Өлең, жыр, ақындар

Махамбет пен Жәңгір хан (І нұсқа)

Жәңгірдің алғашқы Исатай-Махамбет төремен тату кездерінде Махамбет пенен Бекмағамбетті сөзден жыға алмай жүреді, ханның қай билері болмасын бұлардың алдында қайбыртып сөйлей алмайтын болады.

Бір күні Жәңгірдің үйіне қайын атасы Қарауылқожа келеді.

— Шырағым, Жәңгіржан! Сен мына екі итті  құтырттың ғой, не ойлап отырсың, қандай іс қаралса да, Махамбет пен Бекмағамбеттің сөзін қаулы-қараға аласың, басқамыз сөйлеп-сөйлеп босқа қаламыз, сонан бері тақ құтырды ғой, — дейді Қарауылқожа.

— Ойбай, ата! Ол екеуін сөзден жығамын деп жүргенде, олардан өзім жығылып қаламын. Олардың сөзін қаулыға алатыным рас, олар айтса, заңға сиыстырып айтады, — дейді Жәңгір.

— Жоқ, шырағым, «ханда қырық кісінің ақылы болады» деген, қалай да бір сөз табарсың, — дейді Қарауылқожа.

— Жақсы олай болса, кеше осында бір ала қоржын арқалаған қызылбас қомық жүр еді, соны тауып келтіріңіз, — дейді.

Келген соң қомыққа айтады:

— Ертең осы үйде жиылыс болады. Соңғы жағынан бір-екі адам келеді. Соның ішінде ақ қалпақ, қызыл мақбал ішік киген адам кіріп келгенде, ұшып тұрып мойнынан құшақтап: «Қайран бауырым-ай, сіз де осы үйге келеді деп күтіп отыр едім де». Мә саған, соның үшін! — деп бес сом қаржы береді хан.

Жиылыс болады, Бекмағамбет төрге барып, отырып қалады. Махамбет аяқ киімін шешіп кідіріп қалады. Уәде бойынша қомық ұшып тұра келіп, Махамбеттің мойынынан құшақтай алады: «Қайран бауырым, сіздердің осы үйге келетініңізді күтіп отыр едім!» — дейді.

— Иә, бұл ордаға қаңғып кімдер келмеген? Қалмақ та, сарт та, ноғай қазақ та келген, келіп күнін көрген. Соның бірі болып сен де күніңді көрерсің, жіберіп-жібер, — дейді Махамбет.

Орнына барып отырып:

— Иә, шырағым-ай, жоқ болса кім жақсы, жүдеп қалған екенсің, кешегі бір күндерде сенде бір сарт пенен ноғай, қазақтардың ортасына отыруға жарайтын бала едің-ау! Шақыршы менің қойшымды, апаршы біздің үйге мына пақырды. Бәйбішеге айт мынаны киіндірсін жақсы етіп, содан соң маған жіберсін. Мен бұл пақырды баяғыдай сарт пенен қалмақтың арасына отырғызып төбесін көкке жеткізейін, — дейді Махамбет.

Жәңгір, Қарауылқожа, Шомбал би — бәрі жер шұқып отырып қалады.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз