Өлең, жыр, ақындар

Экология — ел тағдыры

Экология – ел тағдыры

 

Бүгінгі таңдағы адамзат өркениетінің аса ауқымды мәселелерінің бірі экология мәселесі. Қазіргі уақытта экологиялық мәселелер қоршаған ортаны қорғау мәселелері ретінде жиі кездеседі. Адамның табиғатты өзгертуге байланысты іс-әрекеттері ғаламшардағы тіршілік үшін қауіп тудыратын өзгерістерді тудыратын деңгейге жақындады.  

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруіне қатысты БҰҰ-ның Дубайдағы конференциясы аясында өтіп жатқан Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөйлеген сөзін талқылау мақсатында дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шараға шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары мен Қытай, Корея, Франция, Жапония, Вьетнам, Канада және басқа да елдерден келген шетелдік студенттер белсенді қатысты.

Бұл іс-шара барысында қатысушылар Президент Қ.К.Тоқаевтың «климат жөніндегі төтенше жағдай жаһандық дағдарыс екенін, оның әлемдік деңгейдегі жауапкершілікті талап ететінін, ұжымдық іс-әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана климаттық дағдарыс проблемасын шешуге болады» деген сөзін негізге ала отырып, дүниежүзілік саммитте қозғалған мәселелердің қатары болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар туралы кеңінен əңгіме өрбітіп, өз пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, еліміз жекелеген «жасыл» бастамаларды белсенді түрде қолдайтыны жайлы, пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жоба­ларды жүзеге асыратын кәсіпорынның экологияны қорғауға қосып отырған үлесі туралы, Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға қатысты еліміздің шешімі туралы, көмір проб­лемасы, су тапшылығы,  Арал теңізі жайлы мәселелер қызу талқыланды.  

Баяндамашылар Мемлекет басшысының Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар жөніндегі бастамаларын ерекше атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте  айтылған бастамалар туралы өз пікірлерін білдіріп, негізгі бағыттарын нақтылады, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының аға оқытушысы Т.В. Курманова сөз алып, «табиғат шектен тыс кездейсоқтықты, еркіндікті көтермейтінін, табиғат та адамның жіберген қателіктеріне жауап ретінде экологиялык апаттарды «сыйға» тартатынын, апатты құбылыстар бүкіл ғаламшардың ырғақты тепе-теңдігін бұзып, дүниежүзілік климаттың өзгеру қаупін туғызатынын» айта отырып, экологияның мән-мазмұнына тоқталып, баяндама жасады. Осы кафедраның аға оқытушысы А.К. Ахмедова «дүние жүзіндегі экологиялық жағдайлар» жөнінде кеңінен баяндай келе, ол жастарды өзімізге және болашақ ұрпаққа планетамызды сақтауға шақырумен сөзін аяқтады. Сонымен қатар, экологиялық апаттардың себептері мен салдары, сондай-ақ жастардың туған өлкенің табиғатын сақтаудағы орны туралы баяндап өтті.

Кафедра оқытушылары экология мәселелеріне байланысты дайындаған баяндамаларын оқығаннан кейін тыңдаушыларға осы тақырыпта бейнефильмдер көрсетілді. Шара кезінде шетелдік студенттер өздерін қызықтыратын әрі толғандырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауап алып, еркін пікір алмасты. 

Бұл іс-шара шетелдік студенттерге экологиялық білім беруде үлкен маңызға ие болды. Ғылыми-рухани тұрғыда мәдени диалог түрінде жоғары деңгейде өтті.

 

А. Саденова., Т. Курманова


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім

беру дайындығы кафедрасының оқытушылары


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз