Балқаштың арғы жағындағы арғын елінің барымташылары келіп, жалайырдың бір жылқышысын ұрып өлтіріп, жылқысын айдап әкетеді. Ел құлақтанып, «әне, міне» дегенше мұз түсіп кетіп, қуғыншылар бара алмай қалады. Араға жыл салып, жалайырлардың игі жақсылары жиналып, Дарабоз бәйбішемен ақылдасыпты. Дарабоз ана — адамзаттың алғыры, ақылға бай, ойға терең, кемеңгер екен. Келгендердің бұйымтайларын тыңдап болып:
— Қайын, қайнаға, қарындастарым, ат терлетіп арнайы келіп қалыпсыздар. Менің затым әйел ғой, сіздерден асып не айтайын. Сонда да болса, арып-ашып қалмас үшін азық-түліктеріңді артына барыңдар. Оған біздің үйдің ақбас атанын алыңдар. Жас та болса жасындай екпіні бар, төре би етіп, Ескелді қайнымды апарыңдар. Иншалла, жаман болмассыңдар, — дейді.
Сонымен Жалайырдан жиырма адам іріктелініп, атқа қоныпты. Ескелді бидің он сегізге толған шағы болса керек. Жолаушылар жеткен кезде Арғын ата балалары он екі қанат үйдің шаңырағын ат үстінен көтеріп, уықтарын шаншып жатыпты.
— Ойпырмай, мына үйдің зорын-ай, — депті ойында ештеңе жоқ бір жалайыр. Оны құлағы шалып қалған арғын жігіттердің бірі:
— Сіздер жақта ел негізінен жаппада отыратын шығар, — деп қағытып қалыпты. Абайсыз сөйлеген қонақ бармағын тістеп қала беріпті.
Жалайырлар жайғасып, арғындар күтіп, әй-шәй болып отырғанда Дарабоз ананың ақбас атаны шаңырақтан мойнын созып, басын қылтитыпты. Ойында дәнеңе жоқ алаңғасарлау бір жігіт арғыннан да табылмасын ба:
— Астапыралла-ай, мұндайда алып атан болады екен-ау, — деп қалыпты.
Есе қайырар жерді Ескелді жіберсін бе:
— Сіздің ел көшкенде үйлерін бота-тайлақтарға артушы ма еді? — деп түйреп тастайды.
Бұл өзі алты алашқа аты жайылған әйгілі Қараменде бидің заманы болса керек. Дітшіл, топшылағыш би бір шараяқ бидай көже құйғызып, ағаш қасықты шалқалатып, меймандарға жібереді. Қонақтар жағы аң-таң болып, бір-бірлеріне қарасады. Сонда Ескелді әбжіл қимылдап, дереу көженің қоюын сүзіп ап, ақсақалдарына асатады. Онан соң көжені қасық пен әбден араластырып, қоюынан енді өзі бір асап, қасықты төңкереді де, үй иесіне қайтарады. Ауыл жігіттері көргендерін бұлжытпай байекеңе жеткізеді.
Ауыл иесі енді ағаш астауға салып, бір үйме ет жібертеді. Ескелді астау ішіндегі тайдың шекесі мен қойдың басын қолына алып, дастарқанның шетіне қояды. Онан соң еттердің арасынан қой мен тайдың жамбасын тауып, екеуінің де шұңқырындағы еттерін ойып, жанындағы ақсақалдарына асатады. Сонан кейін ғана:
— Ал, жей беріңіздер, — дейді.
Мұны да ауыл жігіттері бұлжытпай байекеңе жеткізеді.
Ертеңіне Қараменде би қайта сойыс сойғызып:
— Жалайырдан алынған барымтаны да, өлген адамының құнын да дайындаңдар, — деп арғынға жарлық айтады. Қарамендеге ешкім қарсы келмейтін, айтқаны екі етілмейтін қасиетті адам екен. Бәрі орындалады. Бірақ «жарықтық, Қарекеңнің бұнысы несі, жарты ауыз сөзге келмей, жалайырды жарылқай салды ғой» дегендер болған екен, әлгілерді жиып алған Қараменде би:
— Сөз жүйесін тапса, мал иесін табуы тиіс. Жалайырдың іздегені — әділет, ақ, адал малы мен өлген азаматының құны. Біз күшке салдық. Көптігімізге сеніп, теңдік бермеуге ұмтылдық. Бірақ Алла Тағаламның ғаділеттілігін көрмеймісің, олардан бір бала дана болып туыпты. Енді
біздің өктемдігімізге жол жоқ.
Кеше мен қасықты бетіне шалқалатып салып, бір шараяқ көже жібердім. Ол менің «өз дәулетіміз өзімізде, шалқамыздан жатырмыз. Қайтіп теңдік аласың?» дегенім еді. Іштеріндегі Ескелді деген бала көженің қоюын қасықпен сүзіп, ақсақалдарына асатты да, қалғанын әбден араластырып, өзі де сүзіп жеп, суын қайтарғанда қасықты төңкеріп салды. Ол оның «біз саған төңкеріле келдік. Ақсақалдарымыз дәулетіңді сүзіп жейді. Оған көнгілерің келмесе, жастарымыз жиналып, ырыстарыңды көжедей сапырып, қалған дәулеттеріңді сыпырып аламыз, көп асқанға бір тосқан!» дегені еді.
Ал астаумен ет тартқанда жамбастарды еттің астына жасырып, «дау ескірді, жаңғырта алмассың» деген едім. Әлгі Ескелді дегені шеке мен басты дастарқан үстіне қатар қойып, етті ақтарып, ең астындағы жамбастарды тауып алды. Олардың шұңқырларындағы етті ақсақалдарына асатты. Онысы «басшы адамдарымды елемесеңдер, байлықтарыңды ақтарып, ең асылдарыңды тауып, қарияларға жем етеміз» дегені болатын.
Бұдан артық зінділік те, келісім де табылмайды. Әркімді Құдай өзінің ақ, адал малынан жарылқасын. Берілетін малдардың ішіңде кәрі-құртаң, арық-тұрығы болмасын! — деп малын түгендетіп, Ескелділерді қошаметтеп қайтарыпты.
Содан бастап Ескелді мен Қараменде, жалайыр мен арғын ата балаларының арасындағы ағайындылық бұрынғыдан күшейіп, жақсы бір жаңа қатынас басталыпты деседі кәрі құлақ қариялар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі