Су тасқыны апат қана емес, сонымен қатар кешенді тәсіл мен инновациялық шешімдерді талап ететін сын-тегеурін. Батыс Қазақстандағы су тасқыны өңір тұрғындары мен экономикасына елеулі қауіп төндірді. Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайларына байланысты Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі жоғарылап, одан әрі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Табиғи ресурстарға бай аймақ экономикаға, экожүйеге және әлеуметтік тұрақтылыққа зиян келтіретін мерзімді су тасқынынан жапа шекті. Су тасқынының негізгі себептерінің бірі, климаттық факторлар болып есептеледі. Соңғы онжылдықтарда аймақта жауын-шашынның қарқындылығы мен ауа-райының тұрақсыздығы байқалған. Су тасқыны аймақтағы жауын-шашынның біркелкі бөлінбеуі мен қардың қарқынды еруі салдарынан пайда болды. Бұл жайт қазіргі таңда аймақтың сел басуына ықпал етті. Осы оқиға тұрғысында инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де шешуші рөл атқарады.Тиімсіз дренаж жүйелері және дренаждық арналарға техникалық қызмет көрсетудің жеткіліксіздігі,онымен қоса, ескірген бөгеттер мен каналдар, көп мөлшерде жауған жауын - шашынға төтеп бере алмаған. Соның нәтижесінде, сел басу қаупін және олардың жойқын әсерін арттырды. Ауыл шаруашылығы алқаптарының жоғалуы, инфрақұрылымның бұзылуы және халықты эвакуациялау — су тасқынының кейбір салдары ғана болып саналады. Ал, су тасқынынан болатын негізгі экономикалық шығындарға, ауыл шаруашылық өнеркәсіп, инфрақұрылым және жұмыс орындарының жоғалуы жатады.
Су тасқынының әлеуметтік әсеріне, зардап шеккендерге бұл жағдайдың психологиялық тұрғыда әсер етуі, сондай-ақ, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі кіреді. Батыс Қазақстандағы су тасқынының әсері жергілікті халықтың экономикасы мен өміріне елеулі әсер етіп қана қоймай, су тасқыны жолдардың, көпірлердің және басқа да инфрақұрылымдардың бұзылуына әкеп соқты. Бұл жағдай елді мекендерге кіруді одан әрі қиындатып, құтқару жұмыстарын жүргізуді кешеуілдетуі де мүмкін.
Еліміздің Батыс және Солтүстік облыстарындағы ахуал аса күрделі екені анық. Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарында су деңгейі көтеріліп кетті. Бұл ретте шенеуніктердің, әкімдердің "апат айтып келмейді" деген сөзді жиі қайталауы мен орынсыз ақталуы қалың бұқараның титығына тиіп, ашуын туғызды.
Қазақстандықтардың бір тобы апатқа жол берілгеніне коррупцияны кінәлі деп есептейді.
Инженер-гидротехник Аманбек Рамазановтың сөзінше, биылғы қыс мезгілінде қар көпке дейін жаумады.
"Сосын жаңбыр жауып, мұз аралас қардың жамылғысы пайда болды. Қыстың аяғы мен көктемнің басында жауын-шашын көп болды. Бұрын су жерге сіңіп кететін. Енді жер қатқаннан кейін су өзінің бұрынғы жолын таба алмай, елді мекендерді басып, жолдарды шайып жатқаны ғой. Бұл – үлкен табиғи апат", — деді ол.
Аманбек Рамазанов жазды күні елімізде су тапшы екенін еске салды.
"Қазір міне басып жатыр, су астында қалдық. Гидротехникалық құралдардың бәрі тозған, каналдар тазаланбаған. Қазақстанда судың пайдаланылуы тиімсіз. Екінші жағынан ағын судың 40 пайызы шет мемлекеттерден келеді. Атап айтқанда, Іле, Ертіс, Жайық, Шу, Талас, Сырдария трансшекаралық өзендерінен келеді", — деді инженер-гидротехник.
Қазақстан гидрогеологтарының қауымдастығы сарапшысы Эскандер Тұрсыновтың сөзінше, елімізде еріген қар суын пайдалану бойынша арнайы жеке ережелер жоқ. Бұл жөнінде сарапшы былай дейді: — «Қалай болғанда да, бұл туралы естімедім. Кеңес өкіметі кезінде құрғақ дала аймағында көктем мезгілінде еріген қар суы есебінен жиналған көптеген су ағыны шағын су қоймаларының каскадын салу арқылы қолданылды. Мұнда еріген қар суы көктемде жиналып, жаз бойы пайдаланылды. Қазір олардың қандай жағдайда екені белгісіз. Ғарыштан түсірілген суреттерден олардың бір бөлігі қолданылатынын байқауға болады», — деді. Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупін азайту үшін бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Сарапшылардың пікірлеріне сүйене отырып, келесі тұжырымдарды ұсынуға болады.
Дренаж жүйелерін жаңартуға және жаңа су қоймаларын салуға инвестиция салу қажет. Бұл суды басқаруды жақсартуға және су тасқыны қаупін азайтуға көмектеседі. Жерді тиімді пайдалануды реттеу үшін, жер учаскелерін бұрыс пайдалануға және су тасқыны қаупінің артуына жол бермейтін қатаң ережелер енгізу, сонымен қатар, топырақ эрозиясының алдын алу және табиғи су қоймаларын сақтау үшін жерді пайдалану тәжірибесін реттеудің де маңызы зор. Содан соң жұртшылықтың хабардарлығын арттыру қажет. Су тасқыны қаупі және оның алдын алу әдістері туралы халықты хабардар ету бойынша білім беру бағдарламалары мен науқандары жүргізілуі тиіс. Осы тұста ынтымақтастық пен ауызбіршіліктің болуы да маңызды болып отыр. Су тасқынына қарсы тиімді стратегияларды даярлау және жүзеге асыру үшін мемлекеттің, жергілікті биліктің, қоғамдық ұйымдардың және халықаралық серіктестердің бірлескен күш-жігері қажет. Су тасқыны салдарының алдын алу және азайту, шұғыл шараларды талап ететін күрделі мәселе болғандықтан, болашақта осы аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын бірлескен күш-жігермен ғана жақсартуға болады.
Бұл іс-шаралар сел басу қаупін азайтуға және аймақ тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауға көмектесетін шаралар деп қарастырар болсақ артық болмас.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті, 2-курс студенті Сабыр Шұғыла
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі