Жұңғар қалмақтарының қазақ жеріне жасаған жойқын шабуылдарына қарсы үйсін тайпалары құрамында ұзақ жылдар бойы күресіп, төрт ботбайға ұран болған Сәмен батыр өзі жаугершілікке кеткенде, ауылға жастайынан соғыс өнеріне үйренген жиырма шақты бала жігіттерді қалдырып кетеді. Тойшыбек батыр өз ұлы Байсейітке: «Өз қатарыңа бас бол, әр қалай соғыс өнерін үйрендің ғой», — деп табыстайтын. Ауылдың ер- азаматтары жаугершілікке кеткеніне екі-үш айдың жүзі болғанда, қой жайып жүрген бір бала жүз қаралы адамның Ащысайға түсіп, шатырларын тігіп, жайғасып жатқанын көріп «не де болса білейін» деп, маңайларына барып тың-тыңдап көреді.
Олардың сөздерінен, үстеріндегі киімдерінен қырғыздар екенін таниды. Басшыларының ақбоз атқа мініп жүргенін, күні ертең қазақтар ауылдарына шабуыл жасайтындарын біледі.
Кіші Ащысайдағы қойларын тез ауылға айдап келген әлгі бала Байсейітке көргенінің бәрін айтады. Ертең ертелете бір бәленің болатынын олар іштей біліседі. Ол өз қатарлы бала жігіттерді жинап жіберіп, түн жамылып дайындыққа кіріседі. Ащысайдан шығатын жолдың екі жағынан әр адам кісі бойы шұңқыр қаздырады. Алыстан білінбейтін болсын деп, топырақтарына дейін бәрін жинап, төменге түсіріп тастайды.
«Біз қапысыз келе жатқан жауға оқты жаудырамыз, мен Ақбоз атты басшысын атып түсіргенде, сендер жиырма шақты адамды атып түсіріңдер, екінші оқпен тағы жиырма адамды түсіріңдер, үшіншісінде дыбыс шығаратын оқпен атыңдар, оқтың даусынан олар көп екен», — деп қашады.
Таң ата қырғыздар шабуылға шыға бастайды. Байсейіт жағы да соңғы дайындықтарын бітіріп, демдерін ішіне тартып, қырғыздардың жақындай түсуін күтеді. Олар садақ оғы жететін жерге жақындады-ау деген жерге жеткенде, Байсейіт алда келе жатқан ақбоз аттыны бірден түсіреді де, қалғандары да жаудың бір-біреуін түсіреді. Садақ оғы екінші рет атылғанға дейін не болғанын қырғыздар жағы білмей, аң-таң болысады. Олар өздерінен екінші топ адам түскенде барып өздерінің тосқауылға ұрынғанын біледі.
Қырғыздардың зәресі кетеді. Кейбіреулері тағы да оққа ұшып, кейін қарай сайға түсіп, оққа ұшқандарын да алып кетуге мұршалары келмей қаша бастайды. Байсейіттер Кіші Ащысайдағы аттарына мініп қуғандарымен жете алмайды. Олар қолға түскен ат, ер-тұрмандарын олжалап, ауылдарына келді. Ауылы тонаушылардан аман қалады. Байсейіттің атағы елге жайылып, батыр атала бастайды.
Қарақалпақтың жасы ұлғайып қалған батыры Құлшабайдың жалғыз қызы Апақайдың «қазақ, созақ бір туған, мені қоқандықтардың зорлығынан құтқарсын» деген сәлемін алғанда, Байсейіт оңтүстікті жаудан құтқарып жүрген әскерлердің ішінде екен. Сәлемді жеткізген адамның айтуы бойынша, Қоқан бектерінің менмендіктерінің асқаны сонша, Құлшабайға: «Қызыңды берсең — қолыңнан, бермесең — жолыңнан, еліңді шауып қызыңды күң қылып аламын», — дейді. Амалы таусылған қыз әкесі қоқандықтардан жиырма шақты күн мұрсат сұрап, той қамына кіріскенде, Апақай жігіттен хабар күтіп отыра береді. Бұл екі арада Байсейіттер қам жасап, қасына сайдың тасындай қырық шақты жігіттерді ілестіріп, жолға шығады.
Елдің көзіне түспей, түнделете жүріп, белгіленген жерге жақындайды. Қоқандықтардың орналасқан жерін, қаншалықты адамы бар екенін және қандай жағдайда соғыс жүргізудің жәй-жапсарын біліп алады. Жасырын шолғыншыларын жіберіп, олардың жүздей адамымен бұлақтың басына шатырларын тігіп жатқанына дейін біледі. Уәделескен күні бұлақтың бас жағындағы терең сайдан кернейлетіп, сырнайлатып шықпақ. Байсейіт сарбаздарын екіге бөліп, терең сайдың екі жағына орналасады. Қоқандықтар сайдың шыға берісіне таянғанда, сарбаздар садақ оғын төбелерінен жаудырады. Дәлдеп атқан оқтан бектерінің, әскерлерінің жартысы аттарынан құлайды. Қалғандары келген ізімен кейін қашады. Байсейіт ауылға хабар бермей аттарды, сауыт-саймандарды жинастырып, сайға жасырынып, қоқандықтар қайта шабуыл жасаса, тағы да қарсы алып, ойранын шығармақ болады.
Ауыл адамдары қоқан бектері белгіленген уақытта келмеген соң, кешке қарай бір қарияны біліп келуге жібереді. Жол бойы өлген бектерді көріп ауылына тез қайтып, көрген-білгенін айтады. Апақай Байсейіт батырдың келгенін біліп, әкесіне болған жайды түсіндіреді. Ертесіне елін жинап, Байсейіт батырдың алдынан шығады. Қоқандықтардың бектеріне жасалатын той енді Байсейіт пен Апақайдың үйлену тойына айналады. Елдің қуаныштарында шек болмайды. Той соңынан Байсейіттер қоқандықтармен соғысып жатқан әскерлерге барып қосылады. Байсейіт батыр жорықтан қайтып келген соң Апақай қыз босанып, туған қызының атын Әсел қойыпты. Елін жинап үлкен той жасайды.
Ел арасындағы әңгімелерге қарағанда, Байсейіт пен Апақайдың өмірлері онша ұзақ болмаса керек. Ежелден қазақтардың арасында жер дауы деген еш бітпейді ғой. Оны отаршылар шебер пайдаланып, өздерінің жансыздары арқылы ел арасына іріткі салып, аяғы кісі өлімге дейін барып отырған. Сондай даудың бірі Белбұлақ өзенінің бойындағы жерге байланысты өршіп, дауды шешуге Байсейіт батырды шақырады.
Бұл екі ортада қарама-қарсы жақтар әрекеттер жасап жатады. Жансыздар арқылы бір адамды дайындап, «егер жерді қарсы жаққа берсе, онда Байсейітті садақпен атып өлтіруді» табыстайды. Байсейіт жиналған жұртты тыңдап, әділ билікпен жерді бұрыннан иелік етіп отырғандарға беріп, ағайын арасы тату болса, жер жетеді, бәрін орын-орнымен пайдаланыңдар. «Бәріміз қасиетті Домалақ ананың баласымыз ғой» десіп, ас-су ішіп, бата берісіп, орнынан тұра бергенде, он екі қанат үйдің жапсарынан атылған садақ оғы Байсейттің оң қолтығының астына тереңдей кіріп қадалады.
Елдің шулағанына қарамай, көпшіліктің көмегімен атына мініп, Ақсеңгірге бет алады. Қайсарлығымен тән ауырғанына шыдап, жанындағылардың сүйемелдеуімен өз үйіне жетеді. Көпшілік төсегіне апарып жатқызады. Небір білгір балгерлер жиналып: «Егер өз ерінен басқа еркек көрмеген әйел қадалған оқтың үстінен аттаса, оқ тез түсіп, орны жазылады», — деген болжам айтылады. Байсейіт: «Әйел адамды үстімнен аттатпаймын», — деп Апақайдың қолына жармасқанына қарамастан, садақтың оғын суырып алады. Оқтың орнынан аққан қан тоқтамай, ақыры Байсейіт қайтыс болады.
Ел жылап-сықтап жүргенде, Апақай жыламайды. Көргендер таң қалады. Ертесіне ел Байсейіттің сүйегін көтеріп үйден шығарып, жерлеуге алып кеткенде, Апақай өзінің күре тамырын кішкене кездікпен кесіп жібереді. Атқылаған қанды қолымен басып: «Халқым-ау, Байсейіттен басқа жанды көргенім жоқ еді, өзім аттайын деп едім, оған жағдай болмады. Енді онсыз өмірдің керегі жоқ», — деп қолын жібере салады.
Ел Апақайды ерінің жанына жерлейді. Әке-шешеден жастай қалған Әсел әкесінің ағасы Жанқожаның қолында тәрбиеленіп өседі.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі