Өлең, жыр, ақындар

Өске ақынның тұстасы

Өске ақынның тұстасы Бағаналы Ерден аға сұлтан екен. Бірақ, əнші-ақындарға алым бермейді екен. Бір күні халық «сен қанша ақынмын десең де, Ерденнен ешнəрсе ала алмайсың» деседі. Сол сөзге ерегесіп, Өске Ерденге барып өлең айтады:

Ассалаумағалайкум, батыр, Ерден!
Бақытың дəулетіңмен кетті керден.
Мың қарғаның ішінде жалғыз бүркіт,
Көзіме көріндің ғой келген жерден.
Естушы ем арғы атаңды Ерден — Дулат,
Келеді қара аруақ содан құлап.
Қапталдан қара аруақ қалмай келед,
Мылтықтың түтініндей будақ-будақ.
Сұңқардың екі мұртың жебесіндей,
Ақылың Ніл дарияның кемесіндей.
Қатардан биіктігің озат туды,
Күн шалған Алатаудың төбесіндей.

Сонда Ерден: — Тоқтат! Осы үш ауыз өлеңіңде менің айтыларым айтылды. Өлеңшіге малым жетпей, алым бермей жүргенім жоқ, аузына келгенін тантыған соң, ешнəрсе бермейтін едім. Аларыңды аларсың, — деген екен. Ертеңінде Ерден Өскені аттандырмақ болып, тысқа шығады. Қасына бəйбішесі, бес-алты баласы ере шығады. Өске баладан да сый дəметеді.

Қалқам-ау, жас құлын енесінен кете алмайды,
Тай берсең, жерім алыс, жете алмайды.
Есілден құнан берсең, өте алмайды,
Есілден дөнен берсең өтер еді,
Су өткен тісеу дөнен ет алмайды.
Шырағым, не айтарға, не қайтарға,
Ағаңның көңілі кетті бір байталға.
Əкең айғыр берді ғой, сен байтал бер,
«Ерден көктің үйірі» деп айтарға, —

дейді. «Ерден-көк» деп «өргіз» деп, «Ерден» байтал бергізеді.

Өске жолаушылап келе жатып, екі-үш жолдасымен бір байдікіне қонады. Үй иесі қой соймай, өлі ет асып береді. Өске оған разы болмайды. Жатарда Өске қонақкəде істеп, үй иесімен далаға шықса, сорпа-су ішіп жатқан иті ырылдайды. Сонда Өске ақын:

Іше бер өкпелемей, күшім құтпан,
Сен түгіл, мен де жедім жарты бұттан.
Иеңіз тоқты сойып құрмет етсе,
Деп едім ет жегенде сені ұмытпан.
Айбынды ит екенсің, түсің суық,
Күрілдеп қабайын деп келдің жуық.
Үлкен кісі болған соң қызмет еттің,
Қорқып ем қаба ма деп үйге тығып.
Пендеге таусылмайды шашқан нəсіп,
Пенде қалай шыдайын тамақ тесік.
Алдыма табақ толы ет əкелсе,
Тартар ем саған сүйек шала кесіп.
Сыйлады иең сені маған қоса,
Орайсың бөрі көрсең алдын тоса.
Иттікпен қызмет етіп жүр екенсің,
Сенің де көрген күнің осы болса.
Бұл елге келген жоқ ем мұнан бұрын,
Жақсы ауыл дегеннен соң еттім ұрын.
«Аштан тəубе табылмайд» деген бар ед,
Жоқ па еді жейтұғының айыл жырым.
Бұл үйге мен де қонақ, сен де қонақ,
Саларсың көк шолаққа көзің қырын, —

дейді. Үй иесі ұялып, таңертең қонақасы беріп аттандырған екен дейді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз