Жаңылтпаштар халықтық шығармалар ішінде баланы тәрбиелеумен қатар дұрыс, айқын сөйлеуге үйретеді.
Халық ауыз әдебиетінде жаңылтпаштың алатын орны ерекше. Жаңылтпаш – тіл дамыту құралы. Жаңылтпаш — мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына лайық шығарма. Балбөбектің тілі шығып, балдырған жасында сөздік қоры молая бастаған кезде кейбір дыбыстарды айта алмай немесе қинала айтады. Мүдірмей сөйлеу үшін қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді бала неғұрлым жиі-жиі дыбыстап айтып, жаңылмай жаттықса, сөйлегенде де мүдірмей өз ойын толық жеткізетін болады.
Белгілі балалар ақыны Ә.Табылдиев «Жаңылтпаштар көбіне әрі тіл ширату, әрі дүние таныту, әрі білім беру, тәрбиелеу мақсатында жазылады..» дейді.
Ұсынылып отырған айтуға оңай соқпайтын жаңылтпаштар тілді анық, сөзді қанық етеді.
Күз, Кез, Көз,
Күш, Кеш, Көш,
Кір, Кер, Көр,
Күл, Кел, Көл,
Кілең қысқа сөз,
Кім оқиды тез?
Әжемнің әжесі әжімді емес,
Әжімді әжеме әзілкеш те
Әжімдісің деп әзілдемес.
Арқада алты арқар бар
Қырқада қырық арқар бар
Қырық арқарда ақ арқар бар
Алты арқарда марқа арқар бар.
Әбдіреде әбігер әтеш отыр.
Әбігер әтеш отырған
Әбдірені әжем ашып жатыр.
Әй, Тайқарбай, Тайқарбай,
Қойыңды мал жусанға жай, Тайқарбай!
– Тайқарбай, Байқарбайларың толып жатыр,
«Әй, Тайқарбай» дегенің қай Тайқарбай?
Гүлім гүлге қарап күлімдеді,
Көгілдір гүлге қонған аралар гуілдеді.
Доп деп, Дөп теп.
Ескекті ескекші еседі,
Ескекші ескекті еседі.
Көпке бекер өкпелеме,
Өкпе етпе,
Тектен — текке өкпелетпе.
Бір қыз кесте тікті,
Кестесін түсте тікті,
Кеште тікті.
Жаға жай, Жағажайда – Қамажай.
Ақылсынған ақылшы ма,
Астамсымай нақыл ұсынған
Ақсақал ақылшы ма?
Бекіністе бес дос кездесті,
Белдігін тартып бестілерінің,
Бетегелі бөктерде белдесті.
Зура зурнада ойнайды,
Зурнада бір ғана Зура ойнайды деме,
Зара да, Зере де зурнада ойнайды.
Инелік илеуде иленбейді.
Итбалық итмұрынды иіскемейді.
Көк аспанда жұлдыз бар,
Мөлдір суда құндыз бар.
Жұлдыз түнде жылтырар,
Құндыз түнде жылтырар.
Қара қанат жағалтай,
Қарала-қожақ жағалма-ай.
Қауырсынын жағалдаған ба,
Құныттап бояу жаға алмай?
Қаймыжық қаймығыңқырап қаймаңдай ма,
Қаймықтырған қайманаға маңмаңдай ма?
– Бағдамшы, мына бағана
Бағанағы бағана ма?
– Бағда маған ұнамаған
Бағанағыдай бағана.
Бұғанақты бұзаудң бұғанасын
Бұлтақтатқанда
Белгілі бұра алмасың.
Бұла бұзау
Бұлтақтап туламасын.
Балдыр балғын құрақтан бағалырақ па,
Балғын құрақ балдырдан бағалырақ па?
Ала-ала алашалар,
Тамаша олар,
Оған кім таласа алар?
Алашаларды
Таба алса, алар.
Пай-пай-пай, Жайылып жүр тай.
Ай-ай-ай, Ұшып кетті торғай.
Аршабек арша деп шыршаны,
Шыршабек шырша деп аршаны.
Шатасты күлдіріп баршаны,
Шырша деп, арша деп шаршады.
Ғылымпаз ғылымсыз жаңалық аша ала ма?
Ғылымсыз ғылымпаз даналық аша ала ма?
Кебе жеген Көкен кебеп жемеді,
Кебежеден ірімшік әперген
Кемпір де жегін деп ебектемеді.
Қабылдағыш құптағышты қабылдатқыз,
Қабылданса, қапұл-құпыл дабылдатқыз.
Көлеңкесі көлбеңдеген,
Көк теректі көлеңкелегендер
Көрмепті ебелекті ербеңдеген.
Иірім дөңгелене иірілді,
Иінге иір-иір иірім
Иректеліп үйірілді.
Хан баласы ханзада
Болды ғашық ханшаға.
Алып ханнан хабар,
Ханшайымды табар.
Қаһарлы айдаһар Шаһарға келіп, Қаһарланар.
Циркте ойнар аюды Циркаш десем, күлесің.
"Ц” әрпінен басталған Цемент сөзін білесің.
Сатып алды чемпион чемодан.
Чемодан алған чемпион чек алған.
Шынтемір Шықпен шыланған шөпке
Шыңдалған шалғысын шық еткізді.
Ащы жеген Тазша баланың аузы ашыды,
Тазша бала тұщы сумен -*аузын шайды.
Съезд, разъезд, подъезд.
Подъезд, съезд, разъезд.
Жаттап ал тез.
Далбағайы далба-жұлма бола тұрып,
Далаңбайлағышын қарашы,
Далаңды шола тұрып.
Зерттеуші зертханада зеріккен бе?
Зеректігін зейінділікпен зерделей алмай,
Зердесіздікке салынып, желіккен бе?
Зырылдауық зығырыңды зығырландырар,
Зыпылдауық зыңғырлап.
Зырылдауықтай зыттырып,
Зырқылдатып басыңды ығыр қылар.
Ықылас пен Ыбырай
Ыдыстарын тасымай,
Ырыскүлден үлгі алмай,
Ынтасыз жүр тілді алмай.
Үш кіші ішік піштім,
Бес кіші ішік піштім,
Неше кіші ішік піштім?
Іске тіл ілесе алады,
Тілге іс ілесе алмайды.
Сұрап Мұрат
Коньки тап.
Байлап майлап,
Аттай шап.
Дөңгелек дөннен төмен дөңгеледі,
Дөңгелекті дөкемге немен өңгереді?
Дүңгіршек пе деп жүгірсек,
Дүрбелеңдеп үлгірсек деп жүрсек,
Делбеңдеген дүзге жайған үлбіршек екен.
Дөнен мінген кісі түздеп,
Дөнбейілдің дөмпейінен
Дөнежіндерін жүр іздеп.
Жағалтай жадағай
Жағалауды жағалап ұшты.
Жолақ-жолақ жағал құс
Жарлауытты сағалап ұшты.
Жәркелеш пен жәмпейлеске жәрдемдес,
Жездем сойған серкешті
Жеделдетіп бұтарлауға жәукемдес.
Абалақ-сабалағы шыққан
Арланды абалатпасаңдаршы,
Абалаған арланға
Абат бақты аралатпасаңдаршы.
Екшегішпен шөп-шаламды екшеткізші,
Екшеленген шөп-шаламды өлшеткізші.
Бар, май шайқа,
Байқа, жай шайқа.
Электр шамы жанады,
Этаждар жымың қағады.
Электр жарық бермесе,
Экран сөніп қалады.
Ян-ян-ян Жүгіріп жүр қоян.
Ян-ян-ян Бұл қоян емес, шаян!
Еліктегіш те, желіктіргіш те,
Еліктей еліріп елеңдейді.
Еліктегіштің елеңдеген елібі еленбейді.
Жабағы жүні
Жабағыланған жабағыны,
Жабайландырмай-ақ
Жабуласа қайтеді?
Құжынаған ара шаққасын Құбыржанды,
Құбыржан да араға
Құжыраңдап құжырланды.
Қылжақбаспен қылжақтаспашы, қылжалаңдап,
Қылжың қалжыңшы қылжитар ыржалаңдап.
Қырқадағы қырық арқар,
Қырқы-дағы қиқар арқар.
Қасқиғаны марқа арқар,
Қалқадағы қарт арқар.
Мәтектетіп мытуға мәтібилеу
Мәулен інім түйе мәтектеп,
Мәңгіртіп-ақ жібереді шекеден шерткенде.
Мықтымсынған мықты мығымсыз шықты,
Мықшыңдатып мыртық-ақ оп-оңай жықты.
Нау да дау, дау да нау.
Науандау наудың
Науа жолында дау жолықты.
Ойран шөп ішін аралар аралар,
Орала ұшып гүлге қадалар да, бал алар.
Ортаңбай, орқаштанбай
Ортақ тіл таба аласың ба,
Ортақтасса, ортада қаласың ба?
Өрені өрелі өрелес,
Өнерін өрелемес.
Өресіз өрені өркендеп,
Өркештеніп төрелемес.
Пішіні пішіндестің пішінін,
Пішіншіге пішіндеткізші,
Пәруай пейілді дәлелдеп мүсінін.
Реттегіш реттеңкіреп реттестірсе,
Ретсіздік те реттелер,
Ретін тауып іздеттірсе.
Сайыста сасйыссаң қайыспа,
Сайысшы сайыстырса,
Сайғақтай саяқ шық сайыста.
Сомадай Шалабай
Солақай Санабайды,
Соқталдай Шанабайды,
Сопиды шала алмай.
Тесікті есікке
Тескішпен тез тескізші.
Тескізген есікке өткізер
Түбіттен жіп ескізші.
Төлеш төгіп тегешті,
Тілешке төніп егесті.
Тегешті төккен Тілеш емес-ті,
Төлеш несіне тежесті?
Ұштастықты ұштастырған істі,
Ұстаздар одан әрі ұштастырды.
Үшкір тұмсық
Үш шымшық,
Үстірттен ұшты
Үш құрт шымшып.
Ғарышкер ұшты ғарышқа.
Ғарышқа ұшты ғарышкер.
Айтшы, ғарыш алыс па?
Тақпақ жатта,
Жатқа жатта.
Бұл бір жылтыр шылбыр екен,
Кіл қылдан ескен қылшылбыр екен.
Шабырға ала тастақты,
Шұбар шыбыш бастапты.
Шөп таппай шаңдақтан,
Шабырқанып аш қапты.
Шиеленіскен жіп түйінін
Шешсе, шешем шешішсінші.
Шиеленістіріп түйіндеудің қиынын
Шешем де сезсінші.
Шырпы сыпырғыштың ұшы шырпылсыншы,
Шырпылы сыпырғыштың ұшы қырқылсыншы.
Ызбарланған ызақор ызғардан ығысты,
Ызғында ызғырықтан ығыр болғандар ұғысты.
Ішкілік ішпекті
Ішкерірек төсеген,
Ішерткі беретін
Ішікті көсе ме?
Тары ақта,
Тары ақтап,
Қапқа қапта.
Қанар қаптарды қаптап артар,
Шанақ арбаны аттар тартар.
Шешей отты көсеумен көседі
Көсеумен кесек-кесек тезек төседі.
Бұзау бұлқынып,
Мойыншағын үзе ме?
Мойыншағын үзген соң,
Ол біреуді сүзбей ме, сүзе ме?
Шын еңбекшіл — өрмекші,
Өрмекші — шын өрнекші.
Шуақтаған ботамды,
Шуға апарып шуладым.
Шудалаған шудасын,
Суға салдым,
Судан алдым,
Суға малдым.
Тері шалбар бар,
Тері шалбар киетін шалдар бар.
Тайғанақта қай тай тайды,
Тағалатпаған тай тайды.
Қырда екі кекілік жетіліп келеді,
Екі кекілік секіріп — кекіріп келеді.
Талғат балға тап,
Оншақты жаңғақ шақ,
Шақсаң, сақ шақ.
Қыста құлағым үсіп кетті,
Үсіп, ісіп кетті.
Қапыда ит қапты,
Қатты қапты,
Қапты қатты.
Ізшілер іздесті,
Түз кезді, із кесті.
Ай, ай, Айдарбай,
Иір мүйіз сиырды
Үйіңе айдай бар!
Қайрат қайрақ қайрап отыр,
Дайрақпен балта қайрап отыр.
Сұқсыр үйрек
Ұшқыр үйрек десек те,
Тұмсығы үшкір үйрек
Сұқсыр үйректен күйрек пе?
Ала-ала алашалар,
Тамаша олар,
Оған кім таласа алар?
Алашаларды
Таба алса, алар.
Бірқатар қада қада,
Қадаларды қатар-қатар қада.
Омартаға балалар барар,
Балаларды аралар талар.
Шеңгел! Шеңгел!
Шеңгелге енген де,
Шеңгелде сенделген де
Еріншек Ерден бе?
Қарамайлы қарағайды
Кесейін бе, кеспейін бе?
Қазықтағы қара тайды
Шешейін бе, шешпейін бе?
Ошақта от жоқ,
Шоқ тап, от жақ.
Шаншар шаршап жатыр,
Қайсар жайша жатыр.
Томағаланған төрт бүркіт – қолда.
Томағаланбаған төрт бүркіт – торда.
Қанша бүркіт болады сонда?
Ол да шылбыр есті,
Мен де шылбыр естім.
Ол шылбырды сылбыр есті,
Мен шылбырды ылдым — жылдым естім.
Дөң жатыр,
Дөнде тон-тоң көн, жатыр.
Үміт түбіт түтті,
Түбітті түтіп бітті.
Қызым жүзім же,
Жүзім үзіп же.
Жоғалды бес шыбыш,
Жоқ әлі еш сыбыс.
Жоқ әлі еш сыбыс,
Жоғалды бес шыбыш.
Көбейсін ат ұстар,
Болмасын атыстар,
Болса мол атыстар,
Қалмайды ат ұстар.
Түрің түрленіп, кідірмей оқы,
Тілің күрмеліп, мүдірмей оқы.
Жез түстес үзік — үзік,
Зер жіппен ақ үзікті
Өрнектеп жүзік тізіп,
Әдемі етіп сызыпты.
Алма базарда
Алма алма алар ма?
Ақ алма алар ма?
Әлде алары анар ма?
Сылдырмақ сылдырлады,
Сәби былдырлады.
Сылдырмақ сылдырласа,
Сәби былдырлай ма?
Сылдырмақты сындырмай ма?
Ұшы үшкір, ұшқыр үш жебе алдым,
Үшеуі де үшкір, ұшқыр деп алдым.
Ерді ел елер,
Ер елге еркелер.
Екеуінін жасы шамалас,
Бірінің шашы — қарашаш,
Бірінің шашы — ақ шаш аралас.
Бұл, бұл — піл,
Бұл бір ірі піл.
Таяқ жон,
Жонсаң жөн жон.
Тұз — мұздай,
Мұз — тұздай.
Шұғайбай
Шығайбайға:
– Су қайда, әй? – деді.
Шығайбай
Шұғайбайға:
– Шық, ойбай! – деді.
Тұрыс бұрышқа тұр,
Бұрышта дұрыс ұрыспай тұр.
Назар аудар:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі