Жортып келе жатқан ана-қасқыр аңдаусызда апанға түсіп кетті.
Көзі қарауытып басы айналды. Бар салмағымен құлағандықтан жамбас сүйегі сырқырап барады. Қолынан келер қайран жоқ, тістеніп шыдап бақты. Сүйегі аман сияқты, оған да шүкір! Жоғары қарап еді, жүрегі зу етті. «Өлген жерім осы екен! Терең шұңқырдан қайтіп шығам?» — деп уайымға берілді.
Қоңыр қозы апан қасынан өтіп бара жатқан. Ыңырсыған дыбысты естіп, құлақтарын тігіп тұра қалды.
— Ыр-р!
Зәресі ұшқан қозы қайраттанып шұңқырға үңілді.
— Мәс-са-ған-н! Қасқыр ғой!
Қорыққанын сездіргісі келмей сабыр сақтап, сәл ойланды. “Жыртқыш екені рас! Бірақ қазір мүсәпір, дәрменсіз. Қой тілдесейін…»
— Қасеке, сә- ле-мет-пі-сіз?
— Сәлем-м.
Мұнда қалай түстіңіз?
— Жарқыным-ау, кеудесінде жаны бар тіршілік иесі текке жата ма?! Тамақ іздеп жортып келе жатқанмын. Алдым жылмағайдай тегіс сияқты еді. Айла асқан ба адамнан, шұңқыр қазып, жас шілікпен бетін жауып қойыпты. Қайдан білейін, омақаса құлап түстім.
— Қиын болған екен! — Қоңыр қозының жаны ашыды.
— Күні кеше дүниеге келген күшіктеріме обал! Соларға жаным ашып, уайымдап жатырмын.
Ана-қасқыр мұңайып, шарасыздық танытты.
Қоңыр қозы қол ұшын бергісі келді. Қайтсе екен?! “Ә-ә, таптым!..»
Қалың орманды бетке алып жортып бара жатып, отар жаққа көз қырын тастап қойды.
— Тәуекел-л!
Аяғы-аяғына тимей діттеген жеріне жетіп, қалың ағаш арасынан қураған қайыңды тез тапты. Қайыра келген ізімен жан ұшырып апанға жетіп, амалдап төмен түсірді. Ана-қасқыр қуанды. Қоңыр қозыдан мұндай батылдық күтпеп еді. Бәлесін қара-а! Оңаша жолықса жәукемдеп тастайтын қошақан ата жауын ажалдан арашаламақ.
Қураған қайыңның бұтақтарымен өрмелеп апаннан атып шықты ана-қасқыр. Жан-жағын шапшаң шолып өтті. Қоңыр қозыға зер сала қарады.
Айрықша белгілері болса жадына тұтпақ. «Ә-ә, оң құлағында үш бұрыш ойық бар екен!..»
Арада бір жыл өтті.
Қоңыр қозы есейіп тоқты болды. Бір күні аңдаусызда артқы аяғын сындырып, отарға ілесе алмай шеттеп қалды. Қанаған аяққа шыбын-шіркей үймелеп, келе-келе құрттады. Жайылуынан жатуы көп.
Өліара. Мамыр айы болғанымен түн салқын.
Үйірлі қасқыр жүрісі суыт. Алда жалы күдірейген көк шулан. Одан кейін ана-қасқыр, қалғаны жас күшіктер. Нәр татпағандарына үшінші күн, көздері қанталап айналаға суық қарайды. Бір кезде көк шулан иіс тартып тұра қалды.
— Ананы қара! — Жиырма қадамдай жерде жас марқа жатыр. Сілекейі шұбырды.
Ақсақ тоқты басын көтеріп, алға ұмтылғанымен орнынан тұра алмады.
О-о! Тоятын болдық! — Жас күшіктер қуанды.
— Іздегенге-сұраған.
Тісім қышып еді.
— Жете ме бәрімізге…
— Жет-пе-ген-де-е!..
— Өле жегенше, бөле жейміз.
Ана-қасқыр ұлардай шулаған ұяластарын тоқтатты.
— Сабыр сақтаңдар!
Қоңыр марқаның денесі мұздады. Ана-қасқыр былтырғы оқиғаны есіне түсірді. “Сол!” деп жылдам ойлап өтті.
— Қоңыр марқа таныдым сені.
— Мен де шырамытып тұрмын.
— Терең апан, қураған қайың… Ажалдан алып қалғансың. Жақсылыққа жақсылық! Қорықпа! Тимейміз!
Ана-қасқыр ұяластарын ертіп кетіп калды. Көз ұшынан салт атты көрінді. Бұл марқаны іздеген қойшы болатын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі