Абылай хан бір жорыққа аттанғанында, құс ұшпас, құла дүз (иүз) Бетпақтың сары даласында бір қаракөк кез болды. Және:
— Кімсің? — деп жөнін сұрағанда:
— Көн етікті демесең, көпке та[тыр] өзім бар, көн садақты демесең, көпке тиер сөзім бар. Мен — Балтакерей Тұрсынбаймын, — деді.
— Бәрекелді, атың анық, түсің танық, батыр, жорықтас болайық, — дейді.
— Жалғыз жүрсем де, жан-жағым толып жүруші ме еді, көп ортасына жабыланып (иабыланып) кетуші едім. Сізбен бір сапар жолдас болайын, — дейді.
Ханмен қосылып, Алатауға қарай бет қойып бірге жүрді. Бір ұзын судың бойында көп мола бар екен. Абылай хан Балтакерей Тұрсын[бай] батырға:
— Анау тұрған көп ұлытта бетағашы бар бейіт бар ма екен, [біліп] келші, — дейді, — барып аралап кел, — дейді.
Барды да қайта келді:
— Жалғыз-ақ көрде бетағаш екен, өзгесі тас екен.
Хан ешнәрсе демеді, Алатауға барды, қырғыз болсын, қалмақ болсын, еш шаба алмады. Құздан мал құлап, ер ба- сына бір-бір түйеден олжа үлесті (ұласты). Қыс түсіп кеткен соң, асығып қайт[ты], піс[кен] тамақ таусылды. Мал сойып, ыстық қы[лып] [ішуге] отын табылмады. Қол ашығып, жүдеп...
— Қонаға жетеміз ғой, — деп келе жатыр.
Абылай хан көп қолға білдірместен екі жігітті ілгері оздырды.
— Бүгін қонатын жерде ұлыт бар, соның ішінде біреуінде бетағашы бар екен. Ерте жарықтан барып, соны тауып алып, ақыретін оранып, көрге кіріп жатыңдар, — депті. — Біреуің қайта орынды ғып, тегістеп, адам ашпағандай қып қойыңдар. Түн болған соң мен: «бетағашты алып кел!» деп Балтакерей Тұрсынбай батырды жіберейін. Көрді ақтарып, бетағашқа қол қойып, алып жатқанда: «өлген менің көрімде әкеңнің көз құны бар ма? деп ал жағадан, шошыр ма екен? Шошымас оған, — дейді, — батырлығын сынайық, — дейді.
Хан жарлық қылған соң, екі жігіт бөлініп озып барып, бірі ақыретке оранып, көрге кіріп, бұрынғыдай [кө]рді жауып, білмейтін қылып, бетін жапты да, қойды да жымпитып, екіншісінің өзі бір сайға барып жасырынып жатты да, жер қайысқан қол келіп, ұзын аққан суға төнді. Қол ашығып, күн ақ жауын, от [жағуға] тамызық отын жоқ, Абылай хан айтты:
— Уа, Тұрсынбай батыр, түнеугі көрген молаңның бетағашын [алып] келіп, ерлік [жас]амасаң, қол аштан өлер болды, — депті.
— Бұрын көрген сен болмасаң, [басқалар] тауып алып келе алмас, — дейді [деп] хан Тұрсынбайға айтыпты. Тұрсынбай:
— Тас-талқанын шығарып алып келейін, — деп жөнелді. Бара-ақ тас-талқан қылып, бетағашын шауып, ішіне түсіріп жіберді. Сонан соң қолын созып ала бергенде, көрдің ішіндегі:
— Менің көрімде әке[ң]нің көз құны бар ма? — деп жағасынан шап беріп ұстап ала тұра келді дейді.
— Уай, енеңді ұрайын, ах, пәлен етейін. Сен шалажансар өліп жатқан болсаң, мен сені шын өлтіріп кетейін, — деп, — өлген кісі өліп жата берер болар. Тірі кісі бетағашты алып, жаға берер болар. Өлі саған бола, тірі Абылай аштан өлейін деп жатыр, — деді де үстіне міне түсті де, жалма-жан жеке-ауызын суырып жатыр еді, — басын кесіп тастайын, — деп, шын өлтіретін болған соң, көзі жетіп, шалқасынан жатып күліп жіберді, астындағы батыр жалынды дейді:
— Мен өлі емеспін, тірі кісімін. Сізді сынамаққа хан бұйырып еді.
— Бәсе, солай десейші. Мен ойладым «шалажансар өлген неме, қой, мен шын өлтірейін» деп едім, — депті.
Сонан соң бәрі бас қосып, бетағашын алып келіп, ыстық қылып ішісіп отырғанда, хан жанында отырып:
— Еш нәрседен қорқынышлық болды ма? — дейді.
— Тақсыр, неге қорықпайын? Он алты жасымда әкем пәлен ханға нөкерлікке: «Осы баламды батырлыққа баулып бер!» деді. Сонда бардым, ханның жылқысын бақтым. Жарқырап жаз шыққан соң, күн күркіреп, көк шыққан соң, бір ақ боран болып, жылқы ықты, жылқыменен бірге ықтым. Үш күн, үш түннен соң, күн шайдай ашылды, жылқы жусады. Мен де аттан түсіп, жата қалдым. Көзім ілініп бара жатса, өне бойым мұздай болып, шымырлап бара жатқан соң, көзімді ашып жіберсем, білектей қара шұбар жылан өзімнің дәл үстімнен жүріп, аузыма жақындай бергенде, өзімен аузым толғанша шыдап жаттым. Басы аузыма келді, құйрығы бөлек қалды. Толғап-толғап басын жұтып жібердім. Қорықпасам, жыланды жеймін бе? — депті, — өзімнің жан болып, қорыққаным сол, — дейді.
— Бәрекелді, батырың қатты қорыққан екен, — дейді.
Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі