Өлең, жыр, ақындар

Үйлену тойындағы ата-ананың ақыл-кеңесі

Ер мен әйел отбасының екі ірге тасы екені белгілі. Бұл өмірде үлкен бір кедергі болмаса, еш себепсіз тұрмыс құрмау — дүниеге ұрпақ әкелу міндетінен қашқандық болып саналады. Сондықтан бүгін неке суын ішіп, ерлі-зайыпты болып, бір ошақ басында бірлесіп-жұптасып өмір сүрмек боп шешкен екі жасты, олармен бірге әке-шешесін, барша туған-туыстарын осы салтанаттарымен құттықтаймыз. Ата-анасы «ұлым — ұяға, қызым — қияға қонды», «біреуім екеу болды», «өрісім кеңейді» деп қуануда. Қоғамымызға тағы бір жас отбасы келіп қосылды. Отан — отбасынан басталса,  қоғам — екі жастың жараса көтерген шаңырағынан құрылатыны мәлім.

Қарақтарым, үйленіп, үй болдыңдар міне. Қиналсаң — жасып кетпеуіңе себепкер болып, дем беретін — жалғыз жан-жарың. Қандай жағдайда да әйел күйеуіне, күйеуі әйеліне сүйенеді. Енді қуанышты да, қайғыны да бөлісіп, ортақтасып, өмірлік жарыңның әр уақытта қасынан табылуды мақсат тұтыңдар.

Өмірлік серігім деп бас қосқан жарыңды сыйлап, күте білу, оның артық кемді мінезін түсініп,  кешірімді болу — кішірейгендік емес, әдептілік, білімділік, кісілік. Себебі, ерлі-зайыптылар — бір бүтіннің жартысы. Жан-жарыңды сыйлағаның — өзіңді сыйлағаның, Тату отбасының жолдас-жораларының арасында беделі жоғары, басы сыйлы болады. Жақсы жардың жанын жаралап, көңілін қалдыратын мінезден аулақ болыңдар. Мінеки, бұл көпті көрген, аяулы ата-аналардың қай-қайсының да ұл-қызына жол көрсетер кеңесі.

Ұшқан ұяларыңды, аялап өсірген ата-аналарыңызды ұмытып кетпеңіздер. Сендер де  ертең солардай үлкен қара шаңырақтың иесі болып, түтін түтететіндеріңді  есте сақтаңдар.

Өмір тәжірибесі көрсеткендей, шаңырақ бақыты — отбасының жарасымынан басталады. Сөз соңында біз осы екі жас тәрізді шаңырақ құрып, екі ата-ананы, бір-бірімен құда-құдағи етіп жақындастырып отырған жастарды ақ отауларына бақыт пен адал махаббат, тату-тәттілік тілейміз!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз