Өлең, жыр, ақындар

Исатайдың тапқырлық сөздері

Исатайдың әкесі Тайман, Жабал екі ағайынды. Жабал Бөкей ханның заманында беріш руына старшина болған. Бөкей хан өлгесін, орнына Сығай жас бала исатайды ұнатып Жабалдан өз рұқсаты бойынша он бес жастағы исатайға старшиналықты алып берген (ол кезде Жабал ұлғайып қалған адам екен).

Астрахань губернаторының қолында аманатта жүрген Жәңгір әскери білім алып, орыс елінің әкімшілік салтына түсініп, жас жігіт әкесінің орнына отырып хан болмақ болып елге келген. Бірақ бес-алты жыл хан болып мансапқорланып алған Сығай Жәңгірге хандықты бермеу ниетіне кіріскен.

Бөтен елден жаңа келген жас Жәңгір әкесінің тағына қалай міну амалын көздеп аласұрған. Шын жәрдемші жалғыз ғана анасы Ботан ханым болып көрінген. Дәл сол кезде Сығайдың ішкі-сыртқы саясатына, әлсіздігіне разы болмай өкпелеп жүрген Исатайды Ботан ханым баласы Жәңгірмен достастырып, болашақ тартысқа әзірлеген.

Тартыс ашық болып көрінбей орда айналасымен-ақ, әсіресе қызылғұрт Дос бидің Сығайдан бет бұруымен байланысты тез шешіліп Жәңгір хан болған. Исатай батыр Жайық старшинасы ғана емес, ханның сырласы, замандасы, ақылшысы батыл сөйлесетін жеделдесі секілді болған.

Бірақ хан халқын түгел билеп, әкімшілігін күшейтіп, буынын күшейтіп, арқа сүйеу патша әскеріне араласқан сайын исатайдан бойын аулақ салып, ондай-мұндай айтқан ақылдарын ауырлатып болған. Ханның осындай пікірлерін, халықтан өзін артық санайтынын, қара басын керемет иесі етіп көрсеткісі келгенін сезген исатай екі сөздің бірінде ханды шаншып, түйреп, кейбір жерінде жасаған қателіктерін бетіне басатын болған. Ол сонымен қатар кейбір ханды жақтаушы болмаса, жағымпаз билерді де мықтап ұялтып отыратын болған.

Бір күні Жәңгір хан ордасындағы билерін, мырзаларын жинап алып әртүрлі әңгімелер айтқызып: «Қай руларда қандай кісі таңданарлық нәрсе бар, соларды айтыңдар», — деп ұсыныс жасапты. Сонда адай руының биі Сауғабай деген кісі: «Марқұм біздің әкеміз аяқтының жүйрігі еді, ойдан қашқан қоянды қыратқа шыққанша я ұстап алатын еді де, ең болмағанда сауырынан бір уыс жүнін жұлып алып қалатын еді», — дейді.

Хан да, билер де таңданып, «шын жүйрік екен» деседі. Бірақ үндемей отырған Исатай ханға қарап:

— Ай, тақсыр, хан-ай! Ішкі ордадағы қазақтың жүйрік аты мен тазы итін, алғыр деген құсын қоймай жинағанша, жұртты жүйрігінен айырып ренжіткенше осы Сауғабайдың әкесін алып қолға ұстасаң, пайдалансаң, қандай жақсы болған болар еді, — депті. Хан да Сауғабай да тіпті кейбір билер де қызарып біріне-бірі қарап қойыпты.

Ішкі ордаға руларын тегіс шақырып Жәңгір хан бір той жасапты. Той тарқамас бұрын тойбастар айтуға тура келіп қазақ әдеті бойынша тойды жолы үлкен руға бермек болыпты. Хан тұрып:

— Ал енді жолдық кімге тиеді, тойбастар айтсын, — депті. Аталықты әрі атақты шеркеш руының биі Шолтыр ат үстінде тұрып:

— Байұлының ағасы таңбам ұзын, табаным жалпақ, шеркешпін, жолдық бізге тиісті, тойды біз бастаймыз, — депті. Өзге жұрт, басқа рулардың адамдары еш нәрсе айтпағанда, Исатай ат үстінен омыраулатып Шолтыр биге:

— Таңбаң ұзын болса, жылқының қарының соры, табаның жалпақ болса, былғарының соры, ішкі орда қазақтарының көптігі беріш руы, көп қорқытады, терең батырады. Мен көппін, жолдық көптікі. Тойды, міне, біз бастаймыз, — деп ханнан рұқсат алып, беріш руының ақындары той бастапты дейді.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз