Өлең, жыр, ақындар

Жазып та көрдім…

«Сіз қалай жазасыз? Қалай жазушы болдыңыз? Ана кітабыңызды қалай жаздыңыз?» деген тәрізді сұрақтар оқырман қауым тарапынан әр кезде қойылатыны белгілі. Бірде бір кездесу кеші әлгіндей сұрақсыз өте қоймайды. Басқаларды қайдам, мен өзім сондай кезде не айтсам екен деп тоқыраңқырап қалам… «Қалай жазасыз дейсіз бе? Үстелге отырып жазам… Жаза, жаза жазушы болдым…» деген секілді әзілмен жауап бере бастаймын.

Үстелге отырмай да жазатын жазушылар болған. Мысалы, Э. Хемингуэй түрегеп тұрып жазады екен. Сол үшін өз бойына лайық, биік үстел жасатып алған. Отыра беру адамды енжар етеді, семіртіп жібереді дейтін болу керек.

Әзіл-сықақтың атасы Марк Твен: «Сіз қалай жазасыз?» деген сұраққа: «Солдан оңға қарай жазамын», — деп жауап берген.

Осы күні мен білетін кей ақын-жазушылар оқырман қауыммен кездесуге тек әлгіндей сұрақтарды есту үшін баратын секілді.

Ал мен былай ойлаймын: тұтынушы дүкенге барды, көздің жауын алатындай әдемі жасалған кітап шкафын, жазу үстелін көрді, сатып алды немесе үстелді жасаушы шебер ағашты қайдан әкелді? Қалай кесіп өңдеді? Қандай бояу жақты? Ол бояулар қайда? Неден жасалып еді? Осының бәрін тұтынушыға біліп жату қажет пе? Міне, жазушылық еңбек те осы тәрізді. Оқырманға керегі — кітап. Жақсы кітап. Қолдан тастамай оқуға жарайтын қызықты шығарма. Ал оның қалай, қайтіп жазылғанын білмегеннен оқушы ештеңе жоғалтпайды…

«…Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым! Шындықты айтып отырмын, — әттең жазушыболсам деген арман менің көкейіме ерте ұялады. Үшінші, төртінші сыныпта оқып жүргеннің өзінде ақындық даңқым мектеп асып, бүкіл ауылға жайылды…»

Бұл менің өзім емес, кейіпкер Қожаның сөзі. «Менің атым — Қожа» повесі дәл осылай басталады. Атын ұмытып қалдым, бір үлкен қаламгер: «Әр жазушы әуелі өзін жазады» дейді… Бір сөзбен айтсам, сол өзін жазатын жазушы менмін…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз