(Көрініс)
(Сахнаға жұмыстан келген анасы шығып, қыздарымен амандасады. Анасымен шұрқырай амандасқан қыздары, қайта улап-шулап, таласып, айғай-шумен ойнап кетеді. Киімін жылдам ауыстырған анасы, біресе тамақ жасап, біресе үйдегі шашылған заттарды жинап, біресе ыдыс жуып сәнсіреп кетеді.)
Анасы:
— Айжан, Айман, Шолпан! Қане, жылдам маған көмектесеміз?! Менің он қолым жоқ. Есесіне үш қызым бар. Неге маған жандарың ашымайды?
Айжан:
— Анашым, менде ертең тжб. Тестке дайындалуым керек! Айман мен Шолпанға айтыңызшы..! Менің міндетім тек төсек салу! (Кітабын алып шығып кетеді.)
Айман:
— Анашым, мен күнде кір жайып жүрмін ғой? Шолпанға айтыңызшы? Күніге мен істей беремін бе?
Шолпан:
— Анашым, мен үнемі қоқыс тастап, әрі дүкенге барамын. Сонда олар не істейді?
Анасы (айқайлап):
— Болды, жетеді! Ешқайсың ешнәрсе істемеңдер! Барлығың жатыңдар телефон көріп. Мен өзім істей салам. Күні бойы жұмыста тікемнен-тік шапқылап жүремін. Екі сағат автобуста сығылысып, кептеліспен шаршап келемін. Келе сала сендер шашып даярлап қойған үйді жинаймын. Қолмен жуатын кірді жуамын. Ыдыс жуамын. Сабақтарыңды оқытамын. Шомылдырамын. Ас дайындаймын! Мен — Құлтемірмін! Мен — шаршамаймын! Барлығын істей беремін. Түнде үш-төрт сағат қана ұйықтап, таңғы алтыда жұмысқа барамын. Ал, сендер, демалыңдар, барыңдар! (Кенет жүрегін ұстап, отырып қалады.)
Шолпан:
— Анашым, сізге не болды?
Айман:
— Анашым, қай жеріңіз ауырып тұр?
Айжан:
— Анашым, бізді кешіріңізші...?! Мен барлығын өзім істеймін! Тек, бізді қорқытпаңызшы...?!
Анасы:
— Қыздарым, мен кішкене жата тұрайыншы... Әкелеріңе айтыңдаршы, дайын ас ала келсін! (Сахнадан кетеді)
Айжан:
— Айман-Шолпан! Ешкім әкеге қоңырау шалмасын. Мен тамақ істеймін. Айман үй жинайды. Шаң сүртеді. Шолпан қоқыс тастап, нан әкеледі.
Айман:
— Мақұл әпке!
Шолпан:
— Жарайды (көңілсіз келісіп, есік аузында тұрған пакетті алып, сахнадан шығып кетеді.)
Айман:
— Әпке, біз осындай тату, бауырмал болу үшін, міндетті түрде анамыз ауруы керек пе еді?! Өтініш, бұдан былай салғыласпай, ұйымшылдықпен үй тірлігін атқарайықшы?
Айжан:
— Айман, сен білесің! Мен биыл ҰБТ тапсырамын. Өтінемін, тамақ жасауды менен үйреніп алшы? Егер мен ҰБТ-дан аз балл жинасам, ақылы оқуға тура келеді. Ал ақылы оқысам, әкеміз бен анамыз сендерге ақша бере алмайды.
Айман:
— Әпке, маған тамақ жасауды үйретіңізші? Мен сізді үй жұмысынан толық босатайын. Бастысы жалқауланбай тестке жақсы дайындалыңыз! Ертең ұят болып жүрмесін?!
(Осы кезде әкесі келеді.)
Әкесі:
— Оо, бүгін біздің үйде бір өзгеріс бар секілді ғой? Аналарың қайда?
Айжан:
— Әке, жақсы жеттіңіз бе? Анамыз кішкене ауырып қалды. Қазір тамақ дайын болады.
Әкесі:
— Тыныштық па? Қай жері ауырып қалды? Қатты ауырып қалмаған шығар?
Айжан:
— Жүрегі секілді... Бірақ қатты уайымдамаңыз!
Әкесі:
— Қыздарым, алтын балапандарым! Аналарың демалмағалы қанша болды? Кез-келген адам демалмай жұмыс істесе шаршап, ауырып қалмай ма? Ал сендер міне бойжеттіңдер! Енді аналарыңа үй тірлігін істетпеңдер! Ұят болады?!
Айжан (ұялып):
— Мақұл әке! Бұдан былай өзім қадағалаймын!
Әкесі:
—Айжан, сен қызым сабағыңа дайындала ғой. Бұдан былай Айман — басшы болсын! Шолпан — қосшы болсын! Мен — қажетті азық-түлікті таситын қамсыздандыру маманы боламын!
Айман:
— Мақұл әке! Онда мен сізбен бірге базарға барайыншы..?
Әкесі:
— Балмұздаққа тойып алайыншы? — дегің келіп тұр ғой, ия тәмпішім?! (Қызының басынан сипайды.)
Айман:
— Қалай біліп қойдыңыз, әке? (күледі)
Айжан:
— Әкешім, сізге алғысым шексіз! Осыдан ҰБТ-дан аман-есен өтсем, сіңлілеріме көмектесемін! Анама ешнәрсе жасатпаймын!
(Осы кезде сахнаға Шолпан шығып)
Шолпан:
— Анам бәріңізді шақырып жатыр. Жағдайым жақсы деп жатыр! — дейді.
Әкесі қыздарына қарап:
— Жүріңдер! — дейді. (Барлығы сахнадан кетеді.)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі