Өлең, жыр, ақындар

Digital autumn: sensations VR фестивалі

Қазанның 27-сі - қарашаның 6-сы аралығында Алматы қаласында “Digital autumn” VR фестиваль өтті. Аталмыш шара Ташкентте, Мәскеуде және Алматыда өткізілуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінен 8 студент осы фестивальда медиаторлар жұмысын атқарды. Енді осы шараның ерекшеліктері туралы айтып кетейін. VR - виртуалды кеңістік деген мағынаны береді. Біздің мақсатымыз - виртуалды кеңістік арқылы адамдардың жанашырлық, қызығушылық секілді сезімдерін тудыртып, әлемде болып жатқан өзекті мәселелерге назар аударту. 

Аталмыш шара Франция елшілігі көмегімен ұйымдастырылғандықтан, біз Француз авторларының 9 жобаларын жариялаған болатынбыз. Әр жоба алып, әрі маңызды мағыналарды жеткізеді. Соның ішінде жеке маған ұнаған үш жоба туралы айтып кетейін. 

Ғарышкер өмірі / Being an astronaut: бұл жобаны көрген кезде, сіз ғарышкер мамандығының ерекшіліктерін түсінетін боласыз. Ғарышкердің шын дайындығын, байқоңырдың шексіз даласын, ғарыш құрылғыларын және ғарышқа ұшуды көру - сөзбен жеткізілмес балалық бақыт. Виртуалды көзілдірікте екеніңізді ұмытып, қоршаған ғажайыпқа басыңызбен сүңгіп кетесіз. Виртуалды кеңістік - 21 - ғасырдың адамзатқа берген сыйы. Көбісі жете алмайтын таңғажайып ғарышты көру және өзіңді бір мезетке ғарышкер ретінде сезіну - VR көзілдіріктің сиқыры.

Соқырлық туралы жазбалар / Notes of blindness: бұл жоба Джон Халлдың соқырлықтың сенсорлық және психологиялық тәжірибесіне негізделген иммерсивті виртуалды шындық жобасы. Оның күнделікті жазбалары соқырлықтың когнитивті және эмоционалды тәжірибесі болып табылатын осы интерактивті фантастикалық емес әңгіменің негізін құрайды. Яғни біз соқыр адамдардың есту, сезу арқылы осы әлемді қалай “көретінін” бақылаймыз. Бұл шынымен де пайдалы тәжірибе, денсаулығы осал адамдардың өмір салтын түсінуге мүмкіндік береді. 

Танысыңыз, Мұртаза / Meet Mortaza: маған ең үлкен әсер сыйлаған оқиға. Мұртаза - Ауғанстаннан қашып кеткен босқын. Оның бұрынғы өмірінде мін болған емес: ата-анасымен құрметке толы қарым-қатынас, жан достар және Кабулдағы бизнес. Бірақ Мұртазаны еш себепсіз өлім жазасына кесті. Жоба оның Кабулдан Парижге дейінгі саяхатын көрсетеді. Бұл төрт айлық ұзақ сапар қорқынышқа, сонымен қоса үлкен үмітке толы болады. Кейбір кездерде тамақтан тек бір шыны су мен бір түйір алма ғана болады. Қиыншылықтар бас кейіпкерімізді сындырмай, соңында ол өз дегеніне жетеді. Қазір Мұртаза Парижде тұрады. Ол керемет отбасы құрып, Ауғанстаннан қудаланған босқындарға көмектесуде. Жобаның ерекшелігі - оқиға шын өмірден алынған. Мұртаза сияқты босқындар мыңдаған адам санын құрайды. Оларға көмек қолын созу - біздің міндетіміз.

Виртуалды кеңістік адамға жаңа сезімдер сыйлайды. VR көзілдірік арқылы алған тәжірибе әр 21 ғасыр адамына қажет деп санаймын. Жаңашылдыққа ашық болайық, сонда ғана өмірдің ең жарқын жақтарын көруге бейімделеміз.

Төлепберген Айһаным

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті, Кино&медиа мамандығының 1 курс студенті.

Жетекшісі: аға оқытушы, куратор - Н.Б. Рушанова


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер