Бөкей хан дүниеден қайтқан соң, орнына оның баласы Жәңгір хан болып сайланады. Соған байланысты үлкен той жасайды. Ол тойға бүтін ішкі орданың басты адамдарымен қатар, Жайықтың шығыс бетіндегі байұлы мен әлімұлынан да адамдар шақырылады. Тойға барарда Сұлтансиық баласынан тана Қонай би, қоңырбөрік алаша Байқонақ билер балуан іздейді. Алтеке Назарымбет Жабу балаларына келеді. Оларға айтқаны: «Жәңгір хан той жасайын деп жатқан көрінеді. Ол тойға арғы бет пен бергі беттен көп адамдар бармақ. Сіздер ертеден келе жатқан ескі күшті сой едіңдер, ауылдарыңда күресетін жігіт бар ма?» — дейді. Бұл сұрауға алтекелер: «Біздер қартайдық, қазір он сегіз жасында Қодыр Ермембет баласы деген бар. Сіздерге жараса, алдарыңда болсын», — дейді. Қонай би Қодырды көзбен сынайды да, ертіп алып кетеді. Белгіленген күнге шақырылған адамдар келіп жиналады, той болады. Той қызығына күрес басталады. Жолдың арғы беттері ағайындарға беріледі. Олар «Түйе балуан» деген аса зор ірі адамды күреске шығарады. Ол жараған бурадай болып ортаға отырады. Хан тұрып:
— Жолдасов, бұл жақтан да бір балуан шығарыңыз, — дейді. Жиналған билер тұрып жолдыққа таласады. Сонда беріш Балқы би тұрып:
— Он екі ата байұлы болғанда мен жолдық аламын, ата баласымын, — дейді. Шеркеш Бекмағамбет би:
— Табаным жалпақ, таңбам ұзын ағаның баласымын, жолдық — менікі, — дейді. Ноғай қазақ Шомбал би:
— Шеттен келген қонақпын, ханға сыбаймын, жолдық — менікі, — дейді. Төлеңгіт Шөкі би:
— Хан таңбалы төлеңгітпін, жолдық менікі, — дейді. Сонда Сұлтансиық байбақты тұқымынан Қонажан би тұрып:
— Беріш Балқы, сен шеттен келген бір әйелдің ішінде келген бала едің. Әкең сенің құл ма, құтан ба? Шешең күң бе? Саған тиетін жолдық жоқ. Бекмағамбет, сен табаның жалпақ болса, бұлғарыны бүлдіресің, таңбаң ұзын болса, жылқының санын күйдіресің. Басқа жолың болса, аларсың, болмаса, қаларсың! — дейді.
— Шомбал, сен оралдан ұрлық етіп қашып келген он ауылсың. Сонымен құр ауылсың. Саған жолдық тимейді, — дейді.
— Шөкі, сен ұлтанды ел емессің. Әлде қайдан қашып келген төлеңгітсің, ұлтанды елге келемежсің. Қазаныңды ас, етіңді пісір, төреңді күт. Саған тиетін ненің жолдығы, — дейді. Ал, мен Қыдырқожа байдың бел баласы болмасам да, менен қарқаралы адамдар шықты.
Бірінші, Сырым қарадан хан болып, үш атаға үкімі жүрді. Екінші, Тоқсаба Қазыбек орыстармен таласып өгіз тауға шығып, жұлдыз көрсетіп күн амалын бұрын жүргізді. Үшінші, Дауқара батыр айқайлап жауға шауып, Қыдыр ата ильяс жәрдем беріп Байбақтыға ұран болды. Төртінші, Наушадай орыс қиратқан, оқ өтпеген әруағы аспандағы батырым болды. Сендердің осындай тапқан ұлдарың, елден озған ерлерің болса, таласым жоқ. Болмаса бір белде немеремін, елімді табанға салдырмаймын, — дейді. Сұлтансиықтың басқа билері бұл сөзді қуаттайды. Сол кезде хан Жәңгір той басқарып жүрген Шыман төреге қарап:
— Бұл билерді айырып жіберіңізші, — депті. Сонда Шыман:
— «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жетсе атадай» деген, жолдық Қонажанға берілсін, — дейді.
Сол тойдан Қодырды бас балуан етіп күресуге шығарады. Онымен күресуге шыққан Түйе балуан атанша орғып келіп, Қодырды көтеріп алып жерге түйеді. Қодыр жығылмай қалады, «бірақ табаным айырылып кеткендей болды» дейді. Қайтадан көтеріп алып түйемін дегенде, Қодыр қос аяқты салып, Түйе балуанды төңкеріп тастайды. Сол күнде Қодыр Түйе балуанның үстінде дуадақтың үстіндегі қаршығадай болып көрінеді. Екі жігіт келіп қырмызы шапанды Қодырға бүркеп алып бара жатқанда, Бекмағамбеттің Найзабай балуаны Құлсүйіндіктің Жанбас балуанымен ұстасып жүр екен. Қодыр өте беріп: «Қорқып жүрмісің, көтер!» — деп ақырады. Оның айтуы-ақ мұң екен Найзабайды Жанбас балуан үйіріп көтеріп, құлаған ұзын теректей етіп тастайды. Бас балуан Қодырға қара нар, қалы кілем беріледі. Содан кейін ат бәйгесі басталады. Бәйгіде жүз жиырма ат шабылады. Олардың ішінде Бекмағамбеттің шаппай бәйгі алып жүрген қос тізгін Кераты, Байбақты Құдайназар Жанбайдың ұшқан құсқа жетер-ау дейтін Сарыала аты болады. Бәйгі аттарын ара күндік жерден тіке жібереді. Ат келер-ау деген мезгілде алыстан аспанға көтерілген шаң көрінеді. «Бұл Бекмағамбеттің кер атының шаңы болар», — деп алыстан халық жорамал жасайды. Сөйтіп шулап тұрғанда, ол шаңы көрінген Жанбайдың Сарыала аты болып шығады. оған жалғаса Керат келеді. Сарыала аттың бәйгесіне тоғыз қысырақ, жүз қой беріледі. Аттың желіне еріп Байбақтының баласы аяғын қайдан басқанын білмей, елеуреп тойдан тарқап еліне қайтты.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі