Сәметтің Әйімбет ата ұрпақтарының бірі — Саурық ата күш-қайраты көп, әрі көріпкел әулие болған. Ол 1930 жылы жасы сексеннен асып барып қайтыс болды. Оның қыстауы Хан тауының шығысқа қарай созылған жотасының Далақайнар даласының тұсындағы Көкшоқы түбінде жалғыз үй отырады екен де, жазға қарай жайлауға Еспе өзенінің бойын жайлапты. Жазға салым Көкшоқы өзенін бойлап, жоңышқа егіп, екі рет шауып, қыста малына беріпті.
Жас кезінде ел ішінде болатын той-жиындарда күреске түсіп, қарсыластарын жығып, палуан атанған кездері болыпты. Оның өнері Шу өңірінің жұртшылығына кең жайылғандықтан ұры-қарылар одан сескенетін.
Бірде күзге салым Саурықтың өрісте жайылып жүрген бес-алты түйесін төрт атты ұрылар қуып айдап бара жатады. Көріп қалған ол асыққандықтан атының аяғындағы кісенін бұрап сындырып ашып, жайдақ міне сала қуып жетіп, екеуін сойылмен ұрып түсіреді, екеуі ұзап қашып кетіпті. Сұрастыра келе бұлар бұл өңірдің адамдары емес екен де, алыстан Іле өзені бойынан мал ұрлап қайту үшін келген жалайыр елінен болып шығады. Ол екеуін екі күн ұстапты да, бұдан бұлай бұл жаққа аяқтарын баспайтындай етіп, уәдесін алып, босатып жібереді.
Бірде ауылына ел ішіне жаңадан палуан атанып, аты шығып жүрген немере інісі Тоқсанның баласы Рәсілбай келеді. Өз балалары Жанбай мен Жәнеттер де ауылда екен. Балаларының күштерін сынамақ болып, Кеңшоқы өзеніне көпір етіп, өзі әкеп салған ұзындығы биік бойлы адамның бойындай жалпақ тасты көтеріп сынамақшы болады. Ол өз балаларына:
— Менен туған бала болсаңдар, мына тасты көтеріп, жыл-жытып былай қойыңдаршы, — дейді. Олар қанша әуреленгенімен шамалары келмейді. Сонан соң рәсілбекке қарап:
— Сен де қосылып, үшеуің көтеріп қойыңдар, — дейді. Алайда олар қанша әрекеттенгенімен тасты орнынан қозғалта алмапты. Сонда Рәсілбек тұрып:
— Аға, бұл тасты көтергеніңіз, сізді әрқашан жебеп, көмектесіп жүретін аруағыңыз бар, соның арқасы ғой, — деп өздерінше ақталыпты.
Рәсілбай палуан зор денелі, ауыр салмақты адам болыпты да, ал той-жиындарда сайысқа түскенде, сиқым елінің Бөрібай дегенінің үлкен мықты қара атын мінеді екен. Ол ат болса ондай сайысқа әбден үйренген, өзі ыңғайлана беретін әдісқой жылқы болыпты.
Бірде Рәсілбай ел болысы өмірбайдың баласы Жәнібек жасаған тойда ел ішінде атақ-даңқы бұрыннан танымал ысты елінің бір палуанымен жеке сайысқа түсіп, оны ат үстінен аударып түсіріп, жеңіске жетеді. Мақтаулы палуан жеңіліп, ел қыран күлкі болады.
Тойда отырған ауылдың Бекқұлы атты ақыны екі палуанды өлеңге қосып, ысты елінің палуаны туралы былай депті:
— Батыр, батыр дегенің, босқа дәріс екенсің,
Аса батыр келгенде құры ғаріп екенсің.
Ер емес екенсің, елшігес екенсің,
Нағыз батыр келгенде,
Тақымында күліп жүреді екенсің, —
депті.
Ежелден саз Еспе ғой біздің қоныс,
Жәнібек Әйменбеттен болды болыс.
Сайыста рәсілбай палуан алып,
Деп кетті «спасибо қазақ-орыс».
Саурықтың зор қайраттылығымен қатар, әруақ қонған, болашақты болжағыш көріпкелдігі де, әулие тәуіпшілдігі де болған. Ол әр аптаның жұма күндері қоңыр қобызымен зікір тартып, оны жайлап бастап, соңына қарай даусын созып, аңыратып жылағандай үн шығарып, әруақтарының аттарын қосып айтып отыратын әдеті болыпты.
Саурықтың тәуіптік әулиелік қасиетінің шапағаты елінің қажетіне мол тиіпті. Кейде екіқабат әйелдер босана алмай қиналатын мартубасты дерті кездерінде Саурықты көмекке шақырып, жәрдемін алып отырған. Баруға мүмкіндігі болма- ған жағдайда шақыра келген адамнан жөн-жобасын айтып, өзінің қамшысын беріп жібереді екен.
Бір жолы көршілес ауылда екіқабат әйелдің толғағы ұзаққа созылып, көп қиналыпты. Үй иелеріне ауылының Естай деген молдасын шақыртып жәрдемін сұрайды. Бірақ оның ешбір көмегі болмады. Амалсыз арақашықтығы біраз жер болса да, жетегіне ат беріп, кісі жұмсайды. Хабарды естісімен Саурық жедел жүріспен келеді де, бірден үйге кіріпті де екі-үш адамның ортасында отырған Естай молданың жотасынан қамшымен екі-үш рет тартып-тартып жібергенде, ол: «Биссимилла, биссимилла! Ой әруағыңнан айналайын, Саукем, Саукем!» — деп ешбір реніш білдірмепті. Толғатып жатқан әйелдің толғағы жеңілденгендей кейіп байқайды. Саурықтың Естай молданы ұрған ісіне таңғалысқан адамдардың біреуінің сұрағына ол былай депті:
«Малтубасты дерт толғатып отырған әйелден шығып, мына молданы баса бастаған екен, оны мен ұрып қуып шықтым, пәле кетті, енді жақсы болады», — депті де, отырған ер адамдармен сыртқа шығыпты. Көп ұзамай әйел аман-есен босанып, ұл туыпты. Үй иесі жүрегі жарыла қуанып, алғысын жаудырып, сый-сыяпат жасап, шығарып салыпты.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі