Бірде Сырымды Хиуа ханы шақырыпты. Ол Сырымның хандарға, байларға қас екенін біледі. Хан реті келсе, Сырымды өлтірмек болады. Хан Сырым келместен бұрын оның алдынан бір сыншы адамды дайындап қояды. Аттан түсіп жатқан Сырымның алдынан шыққан сыншы оған қарап, басын шұқиды. Сонда оған Сырым аузын ашып, тілін көрсетеді, содан соң Сырым аяғына малдың тезегін жағып алады. Сәлем беріп ақ ордаға кіріп келген Сырымға хан: «Аяғыңа қарашы?» — дейді. Сырым аяғына қарайды да, «Хан ордасы әділеттің ашылған жері ма десем, аяққа тезектің басылған жері екен ғой», — деп, шығып жүре беріпті. Абдырап қалған хан сыншыны шақырып алып: «Сынадың ба?» — деп сұрайды. Сонда сыншы: «Оны сөзбен емес, қимылмен сынадым. Басымды щұқығаным — басқа пәле неден дегенім еді. Оның тілін көрсеткені — басқа пәле тілден дегені ғой». Хан өзінің жеңілгенін түсінеді.
Хиуаның ханы Сырымды тойға шақырады. Оған бару-бармау жөнінде ақылдасу үшін Сырым Тайсойған деген жердегі Алдарға барады. Ол ақылды кісі екен. Алдар Сырымға:
— Барма, барсаң, жүйрік ат, жығылмайтын балуан жігіт ал. Олардың берген тамағын жеме. Өзіңе қазы-қарта, жал-жаяларыңды арнайы ала кет! — дейді.
Бұл айтқандарды орындаған Сырым жолға шығады. Сырым жолда серіктерінен адасып қалады. Адасып жүріп бір жалғыз атты жігітке тап болады. оған Сырым жөнін айтады. Өзін де бірге ала кетуін өтінген жігіттен қандай өнері бар екенін сұрайды. Жігіт атының қырық күн шілдеде қырық құлан ұстайтынын, өзінің балуан екенін айтады. Жігіттің күші қолында болады. Ол қатып қалған тобылғыдан қысып су шығарады екен. Сырым жігітті ертіп ханға келеді. Хан тағы да Сырымды мүдіртпек ойда болады. Оған сұраулар береді.
«Ат» деген не «мат» деген не? «Жігіт» деген не, «мігіт» деген не? «Ас» деген не, «мас» деген не? деген сұраулар қояды. Сырым жауабын той тарқаған соң бермек болады.
Ат жарыс басталады, оған Сырым жігіттің атын қосады. Бәйгеден Сырымдардың аты озып келеді. Күрес басталады, ханның балуаны Сырымның балуанымен күреспек болады. Сырым жігітке:
— Мен бір дегенде сен, ханның балуанының белбеуін қолыңа орап бір қыс, екі дегенде, екі қыс, үш дегенде, үш қыс, — дейді. Жігіт Сырымның айтқанын орындайды. Ол екінші рет қысқанда, ханның балуаны аузы-мұрнынан қан кетіп өледі. Сол кезде Сырымның адасып қалған жолдастары келеді. Тойдан кейін ханға Сырым жауабын береді.
«Озып келген «ат» менікі, бәйгеде атың қалды, «мат» — сенікі. Күресте жеңген «жігіт» менікі, өлген «мігіт» — сенікі. Қазы-қарта, жал-жая деген баға жетпес ас менде, шөп-шалам жеген мас сенде», — депті.
Хан әбден масқара болады. Той тарқаған соң Сырымның екі- үш күн қонақ болуын сұрайды. Сырым ризалығын береді. Бұл кезде хан астыртын Сырымды өлтіруге жарлық береді. Бұған бір залым әйел келісімін береді. Әйел ханнан у сұрап алады. Ол у тиген жеріне жылдам жайылып, адамды өлтіретін болады. Екі-үш күннен соң Сырымдар аттанбақ болады. Сол кезде әлгі әйел шашын жайып, жылап-еңіреп Сырымға келеді.
«Хиуаға Датұлы Сырым келді деп естідім. Мен сол елденмін. Жаугершілік кезінде қолға түстім. Мені елге ала кетіңдер?!» — деп зарлайды. Бауырмал Сырым оған келісім береді. Әйел заттарын алып келу үшін кетіп қалады. Күтіп-күтіп жалыққан Сырымдар өзенге түсіп салқындай бастайды. Аттарын күзетіп бір жігіт қалады. Бұл кезде манағы әйел де келеді. Сырымның өзенге шомылуға кеткенін естіген соң, оның атын сұрайды. Күзетші жігіт оған атын көрсетеді. Әйел Сырымның атының қасына барып, үзеңгісіне уды жағады да күзетшіге «қазір келемін» деп қайта кетіп қалады. Қайтып келген Сырымдар әйелді тағы күтеді. Әйел келмейді. Біраздан соң келмес деп ойлаған Сырымдар елге жүріп кетеді. Үзеңгідегі у Сырымның бойына жайылады. Удың әсерінен Сырым Хожелі деген жерге келгенде дүние салыпты.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі