Өлең, жыр, ақындар

Ми неден қорқады? (Көрініс)

Сахнаға есінеп-құсынап ми шығады.​ Бір қолында кітап. Бір қолында телефон.​ Орындыққа келіп отырып,​ кітапты ашып оқи бастайды. Бірақ ұйқысы келіп,​ қайта-қайта есінейді. Сол кезде уатсабына хат келіп түседі.​ Телефонға қараған ми,​ инстаграмм, ютуб,​ тик-токты аралап кетіп,​ кітап жайына қалады.​ Ми есінеуін тоқтатып,​ сергіп,​ тырқылдап күле бастайды.

Осы кезде шұбалып сахнаға шыққан ұзын Кітап Парақтары:

— Ми қарағым!​ Сергіп болсаң тұр!​ Мені оқы.​ Ертең сабаққа барғанда тарихтан не айтасың? - дейді.

Ми:

— Қазір, кішкене көре салайын! Сосын оқимын! - дейді. (Ары қарай инстаграмм көріп кетеді. Қасында біраз тұрған Парақтар, басын шайқап,  түңіліп, сахнадан кетіп қалады. Аздан соң қызықты вайндар көріп, күле бастайды. Осы кезде дүңкиген Әдебиет Оқулығы шығып):

— Ми досым!​ Маған да бір уақ көз салшы?!​ Жақында бжб-тжб басталады.​ Есіңде ме?​ Классикалық шығармаларды оқып келіңдер деп еді ғой?​ Бірақ сен маған назар да салған емессің!

Ми:

— Әдебиет, сен ренжімеші. Сенің бетіңді ашып, қалай оқи бастаймын, солай ұйқым келеді. Одан гөрі жолда жүріп құлаққаппен аудио кітап тыңдағаным артық, - дейді.

— Аудио кітаптан емтиханға қатысты қандай сұрақтарды оқыдың? Қалай талдау жасадың?

— Досым, бара берші! Сенсіз де күн көргем. Қазір технология заманы. Сенің қажетің жоқ! - деп жауап береді.

(Ренжіген Әдебиет қолын бір сілтеп, шығып кетеді. Осы кезде бір қолында қаламы бар Дәптер келіп):

— Ми дос!​ Тұр!​ Қазақ тілден эссе,​ алгебрадан есеп,​ орыс тілінен жаттығулар орындауың керек! Жазу,​ жазу және жазу!

Ми:

—  Оооф!  Енді жетпеген сен едің. Кетіңдерші бар! - деп айқайлайды.

Сахнаға бәрінің соңынан жеткен Телефон:

— Ей,​ концелярия!​ Тимеңдер миға!​ Оған көп қозғалуға болмайды. Өзі су мен майдан тұратын,​ жалқау жаратылысқа неге тисе бересіңдер?!​ Ұйықтасын! - дейді.

Ашуға мінген Дәптер:

— Осы сен бәле қайдан шықтың? Сен жоқ кезде кітап бала-шағаның қолынан түспей,​ үлкендер бір-бірінен сұрап,​ кей адамдар ұрлап, кей адамдар аттай қалап,​ қадірлеп үйіне алып кететін.​ Әр үйде кітапқа таласып,​ жата-жастана оқитын.​ Ұқыптылары көшіріп жазып,​ ішіндегі жақсы сөздерді елге тарататын.​ Сен қалай шықтың,​ солай барлығы саған жабысып қалды. Оқушылар тіпті жоламайтын болды. Тиіп-қашып оқитындар бар енді...​ Онда да үздіктер ғана.​ Бұлай жалғаса берсе,​ мына қоғам кері кетеді ғой?!

(Осы кезде сахнаға  шыққан Телефон):

— Дәптер,​ көп сөйлеуіңді әлі қоймапсың ғой?! Сендерге адамдар неге қызықпайды,​ айтайын ба?! Өйткені сендер  мылжыңсыңдар!​ Көп сөйлейсіңдер.​ Әрі мен секілді ешнәрсе көрсете алмайсыңдар.​ Не аудио, не бейнематериалың да жоқ.

Дәптер:

— Әлбетте,​ сенің айтқаның дұрыс телефон. Бірақ,​ адам баласы түбінде сені емес,​ Кітапты құрметтейтін болады.​ Оның құрметіне әлемнің әр қаласында кітапханалар салынды.​ Әр мектеп,​ әр оқу орындарында оны дәріптеп,​ қолдан-қолға тигізбей оқиды. Ал саған қандай мемлекеттік құрмет көрсетілді. Керісінше, қоғам болып күресуге шақырып жатыр.

Телефон:

— Күлкімді келтірмеші Дәптер. Бұрын сендерді қадірлесе қадірлеген шығар?!​ Ал қазір баласының маңдайынан сипамайтын үлкендер,​ күні-түні менің бетімді сипалаумен әлек.​ Менсіз бір сағат та өмір сүруге шыдамайды. Сондықтан Дәптер ханым, қайқайыңыз! Сізді ешкім шақырған жоқ!  Миға ауырлық түсіруге болмайды! - дейді.

Ашуға мінген Дәптер,  ренжіп кетіп қалады.

Телефон болса Миға  келіп:

— Мына канцеляриялар әбден мазаны алды. Кеттік,  екеуміз таза ауада,  тыныш жерге барып отырайықшы..!  Сабақты уайымдама.  Гуглдан көре саласың.  Бастысы бірге болсақ болғаны!- деп ертіп кетеді. Ми Телефонмен қол ұстасып шығып кетеді. 

Орындық үстінде қалған кітапты қолына алған үлкен Кітап:

— Мұңайма!  Бұл күндер де өтер..!  Бізді де жата-жастана оқитын ұрпақ келер!  Еһһ!  - деп шығып кетеді.

Г.Қасенбай 
13.04.2023


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер