Біздің бұл қазақ Сыр бойынан ауып келгенде, Ұлытау, Кішітауды қыстап, Сұрқарасортыны жайлап, сол маңа[йға] орын теуіп жүріпті. Баянаулаға «Барлыбай» ұранды Бәсентиін [келіп] «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылынан тышқақ лақ өлтірмей, дін есен қалған екен. Олжабай батыр соны естіп, өзге Сүйіндік — Ұлытау, Кішітауда төртті-бесті үйді соңына ертіп, Баянаулаға келіпті. Кісіден сұрап мал жей ме? Тоқты-торым, тай-тулақ, бұзау-тайыншаны қуалап келіп жей береді.
Барлық Бәсентиін біріне-бірі тығылып, Баянауланың бауырына жиылыпты. Бір байынікіне ту бие сойдырып, жиылыс қылысыпты:
— Осы бір төрт-бес үй қыстай маза бермеді. Ендігі жылы тағы осыны қылады. Бұрынғылар: «Көп қорқытады, терең батырады» дегені қайда? Қарасын өшіріп, көзін жоғалтып кетейік! — десіп отырғандарының үстіне Олжабай батыр өзі кіріп келіп:
— Сендер көшіп кетіп қаласыңдар! Біз айыр өркеш түйеміз жоқ, бауыры сүтті биеміз жоқтықтан, тауда қаламыз. Тас кеміреміз бе, тау кеміреміз бе, үлеспеген еншіміз бар. Көш[ер] елдің көштігі болса, еру елдің ерулігі бар. Еншіміз болса, бөліп, ерулігіміз болса, беріп кетіңдер! — дегенде, үйдің оң жақ босағасына таяу отырған бір ұзын мойын қу ауыз:
— «Біз өзінің қарашығын батырып, көзін жоғалтып кетейік!» — деп отырсақ, мынау не дейді? дегенде, Олжабай батыр ұшып тұра келіп, жеке ауызын қынынан суырып ала ұмтылғанда, анау да жан ұшырып, қолға түспей, қашып шығыпты. Олжабай:
— Сендерге қолымды былғамайын, қылышымды қандамайын! Күні ертең тағалы торы тай қалдырмай, түп көтере жылқыларыңды тиіп алайын да, күш-қайраттарыңды сонда сынарсың! — деп кетіп қалыпты.
Бәсентиін... түн ішінде алас ұрып, бүлініп, үркіп, көше қашып, Ертіс суына тоғытылып, ажалдысы суға кетіп, ажалсызы Ертістен әрмен [арман] өтіп кетіпті.
Сол күндерде Бәсентиін деген рудан, «Таз» аталған ұрпағынан Жасыбай батырдың беті қайтпай жүрген күні екен. өзі мерген, өзі жауырыншы екен:
— Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қалмақтан босатып алған жерім еді. Мен Олжабаймен айтыспай, қара қанға батыспай, тастап көше қашпаймын! — деп, жалғыз үй қалыпты. Бір жаман жобалғы інісі бар екен. Ағасының малы болса, бағып, отыны болса, жағып, ас-суын қылып беру үшін қасында жалғыз-ақ сол інісі қалыпты.
Баянаула тауының қалың ортасында бір көл бар. Сол көлдің күн шығысында бір тасты «Ту тіккен» деседі. «Олжабай мен Жасыбайдың «Айтысамыз» деп, ту көтерген жері» деседі. Екеуі мұнан бұрын жүзбе-жүзге келісіп, бірін-бірі көріскен жоқ екен. Бірін-бірі көріскен соң, «ішпей — мас, жемей — тоқ» болып, өзді-өзімен тойысып (түйісіп), «ұрсамыз, тебелесеміз» дегенді қойысып, қоян-қолтық алысып, құшақтасып, дос болысты.
— Кел, екеуміз осы Баянаулада жаталық,
Қойдай еріп жүрген: бұғы, бұлан,
Аладомбай, керқуданы аталық!
Жалғанды жалпағынан басып,
Мерекеге баталық!
Бұл тауды: «Елсіз қалды, иесіз қалды»
Деп, қалмақ келеді.
Кедергі болып,
Соның жолын тосалық!
Бір асуының аузында мен жатайын,
Бір асудың ауызында сен жат! —
деп, Шойындыкөлді басып өтетұғын жолдың асуында Жасыбай жатты да, «Торайғыр көлі» деген көлді басып өтетұғын жолдың асуында Олжабай жатты.
Ол заманда да қалмақ қосыны тау-тауға бекініп, тауға паналап жүреді екен. Жасыбай жауырын жақты. Жауырынға қалмақ қосыны Қызылтауға үйіліп, төгіліп тосып қалғаны түсті. Қарауыл қарайтұғын тасына шықты. Қызылтауда бір тасқа шығып, қалмақ қарауылшысы да отыр екен. Бұл оны көрді де, ол мұны көрді. Үйіне келіп, жауырын жақты. Жауырынға қалмақ қарауылшысының көбіне айтып барғаны түсті. Ол айтқан екен:
— Асудың ауызында бір жанды қара кердім. Кісі екенін, құс екенін айыра алмадым. Ертең қарауылға тағы шығамын. Кісі болса, тағы отырады. Құс болса, бір жерде қозғалмай отыра бермес, ұшып кеткен шығар, — деп.
Сол сөзі жауырынға түсіпті. Жасыбай қу сүйекті үгіп, күл қылып, бір ақ шүберекке түйіп, бір тулақтың пұшпағына байлап, қарауыл қарайтұғын тасына шығыпты. Шықса, қалмақтың қарауылшысы отыр екен. Күн қатты дауыл, уілдеп тұрған жел екен. Тулақты аспанға ұшырып, күлді шашылатұғын қылып қоя беріпті. Қалмақтың қарауылшысы қуанып, жүгіріп, көбіне барып айтыпты:
Кешегі құс екен, аспанға ұшты, саңғып жіберді. Құс екенін сонан білдім! — депті. Қалмақта да жауырыншы бар екен. Жауырын жағып жіберіп, қарапты да, айтыпты:
Ол — құс емес, кісі. Өзі жауырыншы, өзі мерген. Біздің қарауылшы: «құс екен», — деп ойласын деп, тулақ ұшырып, күл шашылдырыпты. Ал жалма-жан аттарын- ды ерттеңдер! Ердің алдыңғы қасын аттың көтіне қаратып ерттеңдер! Жауырынға аттың басы түспейді, ердің қасы түседі. «Қайтып кеткен екен» деп, бейғам болсын. Түн қатып жүріп, түн ішінде барып, асудың ауызын алып, тұра қалыңдар! — депті.
Қалмақ өз жабдығын қыла береді. Жасыбай үйіне келе сала жауырын жақса, ердің қасы әрмен қарапты.
«Бәлем, қашып кеткен екен ғой» деп, бейғам жата беріпті. Жауырынға нанды да қойды. Сөйтсе, қалмақ түн бойы жүріп, түн қатып келіп, отыз мерген жез айыл мылтығын қатар ұстап тұра қалған екен «Бәлем, енді көрінші! Мың жаның болса да көрейік!» деп. Жасыбайдың ойында дәнеме жоқ, қаннен-қаперсіз (қаннан-қабарсыз) қарауыл тасына шыға бергенде, дәл өндіршектен көздеп, мұрттай ұшырыпты. Байғұс жаман інісі жан ұшырып: «Олжабай, қайдасың?» деп қашты дейді. Қалмақтың Олжабай-Молжабай ойыңда бар ма, асудан асып келіп, көлдің басына үйіліп-төгіліп түсіп жатқанда, сарыала туы салбырап: «Олжабай! Олжабайлап!» келіп қалғанын бір-ақ көріп, топырлап қаша берді. Олжабай мұның алдына шығып, қайыра қайырып: «Қойдай иіріп қырмаған соң, не керегі бар? — деп «Қалмаққырған» тасына иіріп, қойдай қамаған екен. Сондықтан ол тас «Қалмаққырған» атанған дейді.
Сонда Олжабайдың жолдасы Төртуыл Баймұрат деген батыр:
— Сенімен төбелесер бір қалмақ жоқ. Қалған-құтқан болса, маған сауға бермейсіз бе? — деп, түсе қалып шылбырынан ұстап тұра қалған екен.
Сонда Олжабай айтыпты:
— Жасыбайдың бір бармағының құны да толған жоқ, — депті.
«Сонан кейін қалмақ Сарыарқаны көксеп, бері карай бас- қан емес» деседі.
«Қалмақтың тамақ қылып ішетұғын саймандары үйіліп-төгіліп көл басында қалғандықтан, «Шойындыкөл» атанған дейді.
«Жасыбайдың өзін асудың үстінде жұрт жүретұғын жолдың үстіне қойып, ол асудың «Жасыбай асуы» аталғаны — сол» деседі.
Жасыбайдың дене топырақ моласы өткен-кеткеннің атының аяғының астында жиырма жетпеген күнімізде асудан бірге асқан сиысба (сисебе) құлақ шалдар: «Міне, Жасыбайдың моласы» деп, көрсетіп еді. өзге жоғалса да, мола жоғала ма? Жаздыгүні жер қарада жүрген жандар көреді.
Қазақ әулие, бір ауыз сөзі босқа далаға кетпейді: «Жауырыншыны жау алады, Есепшіні жұт алады!». Жасыбайдың өліміне себеп болған өзінің жауырынына сенгендігі.
* * *
«Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау айтады ғой:
Мұсылман (пұсырман) болсаң, кетіңіз
Сырдариядан өтіңіз!
Жиделібайсын жетіңіз,
Кісісі жүзге келмей, өлмеген,
Қойлары екі қабат қоздаған,
Солай қарай жетіңіз! — деп.
— Кел, бозбала, қойға қошқар қоймаңдар! Сиырды бұқасыз, түйені бурасыз, жылқыны айғырсыз қылайық! Малды үш жыл ту сақтап, осыны қылайық! Бізден бұрынғы ауғандар солай ауған. Сол жақта өсіп-өніп, «Ауған елі» атанып қалған. Ауғандардың ілкі (илгі) басы — Асан қайғы.
Анан [онан] — Соратон (сұратон), Қазтуған, Орақ-Мамай, Телағыс, Тама, Шора батыр, Кіші жүзден шыққан — әз Едіге. «Мынау Абылай қанша?» десіп көтеріп, мактағаныңмен, «Жалаң аяқ, жар кешіп, жаным қайда барсам, қалады?» деп жалаңбұт келген сарт қой. Бір күн к...тін орысқа береді, бір күн к...тін шүршітке береді. К...тін шүршітке бергені емес пе? Тұла бойы тұңғышы Әділді шүршіт патшасына: «ақ үйліге» берді. К...тін орысқа берген емес пе? Кіші жүздің жерінің шұрайлы жерінен Троицкиді жәрмеңкелікке берді. орта жүздің жерінің шұрайлы жерінен Қызылжарды жәрмеңкелікке берді. Кел, осыдан кетелік. Жер шұрайы Жиделібайсынға жетелік! — деді.
Жұрт жұмыла «әу» десті. Адамды ойға алғанына жібермейтұғын бір тағдыр деген тұсау бар ғой. Ойламаған орыннан сап етіп, жағадан алып, шап етіп, Ереймен тауының күн батысында аяғынан алды, төсек тартқызып, шалқасынан салды. Сонда өзі арман қылғанда, нені арман қылған екен? Қырып, жойып, қиратып жүргенде, қылатұғын ісі найзагер екен. Найзамен түйрей шанышпай, қалыбы (қалбы) шанышады екен де, киімінен түйреп, түсіреді екен. Оның сүйтіп түйреп түсірген жаны атқа мінуге жарамай қалады екен. Сонда өкінгендегісі — өлтірмегеніне өкініпті:
— Өзім кісі өлтірсем, ажалым кісіден болар еді. Қой боғындай қорғасын маған бұйрықсыз болып, жамандардай төсекте сұлап жатып, «қағындыдан» өлдім-ау! — деп, бармағын жұлып-жұлып шайнап тастаған екен дейді.
Болмаса мен ауырғанда қасында, өлгенде, басында болған жан емеспін. Мұның артының үбірлі-шүбірлі болып, өсіп- өніп жүргені сондықтан екен.
Қазақ қатынының ұрпағы — бір тайпа ел, қалмақ қатынының ұрпағы — бір тайпа ел. Бір карақалпақ қатынының ұрпағы бар, онысын жұрт: «Қалпақ» дейді. Егінге түскен шегірткедей жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр етіп жатқан бірдеме. Шідерті деген өзеннің басынан кыдырсаң, аяғына шейін Олжабай ұрпағы болады.
«Денесін Әзіретке апарамыз» деп, денесін кұрт-ірімшік жаятұғын сөредей сөре жасап, сөрелеп қойыпты. Ақырында Әзіретке апара алмай, Көкшетау маңайында өздерінің жайлап жүретұғын жайлауларына қойыпты. Өлген жері — «Олжабай сересі» атанған. Ол жер осы күнде «Олжабай қаласы» атанды. Көмілген жері «Олжабай тамы» атанып, Майлықара майданнан салт атпен тас тасып, тастан жасаған тамы бар. Олжабай батыр өзі өлерінде айтқан екен:
— Менің үрім-бұтағымның жау десе, көтені лүпілдейді, дау десе, көмейі бүлкілдейді, — деп.
Естіген сөзімнен сөз қалмасын, «естіген құлақтың жазығы жоқ» демеді ме?!
Оқуға кеңес береміз:
Сүйіндік Олжабай батыр ертегісі
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі