Өлең, жыр, ақындар

Қытай қазақтарының абақты әдебиеті

Алаш арыстарының тағдыр-талайы, басқан іздерінен, еңбектерінен шеттегі қазақтың тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық, әлеуметтік, саяси хәлін кездестіруге болады. Шекараның шетінде қалғанына қарамастан, тарыдай шашыраған қазақтың барын, бар болғанда да түп тамырынан ажырмай, ұрпағын жоғалтпай,  жатқа сіңіп жоқ болмай күні бүгінге дейін, жұртының мәдениетін, әдебиетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін сары майдай сақтап қалған қазақтың әлі де бар екендігі ащы шындық.

Қытайдағы, соның ішінде Шыңжаңдағы қазақтардың әдебиетіне тоқталсақ. Қытай қазіргі заман қазақ әдебиетінің қара шаңырағын көтеріп, негізін қалаған ақындар: Жүсіпбекқожа Шайқсламұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Асқар Татанайұлы сынды тұлғаларды атап айтуға болады.

1966-1978 жылдар аралығы қытайдағы қазақтар «Мәдениет зор төңкерісі» деп атайтын аласапыран он жыл. Бұлай айтылу себебі осы тұста барша ақын-жазушылар лагерлерге айдалып, шығармашылық тоқтады. Газет-журналдар жабылып, руханияттан нәр алғаны былай тұрсын, қара бастың қамын ойлаудың өзі қиынға соққан жылдар еді. Осы кезеңде абақты әдебиеті қалыптасты, оның саяси оқиғалармен тығыз байланысты болғаны белгілі. Нақтырақ айтқанда 1933 жылы 12 сәуірде Шыңжаңдағы Жин Шурын үкіметі құлап, оның орнына кеңес одағының қолқалауымен Шың Шысай таққа келеді. Шың Шысай өзінің үстемдігін бекемдеу мақсатында 6 түрлі саясат енгізеді. Оның бірі- ұлт теңдігі еді.  Бірақ,  уақыт өте өз сертінен тайып, ұлттың көшін бастауы мүмкін деген кіл зиялыларын, байларын, көзі ашық- көкірегі ояу, ақын-жазушыларын қамауға алады. Мықтылары мен қаймағынан айырылған халық қарапайым тобырға айналады деген тұжырымды ұстанды. Міне, аңыз болып қалған абақты әдебиеті осылай өмірге келді.

Абақты әдебиетінің үздік өкілдерінің бірі – Таңжарық Жолдыұлы.

Таңжарық өмірге келген жылдары әлемді әділетсіздік пен теңсіздік жалмаған, ақиқаттың аспанын қара бұлт торлаған, кедей-кепшіктің өмір сүруі қиындаған қараңғы ғасыр-тұғын. Жас Таңжарық Совет үкіметінен келген зиялы қауым өкілдерімен танысып, солардан көп дүние үйренеді.  Кейіндеп жолы болып, Совет одағына өтіп, оқуға мүмкіндік алады. 1933 жылдан бастап баспасөз ісінде тер төгеді. Жеті жыл өткеннен кейін Шың Шысайдың үкіметі жағынан қамауға алынады. Үрімжінің 3 түрмесінің 3 камерасында 1946 жылға дейін жатады. Осы жылдар аралығында, қаламын қару еткен ақын зұлымдық пен жауыздықты қатты сынайды. Заман келбетін сынай отырып, еркіндік пен азаттық таңын аңсайды. Әсіресе, өз заманының ащы шындығын, нақты көрінісін айна қатесіз бейнелеп берген «Абақтыда кім жатыр?», «Түрме тарихы» «Түрме хәлі»  дастандарын жазған.

Таңжарық шығармалары ақиқатты дөп басып, ашық айта алғандығымен құнды. Сонысыменде, Таңжарық Жолдыұлы өзінің асқан дарынымен, еркіндік сүйгіштігімен ең озық ойлы ақын, реалист, демократ.

Тарым лагерінде басталған екініші буын абақты әдебиетінің бірден-бір өкілі Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы жастарға қалған айтарлықтай мұраның бірі.

1930 жылы ашаршылықтан бас сауғалап, Қытайдың Дөрбілжін ауданына ауып барады. Дөрбілжіндегі «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарған. Алғаш рет 1958 жылы Қытайдағы оқиғалардан «солшыл» деген саяси айыптаулармен сотталып, тұп-тура 22 жылға бас бостандығынан айырылған Қажығұмар жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде өткеріп, 1980 жылы бостандыққа шығады.

1986 жылы тағы да ұлт азаттық дербестікті көздейтін партия құрды, Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланысты, шетел жансызы деген айыпталулармен 15 жылға түрме жазасына кесіледі. Бұл мерзімін Үрімжі қаласының №1 түрмесінде өткізеді. Қажығұмар Шабданұлы - өз ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын абақтыда өткізген әлем тарихындағы бірден-бір жанкешті қаламгер.              

«Қылмыс» романы Қазақстанда алғаш рет толық жарияланған. Романның ең алғашқы екі кітабы түрмеде, кейінгі төрт кітабы үй қамақта жазылған. Соңғы жазылған бөлімі қолды болып, сол кездерде Қазақстанның ҚХР-дағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып тұрған Мұрат Әуезовтың дәнекерлігімен елге жеткен.        

Роман жанры жағынан мемуарлы шығарма. Бас кейіпкер автордың протатипі. Шығарма жеке адамның өмірімен шектелместен, Шыңжаң қазағының жарты ғасырлық тарихын қамтиды. Шығарма тілі ащы әжуаға, мысқыл мен шенеуге толы.

Қытай қазақтарының әдебиетінде ерекше атауға болатын құбылыстардың бірі абақтыда туған әдебиет. Ондағы толып жатқан өзгешеліктер мен даралық бүгінгі буынға үлгі. Біздер, жастар абақтыда жазылған шығармаларды оқу арқылы ұлтжандылықты, асқақ ерлікті, ел мен жерге деген таңғажайып махаббатты, еркіндікті бағалауды үйренгеніміз оң болмақ. Түрменің тауқыметті тағдырын кешіп, әдебиетін әлі де жалғастырып келе жатқан ақын-жазушылар бүгінгі таңда да жоқ деп айта алмаймыз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Бағдан

Байқұс қазақ не көрмеді

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз