Мектеп бітірген әрбір түлектің жүрегінің түкпірінде болатын үлкен арманы ең үздік, жоғарғы университеттің студенті атану. Әрбір бітіруші түлек өзінің болашағын Қазақстандағы мықты, беделді университеттен білім алып дамуымен елестетеді. Менде осыдан бір жыл бұрын жүрегінің түкпірінде асқақ арманы бар, үлкен қобалжумен жүрген бітіруші түлек болдым. Дәл осы сәтте мені кемел болашаққа жетелеген, алға қарай қадам басуыма үлкен мотивация болған, талай мықты мамандарды білім нәрімен сусындатып, оларға зор мүмкіндік сыйлаған, мүмкіндіктерге толы-ҚазҰУ еді. Әлемге жаңа көзқараспен қарайтын, жанарында жалынды оты бар, жаңашылдыққа құмар жас үшін ҚазҰУ-дың студенті болу бірден-бір таптырмас мүмкіндік пен жетістік деп санаймын. Себебі араға бір жыл салып өзімнің жылдар бойы армандаған университетіме грант жеңіп алып, Алматыға келіп, ҚазҰУ-ды көргендегі сезімім тым бөлек еді. Қала ішінде «Казгуград» қалашығы аталып кеткен құтты мекенде студенттер алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалынған. Қысы, жазы қалпын өзгертпейтін ҚазҰУ қалашығы кімді болмасын таңқалдырары сөзсіз. Себебі қалашыққа кірген уақыттан бастап, сіз университеттің биік-биік ғимараттарының, хош иісті гүлдері мен жасыл-желек ағаштарының кереметіне куә боласыз. Жатаханаларға қарай жол тарта бастасаңыз алдыңызда аспанмен астасқан биік, әсем таулар ерекше көрініп тұрады, осының барлығы студенттерге ерекше күш-қуат пен білім алуға деген құштарлық сыйлайды.
Қалашығымызда ерекше тоқталып өтер көптеген орталықтарымыз бар, солардың ішінде-жыл сайын халықаралық, мемлекеттік деңгейде әртүрлі жиындар мен концерттер өткізіліп тұратын Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы. Студенттер сарайы Қазақстандағы ең әдемі концерт залдарының бірі, мәдени-іс шаралар өткізілетін бағыттағы нысандар арасында үлкендігі жағынан Республика сарайынан кейінгі екінші орында. ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында 1620 орын бар және студенттер мен жастардың әртүрлі мәдени өнерлерін шыңдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, қалашық төңірегінде спортқа жаны құмар жалынды жастар үшін де жағдай жасалып, ауқымы кең спорттық кешендер көптеп салынған. Студенттердің барлық қажеттіліктері мен мәселелері шешілетін «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы да өз жұмысын жоғары деңгейде атқарады. ҚазҰУ қалашығы түгелдей дерлік тегін WI-FI интернет желісімен қамтылған.
ҚазҰУ-дың көркі мен беделін арттырар тағы бір білім орталығы-Әл-Фараби кітапханасы. Кітапхана Орта Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие, қазіргі уақытта кітапханадағы кітаптар қоры 2 миллион асқан. Кітапханадан студенттер өздеріне керек кез-келген оқулық пен әдеби шығармаларды таба алады, егер қажеттілік туындаған жағдайда студент жетіспей қалған кітаптың электронды нұсқасын дереу тауып, оқи алады.
Сонымен қатар, Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы 15 қаңтарда қалаған уақыттан бастап қай саладан болса да Қазақстандағы ең жоғары білім беру ұйымдарының тірегі, олардың ішіндегі ең беделдісі, білімгерлердің ордасы болып келеді. Университет 2012 жылғы қорытынды бойынша әлемдік үздік жоғарғы оқу орындарының ішінен 390-шы орынды иеленді, «Алтын сапа» премиясымен марапатталды. Қазіргі таңда, ҚазҰУ-көп елдер мен қалалардың, шетел азаматтарының басын қосып, қара шаңыраққа айналып отыр. Университет 37 сала бойынша мамандар дайындайтын жоғарғы оқу орнына айналып, жақында ғана ғылыми-зерттеу орталығы атағын алды. Университеттің білім деңгейі жоғары дәрежеде, 2000 мыңнан астам жоғары білікті мамандар дәріс береді, оның ішінде 1000-нан астамы ғылым докторы мен кандидаты.
ҚазҰУ-дың студенттерге беретін мүмкіндіктер қатарына олардың шет елдерге шығып, өз білімдерін жалғастыруын жатқыза аламыз, яғни студенттер көршілес шет елдерге барып оқып, тәжірибе алмасып келе алады.Әрине, бұл үшін студенттің тіл байлығы мен өзге тілдерді жетік меңгеруі өте маңызды. Осы орайда, университет қабырғасында қазіргі заман талабына сай, үш тілдік деңгейде оқыту жүйесінің қарқынды дамығанын тілге тиек еткім келеді. Университетте дәріс беретін тіл мамандарының деңгейі өте жоғарғы дәрежеде, мысалы қазіргі уақытқа ең керек ағылшын пәнінің күнделікті дәріс өту барысы басқалардан ерекше деп толық айта аламын. Білім беретін ұстаздың студенттермен ара-қатынасы өзіне сөзсіз баурайды, әрбір дәрісте сабақтың ерекше тәсілмен қызықты әрі пайдалы өтілуі-ұстаздың үлкен жауапкершілігі мен өз пәнінің нағыз майталманы екенінің дәлелі. Сабақ барысында студенттердің өз ойларын ашық айтып, тіл байлықтарын дамытып, ағылшын тілінде еркін сөйлеулеріне үлкен мән беріледі.
ҚазҰУ-дың тағы да бір ерекшелігі мұнда студенттер тек білім тұрғысынан дамып қана қоймай, өздеріне жаңа орта сыйлайтын әртүрлі ұйымдарға қосылып, студенттік өмірлерін активистикамен қызықты ете алады. Соның ішінде «Көмек» Қоғамдық қоры, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіп одағының қоғамдық бірлестігі, және ҚазҰУ қалашағы мен жатахана өмірінің тазалығына, тәртібіне жауапты «Жоғары Студенттер Кеңесі» мен «Құқықтық тәртіп сақтау жасағы» сынды ұйымдар өз жұмыстарын белсенді түрде атқарады. Студенттерге жыл сайынғы өткізілетін ғылыми-практикалық конференцияларға, республикалық және аймақтық жобаларға, олимпиадалар мен конкурстарға қатысуға толықтай мүмкіндік жасалған.
Қорытындылай келе, ҚазҰУ-білімнің алтын кеніші мен мүмкіндіктер мекені деп сөзсіз айта аламыз. Университет қабырғасында оқыған әрбір жалынды жас студент-еліміздің ертеңі, ұлтымыздың айнасы болар ерекше тұлға болып қалыптасатынына еш күмән жоқ. Сол себепті де, мен өзімнің Қазақ Ұлттық Университетінің студенті болып білім алып жатқанымды-өмірімдегі ең үлкен жетістігім мен сәттілігім деп ойлаймын.
Ақпараттық технологиялар факультетінің 1-курс студенті: Батырбек Арайлым Қайратқызы
Жетекшісі: Жемилова Мадина Маратовна
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі