Өлең, жыр, ақындар

Болған істің бір қайыры болады

Бір патшаның ақылды уәзірі болыпты. Патша оны жоғары бағалап, қайда барса да қасынан екі елі қалдырмайды екен. Патшаға бір қолайсыздық жағымсыз жағдайлар болса, ол әрдайым «Бұның да бір қайыры бар шығар» деп көңілін аулайды екен. Бірде патша бір саусағын қатты жаралап, оны кесіп алып тастауға мәжбүр болыпты. Уәзірі оған «Бұның да бір қайыры бар шығар» деген үйреншікті сөзін айтыпты. Алайда патша осы жолы «Бұның несі жақсы, бұның не қайыры бар?!» деп бұлқан-талқан ашуланыпты. Уәзірді зынданға қамауға бұйырыпты. Уәзір: «Бұның да бір қайыры бар шығар» депті.   

Біраз уақыт өткесін патша аңға шығып түз тағысын қуудың қызығына түсіп, өзінің күзетінен алысқа ұзап кетіп, пұтқа табынатын жабайылардың қолына түсіпті. Олар патшаны өздерінің пұттарына құрбандыққа шалмақшы болады. Бірақ бір саусағының кем екендігін көріп, құрбандыққа шалуға жарамайтындықтан, өлтірмей қоя беріпті.

Патша не пайдасы, не зияны жоқ тастан жасалған пұттың алдында қойша бауыздаудан Алланың аман алып қалғанына қуанып сарайына оралады. Келген бетте бірден уәзірін қамаудан шығаруды бұйырады. Кездескенде кешірім сұрап, болған оқиғаны баяндайды, Ұлы Құдірет Иесінің асқан даналығын жаңа ғана түсінгендігін білдіріп, Аллаға шын ықыласты мақтаулар айтады.

Сонан кейін патша уәзірінен: «Сені зынданға тастауға бұйырғанда, сен «Бұның да бір қайыры бар шығар» дедің. Тап осында қандай даналық бар?» деп сұрапты. Сондағы уәзірдің жауабы: «Егер мен қамауда болмасам, сізбен бірге аңға шығар едім ғой. Онда жабайылар сенің орныңа мені құрбандыққа шалар еді ғой. Сондықтан Алланың ісінің бір қайыры болады.».  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз