Ел аузында айтылып жүрген сөздерге қарағанда, Исатай батыр Тайман баласы ер көңілді, ат ауызды, орақ тілді өткір адам болған. Анау-мынау адамға ашалмайтын хан Жәңгірдің есігі Исатайға қашан келсе де ашық болған. Күн демей, түн демей сұраусыз келіп кіре береді екен. Ханның үйіне кіргенде қамай отырған билерін баса-жанша сөйлей кіріп мынадай сөздермен алдымен қырларын сындырып алады екен:
— Хан елімен кісі,
Қатын ерімен кісі,
Билермен бар кімнің ісі,
Тұрыңдар, әкелеріңнің салған үйі емес,
Халықтың салған үйі, —
деп ханның шаршы төріне шығады екен.
Сонда Жәңгір ханда «Батыр, қош келдің, төрге шық!» дегеннен басқа сөз болмайды екен.
Жәңгір хан оқтын-оқтын қасына он екі биі мен отыз екі сұлтанын алып, ел ішіне ит жүгіртіп, құс салуға шығады екен. Осындай жүрістерінде түскен үйлерінің тәуір қыз-келіншектерін айналдыратын әдеті болған.
Ханның қасындағылар да қарап жүрмей ел ішін бұзып- жарып, қиратып кете жаздайды екен. Бұндай сорақы істерді ел біле тұрса да, қолынан келері болмаған соң ашып айта алмай, іштерінен тынып жүре берген. Сонда да ар-намысқа төзе алмай, ел ішіндегі қайратты адамдар өзара сөйлесіп «қалай етеміз, осындай қорлыққа көне береміз бе» деген сөздерді айтып, көтеріліп басылатын болған. Патшаға арыз берейін десе, оның жөнін табалмай елдің басы қатады. Кейбіреулер «өзі хан қойып алып, зекет жинатып отырған патша біздің сөзімізді тыңдар деймісің» десе, тағы да тоқталып қалысады.
Сонда да ел ханның да, қасына ергендердің де қорлығына шыдай алмайды. Тағы да өзара келісіп, оны балта жастанған ер еді ғой, Исатайға барып жолығайық деп ұйғарысады да, бір күні хан қасындағы нөкерлерімен ит-құс жүгіртуге ел ішіне шығайын деп жатқанда, үстіне Исатай келе қалады.
Хан:
— Батыр, қош келдің, елге шығайық деп жатыр едік, үйге түсесің бе, жоқ бізбен бірге шығып қызық көресің бе? — дейді. Исатай:
— Ордаңда көрмей жүрген нәрсең жоқ қой, бірге шығып, қызықтарыңды-ақ көрейін, — деп еріп шығады. Ел аралағанда батыр Исатай түс деген жерінен түсіріп, қон деген жеріне қондырып, өзі бастап ханды билеп алады. Мұның қалай деп қарсы айтушылар болмайды. Жаңағы толып жатқан нөкерлері хан мен билердің тәуір көретін үйлеріне түсіріп, шығындандырады. Осылай бірнеше күн жүреді. Исатай түсірген үйлерде қатын-қыз айналдыратын бейбастықтар болмайды. Ақырында билер Исатайға сөз айта алмай, артында келе жатып күңкілдейді.
«Тақсыр, мынау Исатайды батыр-батыр деп бөркін қара қазандай қылып жібердің, біздің сөзімізді алмайды, өз еркімен түсіреді, өз еркімен қондырады. Оның сөзін сізде қайырмайсыз, бұлай болғанда ел билемек түгіл, қара басымыздан билігіміз кетер», — дейді. Хан билердің бұл сөзіне түсініп, жалғыз өзі оқшау бара жатқан Исатайды дауыстап тоқтатады. Исатай қайырылып тұра қалады. Хан билерімен артынан жетіп:
— Әй, Исатай! Қарғылы қара тазыдай ылғи алдымызды бермей жүргенше, қатар жүрсең болмай ма?» — дейді. Сонда Исатай тұрып: «Шақырғаның осы ма? Алдыңда қарғылы қара тазыдай сылаңдап мен жүрсем, артыңда шұбырып он екі төбетің (билер) жүрсе, сені көкте Құдай, жерде құмай алар дейсің бе? — дегенде, хан да, билер де ашуланып қалыпты. Сонда атының басын бұрып алып Исатай:
— Он екі би мен Шұнақ хан,
Күндегенің мен екен,
Шабатының ел екен.
Қандарыңды судай төгермін,
Қабырғаңды қойдай сөгермін,
Қалың елге кірермін.
Хан ұлына қас болу,
Қара ұлына бас болу
Мендей ерге жол екен, —
деп атын бауырға бір салып, жортып жүре берген екен. Артынан хан мен билер «батыр, ашуланба?!» деп шақырса да, қайырылмапты.
Сол кеткеннен Исатай кете берген. Қайтадан хан ордасын көрмеген. Жолшыбай елді аралай келе жатып, ханға қарсы болып шыққанын сөйлеген. Содан кейін бұрыннан Исатайға барамыз, мұңымызды шағамыз деп отырған ел көтеріле Исатайға ерген.
Сөйтіп, Исатайдың қара бұқараға басшылық етіп, Жәңгір ханға қарсы көтеріліс жасауы осыдан басталған екен дейді қариялар.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі