Шәудірбаева Гүлнар Иманғалиқызы,
Бейнеу лицейінің жоғары санатты
тарих және құқық негіздері пәні мұғалімі,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы
АҚМЫШТА ТУЫП, АҚШ-ТА ЖҮЛДЕ АЛҒАН
Әмин ағаның атын бала кезімнен етіп өстім. Әкем Иманғали «Біздің Әминжан айды аспанға шығарды ғой» деп отырса, анам Жібек «Желаяқ бала біздің ауылға қашан келер екен» деп қайнысының жолын тосатын. Сол кезде менің көз алдыма ертегідегідей Таусоғар, Көлтаусарлармен аты қатар аталатын Желаяқ елестейтін. Әкемнің жазу үстелінің жоғарғы жағындағы сөреде жинаулы тұратын М. Әбдіхалықовтың «Желаяқ бала» кітабын қайта-қайта парақтайтынмын. «Қара түсті жүйріктерді» артқа тастап жүйткіп келе жатырған Әмин ағаның суретіне қарай отырып, мақтанышқа бөлетінмін. Кішкентай жүрегіммен қазақтың атын дүние жүзіне танытқан Әмин ағама бар жақсылықты тілейтінмін.
Мектепте ұстаздық қызмет атқаратын әкем 1969 жылдың жазғы еңбек демалысын алып, сол кездегі Сам орта мектебінің директоры, өзінің жан жолдасы Екібаев Жанбоз аға екеуі Алматыға жолға жиналды, «Әминжанға барып қайтамыз, бұрынғы жеңістерін айтпағанның өзінде соңғы жылдардағы табыстары молайды емес пе? Биыл мектеп бітірген Байболды да ( Жәкеңнің ұлы) ала кетеміз, оқуға апарамыз, Әмин ағасына тапсырамыз, бас-көз болып жүрсін» дегені әлі есімде. Ол жылы мен 1-сыныпты тәмәмдаған едім. Алматыға кеткен жолаушылардың жолын асыға тосудамыз. Бір күні олар да оралды. Әкем де, Жәкең де көңілді. Байбол аға КазПИ-дің денешынықтыру пәні мұғалімдерін дайындайтын факультетіне оқуға түскен. Әкем шабаданынан базарлықтармен бірге қызыл жібек матадан тігілген, жиегін қара атласпен көмкерген, алдыңғы етегінде бізге беймәлім әріптермен жазылған жазуы бар әдемі шапанды шығарып, алдымызға тартты. Бұл шапанды Әмин аға Жапониядағы жеңісті күндерінен естелік ретінде менің әкеме, ағасы Иманғалиға сыйға тарту етіпті.
Әмин аға 1937 жылы 12 ақпанда Маңғыстау түбегі Шайыр ауылында Ақмыш қонысында Елемес атамыздың шаңырағында дүниеге келген. Ата-бабалары Каспийдің жағасындағы Қаламқас, Қаражанбас деген жерлерді мекендеген. Елемес ата Ақмышта қоныс теуіпті. Әмин ағаның қыстың нағыз қаһарлы кезінде өмірге келуін кейінгі өмір жолындағы жанқиярлық еңбегі, қайтпас қайсарлығымен байланыстырар едім. Әмин ағаның өмір жолына үңілсек, балалық шағы соғыстың өтіне, елдің әбден тарығып, қиналған кезіне дөп келіпті. Мектепке көрші ауылға 7-8 шақырым жерге жаяу қатынап оқитын. Салт ат, арба-шана колхоздың шаруасынан босамайтын.
Кешке мектептен үйге жалғыз қайтады. Қараңғыда қаршадай бала екі ауылдың арасында безілдеп жүгіреді екен. Алайда өзінің аяқ дүбірінен шошынып жылаған күндері де аз болмаған. «Үйден алып шыққан азық-түлігімізді жарты жолға көміп кетіп, қайтарда тауып алып, жүрек жалғаймыз» дейді Әмин аға. Екі ауылдың арасында қысы-жазы құстай ұшып жүрген күндері кейін әлемге танымал жүйрік болуына септігін тигізді десе де болғандай. Себебі таза ауада жүгірген адамның тынысы кең, денесі шымыр, өзі төзімді болады емес пе?
Бала Әмин сабаққа алғыр, зерек болған. Әжесі Мақпалдың бауырында өскен ол кішкентайынан ауыз әдебиетіне жақын болыпты. Талай қиссаларды жатқа соғыпты. Атасы Тұяқ пен туысы Мүлікбай, әжесі Мақпал кішкентай Әминге «Қобыланды», «Едіге», «Ер Тарғын» жырларын жатқа оқытып, өздері сол тақырыпта әңгіме қозғайды екен. Аталары мен әжелерінің адамгершілік, ізгілік, батырлық туралы туралы әңгімелерін естіп, халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен Әмин ағаның есейген шағында әдебиет пен тарихқа қызығуы, өнер мен әдебиет саласы өкілдерімен етене араласуы, сыйласуы заңды құбылыс еді.
Балалық шағын соғыс ұрлаған жас Әмин бұғанасы ерте бекіп, еңбекке ерте араласты. Алайда қазақтың жақсысы мен жайсаңдарын жайпап жіберген зұлмат жылдары дүниеге келген Әмин ағаны нұрлы болашақ күтіп тұр екен. Оның алдында сол күндерге жету үшін тағдырдың түрлі кедергілерінен сүрінбей өту міндеті тұр еді. Елемес ата да баласының жас кезінде атағы алысқа кетіп, айтулы додалардан жүлде алады деп ойламаған шығар. Әмин ағаның бала кезінде спортпен шындап айналысу мүмкін емес еді. Ескі-құсқы киімдерден доп жасап теуіп, көшенің құмын көкке шығарғаннан басқа амал болмады. Бірақ бойы ұзын болмаса да қимылы ширақ жігіттің дене шынықтыру пәні бойынша жетістіктері мол еді.
Әмин аға 1954 жылы Шахта орта мектебін бітірген кезде Елемес атаны соғыстан қалған ескі жара мазалап ауырып жүр еді. Өзінің ауырғанына қарамастан баласының болашағын ойлаған атамыз жиған-тергенін Әмин ағаның қалтасына салып, оқуға аттандырады. Әмин аға 17 жасында Атырау педагогикалық институтының физика-математика факультетінің студенті атанды. Көп ұзамай Елемес атаның денсаулығы түзеліп, Әмин ағаның көңілі орнына түседі. Ол институтта жақсы оқиды. Үздік студенттерге берілетін 35 сом стипендияны тұрақты алып тұрды. Ол кезде орташа оқитындардың стипендиясы – 22 сом болатын.
Сол жылы Атырауға мамандығы дәрігер, өзі жеңіл атлетикадан разрядты спортшы Анжелика Михайловна Куликова қызметке келеді. Ол келген бойда студенттерден жүйріктер тобын құрып, ақысыз жаттықтыру бастайды. Бірінші курс студенті Әмин аға да Куликованың қарауында жаттығу тобына енеді. 1954 жылы бозбала Әмин 100 метрге жүгіруде 12,3 секунд нәтижемен Атырау қаласының чемпионы атанады. Куликованың шәкірттері 1956 жылы Алматыда өткен Қазақстанның бірінші спартакиадасында Атырау облысының намысын қорғайды. Осы сында Әмин Тұяқов бесінші орынға ие болды. Бұл бәсекеде 1-2 қазақ желаяғы ғана жарысқа шығады.
Осы спартакиадада көзге түскен спортшылардан Қазақстан құрамасы жасақталып, Мәскеудегі одақтық спартакиадаға әзірлікке кіріседі. Қазақ спортының басшысы Әбді Артықов «құрамада қазақ жастарының болғаны дұрыс» деп, жеңіл атлеттер командасына Әмин Тұяқовты қосады. Алматыға келген соң ауыл балаларының кез-келгені орындай алатын жүгіру, секіру секілді жаттығулары танымал мамандарға ұнаған соң ғана Әмин аға өзінен жап-жақсы желаяқ шығатынына сене бастайды. Сол сенім ауылдан келген жас жігіттің тынбай жаттығып, шелектеп тер төгуіне ұласқан еді. Содан ұлттық құрама КСРО халықтарының спартакиадасы басталардан бір ай бұрын Мәскеуге аттанады. Мәскеудегі «Сталин» атындағы стадионда біздің желаяқтар жергілікті спортшылармен бірге жаттығуға кіріседі. Жеңіл атлетика командасында жалғыз қазақ - Әмин Тұяқов. Он бес одақтық республика мен Мәскеу, Ленинград (Санк-Петербург) қалаларынан жиналған мықтылардың жарысы Әмин ағаға қатты әсер етті. Әмин аға қосалқы құрамда болып, жарысқа қатыспаса да, небір әсерлі сәттерге куә болды. Мықты желаяқтарды көзімен көрді. Олармен бірге тер төкті. Көп спортшылармен таныс-біліс болды, ел көріп, жер көріп елге мол әсермен оралды. Осыдан кейін жанкешті жаттығулар қайта басталды. Жеңіс жолы әрқашан да ауыр болған. Әмин ағаның 100,200 метр қашықтықтағы нәтижелері екі жылға дейін жылжымай қойды. Аянбай төгілген тердің нәтижесінде 1958 жылы 100 метр қашықтыққа жүгіруде бірінші разрядтың дәрежесіне жеткен намысқой жігіт одан әрі де аянып қалған жоқ. Аптасына төрт-бес мәрте қара тер болып жаттығады. Нәтижесінде 1959 жылы маңдай тері ақталып, Қазақстан чемпионатында 100,200,400 метр қашықтықтарда алдына жан салмай, жеңімпаз атанды.
1959 жылдан бастап А. М. Куликова жаттығу жүйесіне өзгеріс енгізді. Бұрын желаяқтар қыста жабық ғимаратта жаттығу жасаса, енді дене қыздыру жаттығулары залда, ал жүгіру жаттығулары далада өтетін болды. Таза ауадағы кәсіби дайындық көп ұзамай өз нәтижесін берді. 1959 жылдың жазында Әмин аға 100 метрді алғаш рет10,8, ал 200 метрді 21,8 секундта жүгіріп өтті. 1960 жылы Ресейде болған «Буревестник» ерікті спорт қоғамының одақтық біріншілігінде 100 метрді 10,4 секундта артқа тастаған Әмин Тұяқов «КСРО спорт шебері» атанумен қатар, жеңіс тұғырына көтерілді. 200 метрге жарыста да қазақ желаяғы «Алтын медальді» ешкімге берген жоқ
1961 жылы Ленинградта Кеңес Одағының әскерилер чемпионатында 60 метрде топ жарған Әмин Тұяқов ЦСКА-ға қабылданды. КСРО құрамасының бас бапкері Гаврил Коробков Әминді Мәскеудегі ЦСКА-ның жатақханасына орналастырып, стипендия тағайындатты. КСРО-ның ұлттық құрамасында Тұяқов қысқа қашықтықтар бойынша жаттықтырушы, бір кездегі атақты желаяқ Борис Токаревтың басшылығымен жаттығуға кірісті. Екеуі бірден тіл табысты. Кеңес Одағының мықтыларымен бір құрамада болу, бірге жаттығу Әмин ағаны шыңдай түсті. 1962 жылғы КСРО чемпионатында Әмин Тұяқов көптен армандаған биігіне жетті. Осы жылы тамыздың 13-ші жұлдызында қазақ желаяғы 200 метрді 21,1 секундта жүгіріп өтіп, тұңғыш рет КСРО чемпионы атанды. 1963 жылы сол жетістігін тағы қайталады, КСРО халықтарының спартакадиасында Әмин Елемесұлы 200 метрге жүгіруде алдына жан салған жоқ. 1962-67 жылдар аралығында Әмин аға 200 метрге жарысуда әлемдегің ең таңдаулы жүйріктердің бірі болды. 1967 жылы ол КСРО халықтарының спартакадиасында осы қашықтықта екінші рет топ жарды. Әмин Тұяқовтың 1965 жылы 200 метрге жаңғыртқан КСРО рекорды (20,6 секунд) үш жыл бойы бұзылған жоқ. Әмин ағаның 100 метр қашықтықтағы ең үздік нәтижесі-10,2 секунд, бұл көрсеткіш сол жылдардағы КСРО рекорды болатын.Әмин аға 1965 жылы Алматыда болған Кеңес Одағының чемпионатында осы нәтижемен КСРО чемпионы Эдвин Озолиннің рекордын қайталады. Алматыдағы чемпионатта ол 100 метрге жүгіруде «Күміс медальге» ие болды. Ал, 200 метрде КСРО чемпионатының «Алтын медалін» кеудесіне тақты. Жалпы Әмин Тұяқов - 200 метрге жүгіруде КСРО-ның бес дүркін чемпионы.
1965 жылы Киевте КСРО-АҚШ желаяқтарының жекпе-жегі өтті. Сол сында құрамында Эдвин Озолин, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Николай Политико бар Кеңес Одағының эстафеталық командасы 4/100 метрлік бәсекеде 1964 жылы Олимпиада чемпиондары атанған АҚШ желаяқтарынан озып кетті. Екінші кезекте жүгірген Әмин Тұяқов қарсыласын оқ бойы артқа тастап, Ғұсман Қосановқа таяқшаны бұрын берді. Яғни екінші кезеңнен кейін КСРО құрамасы алға шықты.Қосанов сол артықшылықты сақтап, Политикоға алдымен жетті. Политико көмбе сызығын қиғанда таблода 39,3 секунд нәтиже жарқырап тұр еді. Бұл КСРО-ның жаңа рекорды еді. Бұған дейін еш құрамадан дәл бұлай ұтылмаған АҚШ жүйріктері амалсыздан жеңілгенін мойындады. Шынында да Олимпиада чемпиондарын тізе бүктіру КСРО құрамасының әлемдегі мықты команданың бірі екеніне дәлел еді. Әмин Елемес ұлы Кеңес Одағында ғана топ жарып қойған жоқ, Еуропа кубогының жеңімпазы әрі бірнеше мәрте жүлдегері атанды. Бұл дегеніңіз қазіргі Еуропа чемпионы деген ұғымды білдіреді. Себебі ол кезде Еуропа чемпионаты өтпейтін еді. Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты 1970 жылдардың ортасына таман тұсау кесті. Сондықтан Әмин ағаның спорттық атақтарын айтқанда Еуропа кубогы мен КСРО чемпионаттарындағы жүлделермен Әмин Тұяқов 1964 жылғы Токио олимпиадасына КСРО құрамасының сапында барды. Бартенов Тұяқовты жарысқа қосқан жоқ. Сол жылы көктемде Киевте болған ірі бәсекеде 100,200 метрде жеке- дара шыққан Әмин Тұяқовтың орнына Бартенев Токиода Борис Савчукты жарыс жолына шығарды. Мұның түп-төркіні бас бапкер мен спортшы арасындағы көзқарас қайшылығында, өзара келіспеушілікте жатыр. Өмірде мұндай жағдайлар болып тұрады.
Әмин аға ұзақ жылдар спорт мектептерінде жаттықтырушы, одан кейін Қазақстан ұлттық құрамасында бас бапкер болып қызмет атқарды. Еңбегі жеміссіз болған жоқ. Шәкірттері Олимпиада ойындары мен әлем құрлық чемпионаттарында жүлде алды. Тұяқовтан тәлім алған мамандарды спорттың әр саласынан кездестіруге болады.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев дене шынықтыру мен спорт саласын үнемі назарда ұстап, қолдап көмектесіп келеді. Елбасы ««Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа Жолдауында: «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болу тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деген. Ал біздің желаяқ жігіттердің ішінде Әмин ағаның деңгейінде жүгіретін мықтылар болмай тұр. Тіпті қазіргідей ғылым мен техника өркендеген заманда спортшыларымыз Әмин ағаның өткен ғасырдың 60-жылдары көрсеткен нәтижелеріне жете алмай жүр. Әмин ағалар қазіргідей жетілген спорттық төсеніш үстінде жүгірген жоқ, қазіргідей керемет сапалы, аса ыңғайлы шиповка киген жоқ. Ол кездің спорттық медицинасы да бүгінгі деңгейде емес еді. Соған қарамастан асфальт үстінде немесе резеңке жолдарда қарапайым аяқ киіммен жарысып-ақ қазіргі ғылым мен техника өркендеген заманның жүйріктерінен асып түсті.Әмин аға осыдан 45 жыл бұрынғы нәтижесімен қазіргі Азия ойындарында 100 метрде бірінші,200 метр қашықтықта екінші орынды иеленеді екен. Ал біздің жүйріктер осы екі қашықтық бойынша Азияның мықтыларын ұта алмай жүр.
Еліміз егемендік алғаннан бері желмен жарысқан қазақ желаяғын көре алмай келеміз. Әмин аға ұлттық құраманың тізгінін ұстағаннан кейін өз ізбасарларын құм арасынан іздеп, шалғай ауылдарды да аралап көрді. Егемен ел болып, оң-солымызды аңғара алмай жатқан тұста алыстағы Жапониядан көмек сұрап, сапалы спорттық киімдерді түп – қиырдағы аудандарға жөнелтіп тұрған Әмин аға қазір құрметті демалыста, жары Алма жеңгемізбен балалары мен немерелерін қызықтап отырған ақсақал.
Әмин Елемесұлы Тұяқов - «заманынан озып туған» деген бағаға лайық жан. Әлемнің небір мықтыларын жолда қалдырған Әмин ағаның есімі қазақ ұлтымен бірге жасай береді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Маңғыстау энциклопедиясы. Алматы: «Атамұра» баспасы, 1997 ж.
2. Интернет материалдары.
3. Әминнің сабақтары. Алматы: «Нұрлы әлем» баспасы, 2011ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі