Кіші бесін. Сынып іші тым-тырыс. Қос Әліппе кездесіп қалды. Бірі — мұнтаздай таза, әдемі киінген, өзі жас. Екіншісі — бетіне шимай-шимай әжім түскен, жүдеу. Белі бүкірейіп, қартайған.
— Сені де көретін күн болады екен. Амансың ба? Дені-қарның сау ма?
— Шүкір Алла!
— Жүзің неге жабырқау?
— Жазмыштан озмыш жоқ, титықтаған тіршілік те баяғы.
— Алаңсыз сұхбаттасайық. Жә, өзің қайдан жүрсің?
— Қожайыным Асқар деген бала жаңғалақ, алаңғасарлау еді. Сабақ соңында асығып— үсігіп, мені ұмыт қалдырыпты.
Болмаған екен.
— Ойбу, жылы бөлмеде қалғаныма тәуба! Асекең талай рет далаға да тастап кетті емес пе?! Өзіңе де жол болсын!
— Менің қожайыным Ұларбек ұқыпты, тәртіпті бала еді. Бағана сабақ үстінде мазасы қашып қатты ауырып, үйіне сұранып кетті.
Сонда, алғаш рет пе қалуың.
— Иә, бірінші рет. Жалғызбын деп қорқып едім, оңды болды ұшырасқанымыз.
— Бір баспадан бір күні шықтық емес пе? Екі жыл өтсе де өзгермепсің.
— Шашың ағарып, белің бүгіліп, кімге ұқсап кеткенсің сен?
— Айтпа! Көрмеген қорлық, шекпеген мехнатым жоқ. Әуелгі қожайыным Айбол есімді бала еді. Өте сотқар, ерке-тотай. Оқып болған соң мені лақтырып жіберетін. Керек кезінде бірақ іздейді. Әке-шешесі айтудайын айтады. Тыңдайтын Айбол ма?! Ақпа құлақ деп сондай баланы айтар. Табан астында ұмытады бәрін.
Асқар — екінші қожайыным. Бұл Айболдан асқан бұзық. Сабаққа да ықыласы шамалы. Кітап бетін анда— санда бір ашады. Оқып отырады да, қолы қышып кете ме, өзге қағаз жоқтай бетімді шимайлап сурет салады. Парақтың шетін жыртып, шайнап-шайнап түкіріп тастайды. Қар алғаш жауған күні алысып-жұлысып жүргенде сөмкесінің аузы ашылып, кітаптар шашылып қалды. Әрине, мен де бармын. Бір заматта бүйірімнен бір тепті. Жаным көзіме көрінді. Қабырғам сынған шығар дегем. Абырой болғанда аман, сау-тамтық қалмады үсті-басымнан. Киімдерім жыртылды, парақтарымның бірнешеуі жұлынып, түсіп қалды.
Қыс басталғаннан сырғанақ деген пәле шықты. Өзге балалар етікпен немесе сөмкесінің үстіне отырып сырғанаушы еді. Асқардың ісінің бәрі кереғар. Маған отырып алып, шана орнына пайдаланатынды шығарды.
— Байғұс-ай, көрмеген қорлығың жоқ екен!
— Осындай өмір сүріп жатқанда қалайша қартаймайсың.
— О не дегенің!
— Басымды арашалайын, қашып құтылайын деп те толғандым. Бірақ қыс ішінде қайда барып паналаймын.
— Енді өз жайыңнан хабар бер.
— Менің алғашқы қожайыным Ұларбектің ағасы Жұмажан үлгілі оқушы. Қолына тиген күні— ақ қызыл матамен тыстап қойған. Өзге кітап-қағаздарына да ұқыпты. Жұмабек екеуі тете, аралары бір жас. Енді міне, Жұмабектің інісімен біргемін. Барлық парағым орнында, шимайлаған жоқ.
Ұларбек пен Жұмажан кітап қадірін жақсы біледі. Үйткені, кітап — білім бұлағы! Рухани нәр — азық!
— Уәжің орынды! Асқар сияқты балалар түсіне ме?
— Миына құю керек!
— Асқармен сөйлесіп көрсеңші.
— Сөйлесейін.
Қос Әліппе қол алысты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі