(жапон аңызы)
Минабэ мен Акитаның ортасында шағын ауыл бар. Бұл ерте кезден таудың аң-құсын атуды кәсiп еткен аңшылардың ауылы едi. Бiрақ, таудан түскен жолаушыны қондырмайтын пейiлi тар тұрғындар көп едi бұл ауылда.
Бiрде таң ата жауған қардың аяғы боранға ұласқан қыстың бiр кешiнде осы ауылға қызын ерткен джюкурэй (Құдайға құлшылық етушi, дiн жолындағы адам) бiр әйел келедi. Әр үйдiң есiгiн қағып, боранды түнде түнеп шығуды өтiнсе де, қатыгез аңшылар мiз бақпайды. «Ең болмаса балама пана болар қуыс бар ма?» деп жалына үн қатқан анаға ешкiм назар салмапты. Суықтан қалтырап, дiрдектеген екеуi омбы қарда сүрiне-қабына ауыл шетiне жетiп, соңғы үйдiң есiгiн қағады. Үйден шыққан әйел:
— Мен сiздердi қондырар едiм, бiрақ күйеуiм тiрi жанды жақтырмайды. Осыдан жүре берсеңiздер, Рюунджи ғибадатханасына кезiгесiздер. Сол жерден бiр пана табарсыздар, — деп жөн сiлтептi. Қыз бен шешесi қалың қарды кешiп әзер дегенде ғибадатханаға жетедi. Ғибадатхананың есiгiн қаққан екеуiне джюшйоку (Будда ғибадатханасындағы бас священник): «Сендер сияқтыны түнететiн орын жоқ», — деп қатқыл жауап қайтарыпты.
Дiн жолындағы әйел ғибадатхана шатырының астында дiр-дiр етiп, қызын құшақтаған күйi тұра бередi. Ғибадатхана iшiндегi джюшйоку болса есiктен сығалап, «бұларды бүгiн түнде қасқыр жейтiн шығар» деп күбiрлейдi.
Ақ боранға оранған ауылға қасқырдың ұлығаны анық естiледi. Ұлыған дауыс Рюунджи ғибадатханасына таяу маңнан естiледi. Джюшйоку болса жылы кури (ғибадатхана асханасы) iшiнде көрпеге оранып жатып, «қасқыр келдi, қазiр екеуiн талайды» деп ойлайды. Бiрақ әйел мен қызды ғибадатханаға кiргiзiп, паналатуды ойламайды.
Таң атып, боран басылғанда джюшйоку ұйқысынан оянып, түнде әйел мен қыз дiрдек қағып тұрған шатыр астына келiп қарайды. Екеуi де жоқ. Бұрышта ескi қолшатыр жатыр. Джюшйоку қасқырлар әйел мен қыздың дымын қалдырмай жеп қойған болар деп түйедi.
Бiрнеше күннен кейiн джюшйоку көршi ауылға бiреудi жерлеуге барады. Қайтарда қас қарайып, таудың iшiмен жүруге тура келедi.
Джюшйоку арт жағынан қасқырдың ұлығанын естидi. Зәресi ұшып жүгiре жөнеледi. Бiр кезде оның тоқтауына тура келедi. Қарсы алдында қасқыр тұр. Джюшйоку бiр емес, бiр үйiр, нақтырақ айтсақ, алпыс төрт қасқырдың қоршауында қалады.
Келесi күнi ауыл адамдары қар үстiнде парша-паршасы шығып, өлiп жатқан джюшйокудi көредi.
Содан кейiн ауылдың қандай да бiр тұрғыны тауға бара қалса қасқыр жарып тастайтын болыпты. Бiрде ауыл шетiндегi соңғы үйдiң терезесiнен кiрген қасқыр отбасын түгелiмен жарып кетiптi.
«Бүкiл ауылға қасқыр өшiгетiндей бiз не жаздық? Бұл ненiң жазасы?» деп күңiренiптi қариялар. Бiрақ бiрде-бiреуi Құдайға құлшылық ету жолындағы адамдарды қондырмай, қуып жiбергендерiн есiне алмапты. Ел «осылай кете берсе, бүкiл ауыл қасқырға жем болуы мүмкiн ғой» деп абдырап отырғанда, Кумахэй деген аңшы таудағы қасқырларды түгелiмен атып тастау керек деген ұсыныс айтады. Бұл өзi осы өңiрдегi құралайды көзге атқан мерген едi.
Кумахэй қаруын асынып тауға шығады. Аңшы апан маңындағы ағашқа өрмелеп, қасқырлардың көрiнуiн күтедi. Бiр кезде апаннан бiрiнен кейiн бiрi алпыс төрт қасқыр шығады. Аңдып отырған аңшы шүрiппенi басып қалады. Оғы айдалаға кетедi. Қасқырлар ағашты қоршай бастайды. Сол сәтте апаннан бiр қыз жүгiрiп шығып:
— Аңшының оғы тимей тұрғанда тезiрек апанға кiрiңдер, — деп айғайлапты. Сол-ақ екен, қасқырлар жуасып, шыққан iздерiмен апанға қайта кiрiп кетiптi.
Таң-тамаша қалған Кумахэй ауылына келiп:
— Ау, халайық, бөрiлермен бiрге апанда бiр қызбала тұрып жатыр, — деп көргенiн баяндайды.
Сол түнi, ел ұйқыда жатқанда ауылға алпыс төрт қасқыр шабуыл жасайды. Жұрт жау шапқандай дүрлiгедi. Қолына бар қаруын алып сыртқа шыққан аңшылар, қасқыр талаған адамдар, ауыл iшi ию-қию. Сол кезде таудан «қайт-қайт» деген дауыс естiледi. Ауылға қарай апандағы қыз жүгiрiп келедi екен. Аңшылардың бiрi қызды дәлдеп тұрып атады. Қыз шыңғырып барып құлайды. Алпыс төрт бөрi шабуылды күшейтедi. Қызды атқан аңшымен қоса ауылдың бес-алты адамын сол жерде жарып тастайды. Ауыл тұрғындарында қасқырға қарсы тұрар дәрмен болмайды. Қаптаған қасқыр айға қарап ұлиды. Бұл олардың қызды жоқтағаны едi. Қыздың денесiн тiстеген көкжал тауға қарай жорта жөнеледi.
Содан кейiн таудағы қасқырлар бұрынғысынан да ащы дауыспен ұлитын болыпты. Көкжалдың зарлы үнi ауыл адамдарының сай-сүйегiн сырқыратыпты. Олар сонда ғана өздерi боранды түнде қондырмай қуып жiберген қызды қасқыр паналатқанын бiлiптi. Содан кейiн бөрi атаулы бұл ауылға жоламапты. Бiрақ айға қарап ұлыған алпыс төрт қасқырдың зарлы даусы бүкiл тауды күңiрентедi екен. Иватэ перфектурасынан Акита префектурасына барар жолда асу бар. Сол асудан алты қасқырдың тас мүсiнiн көруге болады. Қызды жоқтап, ұли-ұли тас боп қатып қалған деседi ел. Жаңа жылдың он жетiншi түнi осы алты тас мүсiн Аспанға қарап ұлиды екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі