық, ашық аспан, мөлдір махаббат!

Көңіл болса – ән де болады.

Келісім болса – нан да табылады.

Екі бастарың – үш болсын. Үш бастарың – төртеу болсын. Ата-аналарың сыйлап, екі жаққа бірдей қараңдар. Ал баршаларыңыза тілейтімін: Тілектеріміз періштенің құлағына шалынып, қабыл болсын. Әр отбасына, шынайы көңілмен бақыт-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

*** *** *** ***

Бүгінгі тойыңыз ырыстың бұлағы болсын. Отбасыңыз үбірлі, шаруаңыз дүбірлі болсын. Алдыңызда ақ мол болып, басыңызға бақ келіп қонсын.

*** *** *** ***

Құрметті қонақтар!

Бүгін, міне, қос жүректің қалауы бір арнадан шығып, қазақтың тағы бір шаңырағы бой көтерді. Тағы бір екі жас жұлдыздары жарасып, өмір атты буырқанған дүниеге қол ұстасып қадам басты.
Құрметті .............-................!
Бүгінгі неке қию салтанаттарың құтты болсын!
Бір-бірлеріңе бағынышты, сағынышты сезімдерің мәңгі сөнбесін, сыйластықтарың, қимастықтарың ешқашан таусылмасын, махаббат әлемінің нұрлы аспанында жұптарың жазылмай, қанаттарың талмай самғай беріңдер!

*** *** *** ***

Аяқ екеу, қол да екеу,
Көз дегенің – ол да екеу.
Екеу және құлақ та,
Жүрек жалғыз бірақ та.
Сондықтан да сол жүрек
Күйіп, жанып, өртеніп
Естісін деп лебізін
Іздейді екен серігін
 -   дегендей қос жүрек өмірлік серіктерін тапқан екен. Құрған шаңырақтарың биік, босағаларың берік, керегелерің кең болсын!

*** *** *** ***

Досымыз  ...................... келін түсіру тойымен құттықтаймыз! Жас жұбайларға жарасымды тұрмыс, ақ жол тілейміз!
 
Осылай өркен жайсын гүлдеріміз,
Сендермен енді біздер іргеліміз.
Берік боп жас шаңырақ нұрға толып,
Той болып өтсін алғы күндеріміз!
 
Тату болып ............ пен ......... ымыз,
Жаңғырып махабатты жылдарымыз.
Жалғасып өсе бергей ұрпағымыз,
Бақ сыйлап қыздарымыз, ұлдарымыз.

*** *** *** ***

Махаббаттың көгіне самғағандай,
Екі жасты Алла өзі қолдағандай.
......... пен ............ бүгін отау тікті,
Екі ауылдың арасын жалғағандай.
 
Болсын деп екі жастың жолы ізгі,
Тартайық тарту етіп барымызды.
Жас келін аулымызға құт боп қонып,
Шаттыққа бөлей берсін бәрімізді.

*** *** *** ***

«Келіні жақсы үйдің керегесі — алтын» немесе «Келін келді дегенше, керегені алтын қылып ұстар адам келді» деп жатады, сол келініміздің ақ жүзінен тек күміс күлкіні көруге жазсын.

Ырыс-дәулет шаңырағыңыздан кетпесін, несібелеріңіз әрдайым мол болсын.

*** *** *** ***

"Махаббат" байлық пен бақыттың қолдағанын ұнатады дейді, ендеше бай болыңдар, бақытты болыңдар! Аспандарың ашық болсын, дастархандарыңнан қонақ үзілмесін!

*** *** *** ***

Екі жастың көтерген шаңырағы биік,босағалары берік болсын! Махаббаттары баянды да тәтті болсын ! Өмірлері күндей, көңілдері гүлдей, армандары асқар таудай болсын ! Тату да тәтті өмір сүріңдер!

*** *** *** ***

Жаңа өмірге қос аққудай қол ұстасып бірге аттаған қадамдарың құтты болсын!

Сіздерге осы қуанышты күні босағаларың берік, керегелерің кең болсын деп тілеймін! Жездем апайыма адал жар болсын, апайым осы шаңыраққа қонған бақ болсын!

Әрқашан алақандарың ашық, өмірге машық, бір-біріңе ғашық болып, алдағы ұзақ ғұмырды сыйластықта өткізіңдер! 

*** *** *** ***

Жастарға айтарым, сүрінгенде асқар таудай сүйеніш болып, құлағанда қолдап, демеп жүрер әке-шеше әрдайым тіректерің, паналарың болатынын есте сақтаңдар.

*** *** *** ***

Жақсы сөз айт, жақсыға ойың бұрылсын,
Жүрегіңнен көп ізгілік тірілсін.
Жақсы жерге жатқан жақсы түс көрер,
Жақсылардан жеткен сен де жұрынсың.
Жақсы сөз айт, жақсы тілек тілегін,
Жақсы сөз де – жарым ырыс, тірегің.
Жас – отауың – бас – отауға айналсын,
Өркен жайған жапырағым, жүрегім!
- деп, айналайын, жақсылардың жалғас жұрыны қос балапаным, бүгінгі шаңырақ көтерген тойларың құтты болсын!

*** *** *** ***

Бір ұлы дана «Біз өмірге шыр етіп келгенде емес, жүрегіміздегі махаббат сезімі оянған сәтте ғана өмірге келеді екенбіз. Өйткені махаббат адамға ұшатын қанат береді және де оны мейірімді етеді, сонымен қатар ол бүкіл әлемді өзінің жылуымен құшағына ала алады» деген екен.

Қымбатты жас отаудың иелері, міне, бүгін екеуіңнің шаңырақ көтергендеріңнің куәсі болып отырмыз. Сендерге тілеріміз: махаббаттарың Қозы мен Баянның, Ләйлі мен Мәжнүннің махаббатынан кем болмасын! Бір-біріңе деген ыстық сезімдерің суымасын, жұптарың жазылмасын! Бастарыңа бақ құсы қонсын!

*** *** *** ***

Замандарыңыз тыныш, бейбіт болсын! Өсіп-өніп, біріңіз асқар тау әке, екіншіңіз аяулы ана болыңыздар! Тамырларыңыз тереңдеп, бұтақтарыңыз жайылсын, жемістеріңіз көбейсін! Әумин

*** *** *** ***

Бір философ; «Үйлену дегеніміз – екі адамның бір-біріне қарап отыруы емес, екеуінің бір бағытқа қарауы» депті. Демек, бұл – екі адамның мақсат- мүддесі мен өмірлік ұстанымдарының, көзқарастарының бірігуі десек жаңылыспайтын шығармыз. Болашаққа бірге қанат қағып, бақытқа жету жолында бір-бірін қолдауды мақсат тұтып, бас қосқан бүгінгі жас жұбайлардың бір-біріне деген сенімі мықты болсын!

*** *** *** ***

Той жасап жатыр сыйлас, дос адамым,
Жақсы сөз, лебіздерді қош аламын.
Тілейміз биіктігін шаңырақтың,
Тілейміз беріктігін босағаның.
 
Шырқаса шабыттанып ақын бүгін,
«Тойбастар» деп айтайық атын мұның.
Мәңгілік екі жастың бақыты мен,
Тілейік құдалардың татулығын.

*** *** *** ***

Екі бұлақ бір арнаға тоғысты,
Екі жүрек ұғынысты, табысты.
Тілейікші аппақ арман – ағысты,
Тұлпарға тән озып шығар шабысты.
 
Жаңа отаудың шаңырағын көтеріп,
Кел, достарым, жақсы тілек етелік!
Үйленгендер – алтын сарай салғандар,
Балалығы естелікке қалғандар!
 
Қалады енді балалық шақ ертек боп,
Кел, достарым, шаттық тойға ортақ боп!
Екі жұбай – қатар тұрған періште,
Бірге ұшсын бақ – болашақ - өрісте!

*** *** *** ***

.... — ..... тойларың құтты болсын,
Тілектес достарыңмен орта толсын.
Шаңырағы биік боп ақ отаудың,
Босағасы мәңгілік биік болсын.

*** *** *** ***

Шаңырақ құрған жастардың,
Қадамдары ақ болсын!
Махаббаты пәк болсын!
Тіл мен көзден сақ болсын!
Жаманшылық жат болсын!
Өсірген ұлың, түсірген келін жемісің
Жайқалып өскен бақ болсын!
Келер жылдар құт сыйлап,
Келіннің мына атына,
"Ана" деген ат қонсын!
Немере сүйген ата-әжем,
Қуанып бір шал болсын!
Сол немерең есейіп,
Президент болсын десейік
Болмаса да шах болсын!
Дұшпандары мат болсын!
Сөздің келсем тоқтасына
Той иесі отбасына
Ағыла тасып бақ толсын!

*** *** *** ***

Әркім іздер тіршіліктен өз бағын,
Қолға қонды
Жұлдыз деп қол созғаның.
Қосағыңмен қоса ағарғын, бауырым,
Махаббатың – маңдайына жазғаның.

Сүйген жүрек
Неге болсын шыдайды,
Жан сүйінтер
Жарық қандай шырайлы!
Шайқалмасын жас отаудың іргесі,
Өмір әлі қиындықпен сынайды.

Тағдыр қосып,
Табылыпты қосағың,
Әлі-ақ толар жабдығың мен жасауың.
Шаттық толы шаңыраққа айналсын,
Керегесін кеңге жайып отауың.

*** *** *** ***

Жарқырап босаға аттап тұр ақмаңдай,
Қалайша шыдай алам сыр ақтармай.
Ғұмыры, игілігі ұзақ болсын,
Қосылып қатар аққан бұлақтардай.
 
Өмірдің
Өрлеп шықсын белесіне,
Мұхитқа жетсін жүзіп кемесі де.
Бір үйдің әлпештеген еркесі екен,
Ата мен сыйлы болсын енесіне.
 
Үлкенді қадірлеуден жалықпағын,
Жарқылда –
Жарыңның да тауып бабын.
Қадірлеп,
Айналайын – бір-біріңді
Қырандай қия шыңға шарықтағын!

*** *** *** ***

Қос аққу жүзсе көлде жарасады,
Екі жас табысса  бағы ашылады.
Бүгінгі үйлену той құтты болсын,
Тілеймін, жас жұбайлар, бар асылды.

*** *** *** ***

Бір пәлсапа: «Іздеушілер көп болғанымен, тапқандар — табылмайды», — деген екен. Бүгінгі төрде отырған қос ғашық бір-бірін тапқан бақытты жандар екенінде күмәніміз жоқ. Олай болса, отауларың мәңгі нұрға бөленіп, сол нұрдың жарығы өмірлеріңе жол көрсетіп жүрсін! Шуақ шашқан шаңырақтарың биіктей берсін, үбірлі-шүбірлі болыңдар!

*** *** *** ***

Ұлы сезім екі жасты ептеді, жалындаған екеуіне беттеді! Ырыс-дәулет үйлерінен кетпесін, ашу-дұшпан қанша қуса жетпесін! Ата-ана көздің жасын сықпасын, келін шырақ тапқан тиынын тықпасын! Үзілмесін бұл үйдегі тойларың, егіз тапсын қорадағы қойларың! Бала берсін етегіне жастардың, көзі шықсын көре алмаған қастардың! Тастай батып, судай сіңсін бұл келін, тапқын бес қыз, алты-жеті ұл келін!

*** *** *** ***

Кеш жарық, тойға жиналған қауым! Құрметті құда-құдағилар, құда болып төрге шыққандарыңыз құтты болсын! Құдаларыңыз мыңжылдық болсын! Құдалықтарыңыз мыңжылдық болсын.

Ал, жас жұбайлар, құрған шаңырақтарыңның босағасы берік болсын!

Қазақта жақсы сөз бар: «Тату үйге тақсырет жоламас», — деген. Тату-тәтті, бақытты өмір сүріңдер! Абыройдан ақ отау тігуге талпыныңдар!
Өмір сүрудің екі негізі бар екен:
Біріншісі — үйретуден аянбау;
Екіншісі — үйренуден жалықпау.
Міне, осы қағиданы басшылыққа алсаңдар, иншалла, бақытты боласыңдар деп ойлаймын.

Той ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін! Тойларың құтты болсын!

*** *** *** ***

Таудан құлаған егіз арна қосылды — аяғы теңіз болғай! Бауда ойнаған екі құлынымыз бір ноқтаға бас сұқты — аяғы сегіз болғай!

Біздің ұлымыз — Сіздікі, Сіздің гүліңіз — Біздікі!

Барша гүлдің сыйлайтын ляззаты бір — сұлулық. Ұл-қыз — перзент, ортақ немере сүйіп қуанышымызды бір етелік!

Көзіміздің ағы мен қарасы — қос қошақанымыздың бақыты үшін келіңіз: түйісу болсын, соңынан сүйісу болсын! Құшақ жайып, төс қағысайық, қымбатты құдалар!

*** *** *** ***

Қос аққудай қос ғашыққа төрдегі бар бақытты мен тілеймін жердегі! Жалын атып жүректері сөнбесін, Ібілістің арбауына көнбесін! Бір-біріне серік болсын жалғанда, тау шыңындай биік болсын талғам да! Сүйіп өтсін бірін-бірі мәңгілік, ғұмыр кешсін өмірлерін ән қылып!!!
Алтыннан ардақты, күмістен салмақты құдалар!
Төрге шығыңыз, сырласып жанымыз қосылсын!
Досымыз қуанып, дұшпанымыз тосылсын!
Төреленіп төрге шыққандарыңыз құтты бола берсін!
Әрдайым денсаулығыңыз мықты болсын!

*** *** *** ***

Бір күні бақ келіп жаңа отаудың есігін қағыпты:
— Кім-ей бұл? —депті жаңадан түскен жас келін.
— Мен Бақпын ғой, үйіңе кіргіз, — депті Бақ.
— Жоқ, есікті аша алмаймын: төргі үйде атам жатыр, ауызғы үйде өзіміз жатырмыз, — дейді келін.
Екінші күні есік тағы да тықылдапты.
— Бұл кім?
— Мен – Дәулетпін ғой, үйіңе қонып кетейін, — депті есік сыртынан Дәулет.
— Жоқ үй бос емес, — деп тағы да есігін ашпайды.
Үшінші күні есік тағы тықылдайды.
— Кім екен дейді? — дейді келін.
— Ынтымақ едім. Келін есікті ашып, Ынтымақты үйіне кіргізіпті. Барлығын естіп жатқан атасы сонда:
— Дұрыс жасадың, шырағым, ынтымақ орын алған жерге бақ пен дәулет өзі-ақ келеді, — деген екен.

Біз де отауларыңыздан өмірлік ынтымақ кетпесін деп тілегіміз келеді.

*** *** *** ***

Шарықтап бақыттың жүр өмір көгін,
Қосылған қос бәйтеректей, армысыңдар!
Той үстінде гүлдесін көңілдерің
Ақ ниетті көпшілік алңысынан!

Бұл жүрек қуанышқа тойған емес,
Сол алғыстан гүлдесін дала мынау.
Марат та сабау басты бойдақ емес,
Сен енді күйеу болдың, қарағым-ау!

Күтеді сыбағасын алдан көп күн,
Жаныңның оты мәңгі жалындасын.
Киноға жеке барар халден кеттің,
Сен енді келін болдың, қарындасым.

Кешегі ұяң ........ қыз да бүгін келін атанды,
Енді адал ана болсын, адал сүйсін Отанды.
Марат-інім қос жұлдызға әке болсын ақ шашты,
Сол болашақ ұрпақ үшін берейін мен батамды.

*** *** *** ***

Той бастап жатып сыйлас, дос адамым,
Жақсы сөз-лебіздерді қош аламын.
Тілейміз биіктігін шаңырақтың,
Тілейміз беріктігін босағаның.

Шырқаса шабыттанып ақын бүгін,
«Тойбастар» деп айтайық атын мұның.
Мәңгілік екі жастың бақыты мен
Тілейік құдалардың татулығын.

*** *** *** ***

Өмір-тойы, көңіл-тойы – үйлену,
Үйлену, бұл – мәңгі көктем күйге ену.
Жаңа отаудың қабырғасы қаланып,
Дүниеге тағы да бір үй келу.

*** *** *** ***

Білімің қатарыңнан асып өтсін,
Бақытың абыроймен тасып өтсін!
Артыңнан өлмейтұғын ат қалдырып,
Жалғанда жалпағынан басып өтсін!
 
Нұрланып жол ашылсын қадамыңнан,
Мерейің үстем болсын талабыңнан,
Ұл мен қыз қуанышы қабаттасып,
Көркейсін келініміз балағынан!

*** *** *** ***

Ағайынның ақ ниеті деп ұғын,
Келін-бала, ажырамас тел ұғым.
Елден бұрын төбем көкке жетеді,
Десе біреу: «Жақсы екен келінің!»

*** *** *** ***

Кел сүйейін маңдайыңнан, кел, күнім,
Ақ тілеуім ақ отауға ен, гүлім.
Шайқап ішіп бал шарабын бақыттың,
Қуаныштан мас болайын мен бүгін.

*** *** *** ***

Бірге тойлап жастардың қуанышын,
Байқатайын жүректің жыр ағысын.
Көтеремін, туғандар, осы тосты
Ұл-қызы ортақ құдағи-құдам үшін!

*** *** *** ***

Өмірлері бақытты, әнді болсын,
Өңірлері осындай сәнді болсын!
Достық пенен жастық шақ жалын атып,
Ақ махаббат баянды, мәнді болсын!

*** *** *** ***

Халқыңа қалаулы бол,
Еліңе елеулі бол.
Бір баламыз екеу болсын,
Жас жұбайлар одағы бекем болсын!

*** *** *** ***

Егіз аққу сияқтанған достарым,
Бастапсыздар жұбайлы өмір-дастанын.
Мықты болсын тіккен ордаң-отауың,
Құтты болсын алғаш түндік ашқаның!

*** *** *** ***

Бір ісіңнен асып түсіп бір ісің,
Шарықтасын құт-береке – ырысың.
Отауың да кішігірім – отаның,
Мәңгі болсын.

*** *** *** ***

Шаңырақ көтеріп, қос аққудай, жанұя құрған
..................мен ............... заңды некелерімен құттықтай отырып, жырдан шашу шашамыз.
 
Орындалып тәтті арман тілектері,
Бірге соғып шын ғашық жүректері.
Жас шаңырақ иесі болды бүгін,
Қасиетті қазақтың түлектері.
 
Артқа тастап бүлдіршін бала шағын,
Тұтандырған өмірдің жаңа ошағын.
Жас жұбайлар бабалар дәстүрімен,
Жалғастырар халқымның болашағын.
 
Армандары сезіммен сабақтасып,
Махаббат пен бақыты қабаттасып.
Ұлтымның ұлылығын ұластырар
Қос аққудай жараса қанаттасып.

*** *** *** ***

Құрметті  ....... мен .......!

Сіздерді бүгінгі салтанатты заңды некелеріңізбен, отау құрып, шаңырақ көтерулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге тілерім жаңа өмірге қос аққудай қол ұстасып бірге аттанған қадамдарыңыз құтты болсын! Отбасының қуанышын, алдағы бар өмірлеріңізді сыйластықпен бірге өткізіп, келешектерің тек сәттілікпен жалғаса берсін.

Өз жарыңды жаттай күт, жат көрсін де түңілсін, бір-біріңе қадір тұт, жұрт үлгі алсын, үңілсін дегендей екі жүрек сенімдерің ақ, бір-біріңе деген сезімдерің пәк болсын.

Жақсы әйел – жігітке біткен бақ, жақсы жар, жайлы қоныс – алтын тақ дейді. Шаңырақтарыңыз биік босағаларың берік болсын

................. Жаңылға адал жар бол, Жаңыл осы шаңыраққа қонған бақ құсы бол. Ата-ана, туған-туыс пен бауырларыңызға сыйлы және үлгілі отбасы болыңыздар. Әрдайым шаңырақтарыңыз шаттыққа, бақытқа және сәбидің үніне толсын.

*** *** *** ***

Тілерім өздеріңе бақытты өмір,
Қуаныш келе берсін ағыл-тегіл.
Шыны-аяқ сылдырламай тұрмас, сірә,
Қиын сәтте бір біріңді кешіре біл.
 
Жаңа өмірге енді есік ашқасын,
Шаңырағыңды реніш мұңы шалмасын.
Өмір атты ашық аспан астында,
Қалықтаңдар қанаттарың талмасын.
 
Қайырлы кеш отырған құдаларым
Бола берсін осындай қызықтарың
Сіздерменен біздерді табыстырған
Аман болсын ........ қарақтарым.

*** *** *** ***

Қол ұстасып бастадыңдар жол басын,
Жүректерде үміт-арман жанғасын.
Ғашықтықтың сөндірмеңдер жалынын,
Махаббаттың Тәңірі бар...
Сол сендерді қолдасын! – деген
Жүректен шыққан тілегімізді арнадық.
 
Жас отау иелеріне мықты денсаулық, жарастықты ғұмыр, баянды махаббат тілей отырып, шаңырақ шаттығына бөлене беріңіздер демекпіз.

*** *** *** ***

Қадірлі қонақтар! Бүгінгі қуаныштың қымбатты иелері!

Сіздерге осы қуанышты күнде босағаларыңның берік, керегелеріңнің кең, абыройлы, көңілдеріңнің тоқ, адал еңбектің арқасында табыстарыңның мол, алақандарыңның ашық, өмірге машық, жаңалыққа ғашық, ұрпақтарыңның ер болуын тілей отырып, мына өлең жолдарын өздеріңізге арнаймын;
 
Өмірдің тойы, көңілдің тойы – үйлену,
Үйлену – бір көктем мәңгі күйге ену.
Жаңа отаудың қабырғасы қаланып,
Дүниеге тағы да бір үй келу.
 
Тілейміз биіктігін шаңырақтың,
Тілейміз босағаның беріктігін.
Мәңгілік екі жастың бақыты мен,
Тілеймін құдалардың татулығын.
 
Өмірлерің бақытты әнді болсын,
Өңірлерің осындай сәнді болсын.
Достық пен жастық шақ жалын атып,
Ақ махаббат баянды, мәңгі болсын!

*** *** *** ***

Қанша ғашық арманына ұмтылды
Қанша жүрек құштарлықпен бұлқынды.
Ғашықтарды құрмет тұтып адамзат
Ешқашанда ұмытпайды бұл күнді!
Шуақ шашып қап-қараңғы түнектен
Ғашықтарды пәк сезімнен нұр сепкен
Жарық болсын әрқашанда жұлдызың!

*** *** *** ***

 

Балалықтың дәурені артта қалып, бірің бой жеткен, екіншің бозбала атанған күндердің өткелінен де аттадыңдар. Жас отаудың керегесін кеңейтіп, босағасын берік, шаңырағын биік етсек, ата-аналарымыздың арманы мен мақсатын орындасақ деген ізгі ниетпен тағы бір өмір белесіне аяқ басып отырсыздар.

Екеулеріңіз қол ұстасып, көңіл жарастырып отбасылық тірлік құруға бел байлағаннан кейін екі жаққа да мейірбанды, бір біріңе сыйлы болғандарыңызды, өскен өркендеген шаңыраққа айналуларыңызды тілейміз.

Ең алдымен қалыңдыққа бір-біріңді қадірлей, азамат басын сыйлай біл десек, күйеу жігітке құлаққағыс етеріміз, сыңарыңды мәңгілік көктемнің гүліндей аяла, ертеңгі өмірге келер ұрпағымның анасы деп алақан жылуын, жүрегіңнің нұрын төк, демекпіз.

Шығыстың даналығында; «Бұтағы көп ағашқа құс қонады», - дейді. Дос-жарандарыңның, ағайын-туыстарыңның алдында қадірлерің төмендемесін. Бақ-дәулеттерің, құт-берекелерің бастарыңнан жайылған дастархандарыңнан, тіккен отауларыңнан қашпасын!

*** *** *** ***

Қазіргі өмір бұрынғыдан естірек,
Аяласын, әлдилесін деп білед.
Алдарыңда әлде қандай өмір бар,
Қысылғанда бірге соқсын қос жүрек.

Ал, бауырым, құтты болсын қадамың,
Бастағаның есік ашып жаңа өмір.
Ыстығы да, суығы да кезігер,
Қиын  сәтте бір-біріңді сыйлай біл.

Ал, келінім, өзіңе айтар тілегім -
Жаңа көктеп келе жатқан сен бір гүл.
Мәңгі солай бүршік жарып гүлдей бер,
Бір-біріңе адал болып жүрегің.

Айтарым ........ пен .......... -
Көсіл деген қарап өз заманыңа.
Қиын сәтте бір-біріңді кешіре біл,
Шыны-аяқ сылдырламай тұрмас, сірә.

Аяулы алақанның аяулысы,
Қадірлей біл қондырған бақ құсыңды.
Ақылдасып шешімін өздерің шеш,
Алдарыңда болатын талай істі.

Осы қызық көрем деген армандары,
Тағдыр бірақ көруге жазбағаны.
Жылы лебіз, ыстық құшақ естен кетпес,
Марқұмдардың ақыл ғып айтқан сөзі.

Ағайын тату болса ат көп деген,
Абысын тату болса ас көп деген.
Арнаған сыйлықтарын берем дейді,
Қарындас, келін, апай, жеңгелерің.

Ал тілерім бәріңе: бақытты өмір,
Қуаныш келе берсін ағыл-тегіл.
Бала деген бақыт бар барлығыңда
Қыз ұзатып, барлығың да келін түсір.  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Адам

Оқып отқан жанға, иә, иә, саған бақыт тіледім!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз