Өлең, жыр, ақындар

Адам мен қасқыр

Шерхан Мұртазаның шығармашылық жолға келуі өзі дүниеге келген ашаршылық жылдармен, басына түскен қиыншылқпен, балалық шақтың ащы дәмін сезіп, ерте есеюімен байланысы жоқ десек – өтірік. Жазушы Зейнолла Қабдолов айтпақшы: "Әр автордың туындысында қозғалатын тақырып пен идея – әдеби шығарманың мазмұны. Ал әдеби шығарма мазмұнды болу үшін, әдебиетшінің өмірінің өзі мазмұнды болу қажет". 

«Ай мен Айшаны» қолға алғанда көзге бала Шерханды елестететініміз сөзсіз. Шерағаның кітабын емес, кішкентайынан заманының қасіретін көріп, азабына көнген Барсханның әңгімесін оқығандай әсер етеді. Барсхан өз әңгімесінде қиындыққа шыдаған анасына деген махаббатын, алғысын айтып ғана қоймады. Ол Айшаның айтатын ертегі, аңыздары арқылы әр уақытта өзекті тарихи тақырыптарды көтерді. 

Көк Бөрі — ежелгі түркі халықтарының киелі жануары. Қазақ халқы қазіргі күнге дейін ержүрек, батыл жігіттерді Бөріге теңейді. Көркем шығармаларда қасқырдың бейнесі әртүрлі кейіпте көрініс табады. 

Шерхан Мұртаза “Ай мен Айшасының” бір бөлімінде қасқыр мен адамның айырмашылығын айтады: «Қасқыр затын адамдар жек көреді. Көбі қорқады, тіптен бәрі қорқады. Малын жеп қояды, содан өштеседі. Ал – адам мал жемей ме? Жейді. Оны ешкім кінәламайды. Қасқырдың адмнан өзгешелігі – адам бәрін жей береді. Шөп-шаламды да азық қылады. Тіпті бақа-шаян жейтін ел де бар. Ал, қасқыр шөп жемейді. Тек емдік үшін болмаса, шөп атаулыны аузына алмайды. Қасқыр тек етпен қоректенеді. Су ішеді. Арақ ішпейді. Ол құдайдан шекер мен бал сұрап жатқан жоқ. Оның бәрі – адамның ермегі. Қасқыр адамдар сияқты тойымсыз емес. Бөрі баласын жұрт: «қомағай» деп ғайбаттайды. Қомағайлық алдымен адамға тән. Құдай солай жаратты. Оған бөрі баласы кінәлі ме? Амал жоқ, ет керек, еттен басқа қорегі жоқ». Жазушы осылайша адамдардың тойымсыздығын әшкерелеп, қасиетті киемізді көптің жаласынан ақтайды. Өскелең ұрпаққа, кейінгі оқырманға қазақтар үшін бөрінің биіктігін көрсетеді. 

Шерағаның бұл ойын Мұхтар Әуезов шығармасының желісімін түсірілген “Көксерек” фильмімен де байланыстыруға болады. Көксерек қанына тартып ашулы болған жоқ. Аханғұл ашындырды. Ол Құрмашпен, лақпен, ауыл иттерімен де тату болғысы келді. Бірақ оған мұндай мұрша бермеді. Ақыры кетуге мәжбүр етті. Ол оралып, Құрмашқа тап берді. Бұл жерде де қасқырды кінәлі дей алмаймыз. Себебі Құдай солай жаратты. Ал адам баласында басқа тіршілік иесіне берілмеген ақыл-ой бар. Демек, адам өзіне берілген артықшылықпен өзге тіршілік иесін басқара алады. Мысалы, Оралхан Бөкейдің “Қар қызында” бір топ қасқыр қыстың қақ ортасында далада қалған үш жігітке қарай тап береді. Бірақ жігіттер амалын тауып, жыртқышқа жем болмайды. Міне, осылайша тотемдік жануарымыз өзіне тән қасиеттерімен  әдебиетімізден орын алады. Авторлардың түпкі ойы адамның жануардан артықшылығын көрсетуге бағытталғанмен, ерекше ой иелерінің бұл туралы ойланбайтынын көрсетеді.

Шерхан Мұртаза анасына арналған “ескерткішінде” тек заманының ауыртпашылығын айтып ғана қоймай, ұлтымызға, тарихымызға, жаратылысымызға қатысты мәселелрді көтерді. Оның кітабында адамдардың көкейін тесіп жүрген көп сұрақтың жауабын табуға болады. 
       
Жұлдыз ЖАМЕНКИНА


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз