Өлең, жыр, ақындар

Досымның үйлену тойына тілек

Бұл күні тойың боп жатыр,
Ей, асыл досым елдегі.
Мені де ортақ деп білгін,
Шаттыққа осы сендегі.
 
«Тілегім айтар –
Болғай да
Келіннің құтты аяғы», -
деп жатқан ұлы тойыңда
Жан досыңмын ғой баяғы!

*** *** *** ***

Өмірде қалса екен жарқын іздер,
Жарасып, қол ұстасып өтіңіздер.
Жұптарың жазылмасын өмір бойы,
Арманға – алтын тойға жетіңіздер.

*** *** *** ***

Айтар біздік тілек – сол:
Тойың тойға жалғассын!
Ойың ойға жалғассын!
Заңғар ұл-қыз отау тіксін,
Ұрпақ көрсін – жалғассын!
Тотыдайын таранған бұл ханымның,
Аппақ қардай әже болып,
Етегіне немерелер, шөберелер жармассын!
Бұл тілектер орындалып жатқанда,
Өзің де, құрдас-досым жерде қалмассың!

*** *** *** ***

Махаббаттың қанып ішіп кәусәрін,
Бір-біріңе ауып тұрсын аңсарың.
Қос аққудай мәңгі бірге жүзіңдер,
Өмір деген өткел бермес қарсы ағым.

Үлгі болып басқаларға тірлікте,
Шаңырақтың беріктігі бірлікте.
Бір-біріңе сүйікті де сыйлы боп,
Ата-ананың көңілдерін кірлетпе.
 
Қуаныштан тебіреніп әке-шеше жүрегі,
Қайда жүрсе бақыт тілеп жүреді.
Өмірлерің балдай тәті болсын мерейлі,
Достарыңның айтар осы тілегі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз