Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
"Философия және Саясаттану" факультті
"Дінтану және Мәдениеттану" кафедрасы
Мәдениеттану мамандығы
Қазақ мәдниетінің теориясы мен тарихы
Жетекші: Кудерина А.Н.
Орындаған: Оспанбек Қ.Р.
Жүсіп Баласағұни, Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (1020) — ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері. Философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан. Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында «Құтадғу білік» дастаны арқылы қалды.
Ойшылдың өзі жазған мəліметтерге қарағанда, Жүсіп Баласағұн орта ғасырда Қарахан əулеті билік жүргізген мемлекеттің бір кездегі астанасы Баласағұн шаһарында дүниеге келген. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітабында Жүсіп Баласағұнидың ескіше жазғанын айта келе, ойшыл ғалымның қазақтың Ұлы жүзі, соның ішінде Елсау бидің немересі Албанның Қас-Қажыл тұқымымнан шыққандығын еске алады. Жүсіп Баласағұн білімді Фараб (Отырар), Қашғар, Бұхара қалаларынан алады. Араб, парсы тілдерінде еркін сөйлейді. Өзінің атақты философиялық-диалектологиялық «Құтты білік» дастанын Баласағұнда бастап, Қашқарда аяқтауы кездейсоқ жaйт емес еді. Өйткені сол кездегі түркі тілдес тайпалардың мəдени өмірінде Қашқар қаласы зор рөл атқарғаны мəлім.
Х–ХІІ ғғ. Қараханидтер əулеті билік құрды. Соғыссыз, мамыражай, бейбіт өмір сүргісі келетін ру-тайпалар Орта Азия төңірегінде өркендеп өсіп келе жатқан Қарахан мемлекетіне бірігіп, мемлекеттің ел басқару жүйесі нығая бастады. Қарахан мемлекетінің көшпелі билік ордасы Қашқар қаласында болды.Қашқар сол кездегі Ұлы Жібек жолының бойындағы мəдениеті, əдебиеті,экономикасы дамыған ірі қалалардың бірі болған.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны – Ислам мен діни құндылықтарын насихаттайтын шығарма. Бұл шығармада түрлі қоғамдық топқа жататын адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті адамгершілік, әдептілік мәселелері көтеріледі. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеум. рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады.
Жүсіп Баласағұн шығармасы Қарахан мемлекетінің Ата Заңы қызметін атқарған. Ол үшін автор өз еңбегінде патшалар мен уəзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, əскербасылар мен нөкерлердің, тəуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінезқұлқы, білім дəрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады.
Баласағұни əлемдік үйлесімділік негізінде əділетті адамзат əулетін құруды армандаған. Сондықтан да ол ғылым мен білімге зор мəн берген. Ақын мемлекет, қоғам, ел басқарған əкімдер, мораль, этика, тағы басқа мəселелерге арналған тарауларында білімнің күш-құдіретін ардақтап, ғалымдарды көкке көтере мадақтайды:
Ақыл — шырақ, қара түнді ашатын,
Білім — жарық, нұрын саған шашатын.
Ақыл болса, асыл болар — болса ер,
Білім болса, бектік қылар — қылса ер.
Ақыл кімде болса — болар асыл ол,
Білім кімде болса — бек һəм басың ол...
«Құтты білікте» көтерілген этикалық-философиялық мəселелердің бірі — қанағат, ынсап мəселесі болып табылады. Ақын «қанағат» ұғымын философиялық категория ретінде қарастырады. Ел басқарған əкімдердің бəрін қанағатшыл, ынсапты болуға шақырады. Сондай-ақ ол дүниеқұмарлықты, ашкөздікті, парақорлықты өлтіре сынайды:
Ашкөзденбе, ұятты ойла, адал бол,
Ашық айтып, əділ іске жарар бол!
Мешкей тынып, сұғанақ көз қояр ма!?
Ашкөзділер жаһанды жеп, тояр ма?!
Сұғанақтық — дауасыз дерт, арылмас,
Күллі жаһан емі қонбас, жазылмас.
Барлық аштар, жесе ақыры тояды,
Сұғанақ көз, тек көрінде қояды.
Баласағұн шығармасындағы даналық сөздері қазақ мəдениеті мен халықтық мақал-мəтелдері арқылы ұштасып кеткенін байқау қиын емес.
«Құтты білікті» оқи отырып, бүгінгі қазақ мақал-мəтелдерінің түпкі негізі соларда жатқанын анықтауға болады:
1. Қазақ мақалында:
Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді.
Баласағұнида:
Ойлы кісі айтқан сөздің ақ шынын:
Кісі өлсе де, өлмес аты жақсының!
2. Қазақта:
Бүгін бітер істі ертеңге қалдырма.
Баласағұнида:
Ертеңге — деп, бітер істі тастама,
Қалар кейін, шықса ісің басқа да!...
3. Қазақта:
Кеңесіп пішкен тон келте болмас.
Баласағұнида:
Кеңесіп іс жасау керек кеңінен,
Кеңеспеген кісі өкініп, еңірер.
Өз дəуірінің рухани тəжірибесін бойына сіңірген осынау шығарма қазақ əдебиетінің дамуына айрықша əсер еткен. Қазақтың классикалық поэзиясы өзінің шығармашылық бастауын «Құтты біліктің» рухани, эстетикалық əлемінен алған. Мəселен, жаңа қоғамдық тарихи жағдайда қазақ ақынжыраулары адам мінез-құлқының бір көрінісі болып табылатын қанағат сезімін өздерінше пайымдаған. Оны қазақ қауымының ұғымына лайықты етіп жырлаған.
Əдебиеттер тізімі:
1. Келімбетов Н. Түркі халықтарының ежелгі əдеби жəдігерліктері. — Алматы: Раритет, 2011. — 243-б.
2. Қыраубаева А. Ежелгі əдебиет. 5-томдық шығармалар жин. 2-т. / Томды баспаға əзірлегендер: Г.Асқарова, Н.Мəтбек. — Алматы: Өнер, 2008. — 216 б.
3. Тауасарұлы Қ. Түп-тұқианнан өзіме шейін / Баспаға дайынд. Б.Қыдырбекұлы. — Алматы: Жалын, 1993. — 25-б.
4. Ержанов Қ. Қара-Бурахан, Қожа Ахмет Иассауи жəне Жүсіп Баласағұн — бір асылдың сынықтары // Қазақ. — 2014. — № 49–50 (721–722). — 5–12 желт. — 7-б.
5. Баласағұн Ж. Құтты білік / Көне түркі тілінен ауд. жəне алғы сөзі мен түсінік. жазғ. А.Егеубаев. — Алматы: Жазушы, 1986. — 616 б.
6. https://rep.ksu.kz/bitstream/handle/data/6048/
7. https://kk.wikipedia.org/wiki/
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі