Өлең, жыр, ақындар

Ұшқыннан алаулаған Егемен

Ғасырлық тарихы бар, тағылымы терең, сар даланың тірлігін тізген басылымдардың бірі емес бірегейі – «Егемен Қазақстан». Алғашында басылым  «Ұшқын» деген атпен  халықтың қолына 1919 жылғы 17 желтоқсанда тиді. Тарихы терең аталмыш газетте Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды халқымыздың біртуар азаматтары еңбек етіп, басылымды дамыту, бет-бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру үшін үлкен үлес қосты. Газет өз тарихында «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста аты «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

Егемен Қазақстан күні бүгінге дейін өз өзектілігін жоғалтпай ту ұстап көкке шығып келе жатырған басылым. Ал осы басылымда қызмет істеген тұлғалар да аз емес, соның бірі факультетіміздің аға ұстазы, жазушы - Жүсіпбек Қорғасбек.

Жүсіпбек Қорғасбек - қалғымас қалам иесі 1984 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Журналистік қызметті алғаш республикалық «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетінде бастаған. Кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысып, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінің бас редакторы, балалар мен жасөспірімдер басылымдарының «Жас өркен»-нің бас директоры болып сайланды. Араға біраз уақыт салып «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы қаласындағы тілшілер қосынының жетекшісі болды. 1985 жылы «Жалын» баспасынан «Көгілдір керуен» атты әңгімелер жинағы, 1995 жылы «Жансебіл» атты повестер мен әңгімелер топтамасы, т.б. кітаптары жарық көрді. «Жансебіл» романының негізінде түсірілген көркемфильм сценарий авторы. 2001 жылғы «Тарлан-Үміт» сыйлығының иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1998). «Құрмет» орденінің иегері (2019). 

Біртуар кісімен мен де жүздесіп, сыр шертіп қайттым.
 
 - Сәлеметсіз бе, Жүсіпбек Қорғасбек мырза, сізді көріп отырғаныма қуаныштымын, осы тұста сізге қойғым келетін көкейтесті азын-аулақ сауалдарым бар еді. Өзіңіз бір берген сұқбатыңызда «мына қара тіршіліктің мойынға ілген қамытына қарай, осы газет-журналдың жұмысына жегілдім. Көптеген көркем шығармаларым жазылмай қалып жатса, осы газет-журналдарға кеткен уақытымнан көремін»деп жауап қатыпсыз, сіз өзіңіз байырғы боз бала шағыңызға қайта оралсаңыз,сізге қайта таңдау берілсе журналистиканы таңдар ма едіңіз ,әлде жазушы болуға бел буасыз ба?
 
- Шын мәнінде мен өмірімді қайта бастар болсам, қайтадан бәрібір журналистикаға келіп ұрынар едім, себебі журналистика адамдарға да,әдебиетке де өмірлік материалдарды көп береді.Әрі адам әдебиет пен журналистиканың ара-жігін айыра білуі керек.Журналистиканы әдебиетке араластырмауға тырысу керек, әдебиетті журналистикаға араластырмауға тырысу керек.Қазір әлемде «әдебиеттегі журнализм» деген түсінік бар,яғни көркем шығармалар жартылай не тұтас публицистикалық бағытта жазылуға қарады,әдебиетке араласатын болды. Осы «әдебиеттегі журнализм» бағытында жазылған шығармалар нарықта жақсы бағаланады, олар бүгінгі күннің мәселелерін, ең өзекті мәселелерін көтереді,ең керекті тақырыпты қозғайды,себебі БАҚ-осындай мәселелермен күнін көретін мамандық. Қалай жаңалыққа сұраныс жойылады,солай журналистиканың да құдыреті төмендейді. Журналистика деген өзі жаңалық пен өмірлік материалдарға байланып қалған мамандық,ал әдебиет дегеніміз көбіне фантазияға құрылады, адамның ішкі-сыртқы полимикасына және дисскуссиясына құрылады, сондықтан осы жерде деректі дүниелер кем болып жатуы мүмкін, ал журналистика тікелей өмірлік материалдарға және деректілікке тәуелді. Мен әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрген кезде әдебиеттен қарағанда журналистика мені өмірлік материалдармен көп қамтамасыз етті, мысалы менің кеңінен танымал “Жансебіл” деген әңгімемді өмірлік материалдарға негіздеп журналистикамен айналысып жүргенде жаздым, соның негізінде “Жансебіл” деген кино туды,кейін “Өлі көл” деген деректі хикаят жаздым, көптеген осындай тақырыптарды жазуыма маған журналистика көмектесті.Сондықтан мен ойланбай журналистикаға келер едім.

- Сіздің ойланбай, толғанбай бір сөз де жазбайтыныңызды, өзіңіздің прозаларыңыздан ақындық қарым-қабілетіңіз, қазақтың тілін терең білетіндігіңіз анық аңғарылады. Шығармаларыңыздан жинақылық, сергектік көрініп тұрады. Оқып отырғанда сезе қоясың. Таланты ерте танылған жазушы Жүсіпбек Қорғасбек туралы «үлкен» әңгімелер алдағы уақытта айтылатын да, жазылатын да болады. Әдебиетке өз қолтаңбасымен келген талантты жазушының, «Жансебіл», «Көкжалдар» кітаптарының жазылуына қандай қоғамдық мәселелер түрткі болған еді?
 
- Жансебіл жазылған кезде,сонау 1988 жылы біздің қуғын-сүргін құрбандары ақтала бастады. Ш.Құдайбердіұлы бастаған біздің көптеген арыстарымызды ақтау туралы қаулы шықты, біріншіден соның да әсері болған болуы керек,екіншіден мен Сарыөзек деген жерде жолсапарда болдым, сол жерде бекет бар, бекетте маған біреу кездейсоқ айтып қалды, Сібір жақтан келген бір бөренеде қазақ кісінің аты жазылған екен “Туған жерге сәлем” деп жазылған жазуы бар екен, сол маған қатты әсер етті.Әрі менің бала кезімде Зейнел Кіндікбаев деген бастауыш сыныптың мұғалімі болған,түске дейін сабақта боламыз, түстен кейін бірге қой бағамыз, сол жерде мен алғаш 1937 жылғы оқиғалар жөнінде әңгімелер ести бастадым, осының барлығы әсер етіп мен “Жансебіл” деген әңгімемді жаздым.
Ал “Көкжалдар”романын жазған себебім осы қазақтың жастары, белгілі тұлғалардың балалары түрлі арандатушылыққа ұшырады, соның ішінде менің естігенім қылмыстық топтар солардан үнемі ақша алып тұруы үшін балаларын әдейі сондай теріс жолға түсірді, әлгі наркоманиясы,ұрлық-қарлығы бар. Онымен қоса кеңес заманында КНБ осындай мәселелермен айналысқан екен, себебі белгілі бір адамдарды, пікірі өзгеше адамдарды, бағынбайтын адамдарды өздері бағындырып ұстап тұруы үшін балаларды жаман әдеттерге үйреткен көрінеді. Сосын сол балалардың қылмысын мойнына салып, бетіне басып отырып, балаларды тізгіндеп отырған деген әңгіме бар, ол рас қой деп ойлаймын, сол оқиғалардың әсерінен туған, солар үнемі ойымда жүретін,сол сюжеттерді сығымдап жазған әңгімем болатын.
 
- Қазақ әдебиетін сөзге тиек етіп жатырмызғой, сіздің пікіріңізше бүгінгі қазақ әдебиеті қай кезеңде: тоқырау тұсында ма, әлде қалыптасу, шыңдалу сатысында ма, біртуар жазушылардың әлі де дүние дидарын танитынына қаншалықты сенім білдіресіз?
 
- Қазіргі қазақ әдебиетінде тоқырау сипаттары бар, бұл бүгін ғана пайда болған жоқ, кешегі нарық қалай басталды, солай пайда болды және әлеуметтік желінің келуіне байланысты, осы тұста әдебиеттің оқырманы азайып, аламанның да қызығы кемидіғой, әдебиет те сондай жағдайда, 30 жылға таяды, созылып келеді, бірақ бұл кезеңнің өзінде де бірнеше жақсы шығармалар жазылып келеді, бірі-біріне жалғасып жарық көріп жатыр, бірақ бұрынғыдай топ-тобымен шығып жатырған үлкен әдебиет жоқ. Бұрын біз соц-реализм ықпалында болдық, одан кейін қазіргі постмодернизм, осы постмодернизм бағытында шығармаларды бірлі-жарым болмаса, көп байқай қойған жоқпын. Біз соц-реализмнен шыққан соң қатал реализмге келдік, одан кейін гиперреализмге келдік, бұл біздің әдебиеттің публицистикамен тікелей байланыста екенін көрсетеді. Қазір журналистика мен әдебиет бірін-бірі құтқарып келе жатыр, бірінің орнын бірі жауып жатыр. Мықты жазушылар публицистикалық шығармаларды жазып қояды, журналистер әдеби шығармалар жазып қояды, бір-бірін қолдап насихаттап қояды. Қазіргі күні әдебиеттің насихатын журналистер жасап жатыр деуге болады, бірақ дегенменде ұзаққа созылған тоқырау кезеңінде, бұдан қалай шығады,қандай жолмен шығады ол әлі анық емес, оны талдап, болжам айтып, жол көрсетіп жатырған әдебиет сыншылары жоқ.  Әдебиет қазір стихиялы түрде дамып жатыр. Әдебиеттің ішінде осы әдебиетті өзгертсек деген бүліктер болды, мысалы постмодернистер Дидар Амантай бастаған дейміз, ал шын мәнінде оның қамқоршылары болды Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов сынды, өздерінің сыншылары болды, өздерінің алға салып жүретін Таласбек Әсемқұлов сияқты мықты жазушылары болды, бұлар әдебиетте үлкен өзгеріс жасағысы келді, бірақ қазір шаршады ғой деймін, есесіне олардың орнын постмодернисттік бағыттағы жастар басып келеді, демек, олардың еңбегі еш кеткен жоқ деп айтуға болады. Ал жазушыларға келер болсақ біз кезінде біртуар жазушы деп атаған жазушылардың шығармаларын қазір оқырман оқымауы мүмкін, оқымақ тұрмақ,оны қабылдамауы мүмкін, өйткені талғам өзгеріп жатыр ғой, ол оқырманның талғамын әдебиетшілер ғана қалыптастырып жатырған жоқ, кино, театр бар, өнердің әртүрлі салалары бар, сол тұста бұлар білімдеріне білім қосып жатыр деуге болады. Менің қазір толық сенімім бар, әсіресе жастарды оқысам, үлкен жазушылар қайта оралып келердей көремін, жас жазушылар өте көп, жас ақындар, жас прозаиктер қайтадан қаулап, өсіп келе жатыр, солар біздің артымыздан қандай буын келе жатырғанын көрсетіп отыр, әсіресі “Дауыс” деген кітапқа шыққан он жазушыны айта аламын, өте тегеурінді, өте білімді, талантты, тілдері де жақсы, міне осылардың арасынан жұлдыздар шығуы мүмкін.
 
- Осы салаға бала кезіңізден, 9 сыныпта оқып жүріп-ақ келіпсіз, алғашқы мақалаларыңыздың бірі-“Топырақ таудың етегіндегі ауылым” осы мақалаңызды сол шақтағы алғашқы оқырмандарыңыз-ауылдастарыңыз қалай қабылдады?

- Мен кішкене кезімнен өлең жазатынмын, сосын 10- сыныпқа келген кезде «журналистика факультетіне түсу үшін мақала жазу керек» дегенді естіп, содан ең алғашқы жазған мақалам сол болды. Сол мақаланың ішінде біздің ауылда 2-3 гектар жерге егілген өріктер болған, сол өріктердің барлығын жаңадан келген совхоз директоры құлатып тастап,орнына үй салғызды, соған наразылық білдіріп “Топырақ таудың етегіндені ауылым”деген мақала жаздым. Тікелей сынамасамда совхоз директоры осындай әркеттерге жол берді деген сөйлемдер кетті. Ішінде Қапас деген бас бухгалтер болған, сол кісі үнемі көрші ауылдан айлық,пенсияны әкеле жатқанда ауылдың шетіндегі дөңге шыққанда тоқтап,бір демалып алады, сол демалып алған жерінде біраз мызғып алады, 50 грамын ішеді, ал халық ақшаны күтіп, қақтығып отырады, сондай фактілерді де қостым.
 
- Осы тұрғыда ағалық ақылыңыз болсын, біз секілді жас,жаңа қалыптасып келе жатқан бала журналистерге қандай ақыл, кеңес айтар едіңіз?
 
- Сендерге берер ағалық кеңестерім өте көп, бірақ соның ішінде бір нәрсені жеке бөліп алып, айтқым келеді, қазір сіздер қанша емтихан тапсырып жүрсеңіздер де, 1 -ші курс оқып жүрсеңіздер де бос уақыттарыңыз көп, сол уақыттардың барлығын әдеби кітаптар оқуға, өнер туындыларын көруге, бағалауға, және сол туралы материал жазып, дағдылануға шақырар едім, себебі қазір журналистика артық емес, керісінше жетпейді газет-журналдарға. Себебі оқу бітіргенмен де екі сөздің басын құрап жаза алмайтындар сұранып барып жатады, оларды бірден байқағаннан кейін жұмысқа алмайды, ал таланттылардың алғашқылары қазір «Егемен Қазақстынның» Алматыдағы филиалына жұмысқа кіріп жатыр, олардың қандай журналист болып шығатынын енді өмір көрсетеді.
 
- Көкейтесті сауалдарыма толық жауап алдым деп санаймын, сұқбатыңызға рақмет,Жүсіпбек Қорғасбек мырза!

Әртүрлі салада қалам тербеткен Жүсіпбек мырзамен инсайт пен кеңестерге толы пайдалы сұқбат болды. Ол кісінің дәл осылай пайымды журналист болып қалыптасуына “Егеменнің” үлесі зор деп есептеймін.

Газет атауы 1991 жылы маусым айында «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Осы атауымен ел тәуелсіздігін қарсы алып, 1993 жылдың соңына дейін «Егеменді Қазақстан» болып жарық көріп тұрды.

«Редакторлардың редакторы» материалында «Егеменде»  бас редактор қызметін атқарған қаламгер Ержұман Смайыл «Социалистік Қазақстанның» «Егеменді Қазақстанға» қалай өзгергенін былай сипаттайды: «Шерағаңның газеттің атын қалай өзгерткені ойға оралды. Оған біраз дайындалдық. Өзі бірқатар деректер айтып берді. «Революцияға дейін Батыс Қазақстанда «Қазақстан» деген газет шығып тұрып, кейін жабылып қалған. «СҚ»-ның алғашқы ізашары «Ұшқынды» шығарарда сол газеттің құрал-жабдықтарын, қаріптерін Орынборға жеткізген көрінеді. «Ұшқын» сол «Қазақстанның» техникалық негізінде шыққан. Демек, «Қазақстан» атауын қайта жаңғырту орынды болады. Солай ұйғарылып, Орталық Комитеттің Саяси бюросына хат дайындадық. Шерағаң бір түзетіп, қайта басылған нұсқасына қол қойып, Үлкен үйге аттанды. Екі сағаттайдан соң көңілді оралды да, алдымен мені шақырды. «Ал жігіттердің бәрін жина. Ертеңнен бастап газетіміз «Қазақстан» болып шығады». Жігіттер жиналған кезде үкіметтен телефон соғылды. Трубканы көтерген Шерағаң басында «иә», «иә» деп отырды да, соңынан «жарайды» деп көңілсіз қайырды. Жаңағы келген жерден әңгімені басқаша жалғастырды. «Еліміз егемендігін жариялап жатқанда газет атауы да соған сай болуы үшін «Егеменді Қазақстан» деген атау алды».

1993 жылдың 1 қаңтарынан «Егемен Қазақстан» атауымен шыға бастады. Лингвистер мен филологтардың  талқылауларынан соң сол кездегі бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың бұйрығымен «ді» жұрнағы алынып, «Егемен Қазақстан» болып өзгертілді.

Газет осы кезеңде саясаттың жаршысына, ұлттық мүдденің жыршысына айналып, Тәуелсіздіктің тұғырын тікейту мәселесіне белсене кірісті. 1999 жылы Астанаға қоныс аударды. Қазір редакция Астана қаласы, «Егемен Қазақстан газеті» көшесіндегі 5/13 мекенжайында, Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен арнайы салынған ғимаратта орналасқан. “Егеменнің” ертеңі ерек, жұлдызы жарық  болатынына мен кәміл сенімдімін, ол үшін біз, бала журналистер аянбай тер төгуіміз керек. “Егеменнің” ертеңі біздің қолымызда!
 
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қазақстан жазушылары//Анықтамалық. Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009 жыл

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 
1 курс студенті: Спандияр Балнұр Әбдуәліқызы 
Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер