Алды-артында ешкімі болмаса, Қасым да бақытсыз болар еді. Қасым — бақытты ақын. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен, бірін-бірі қамшылап, өлеңді жарыса жазған, өздерінің жақсысын көлденең тартпай, Қасекеңді ылғи да ұстап, аялай білген құрбықұрдастарының көбі қазір арамызда жүр. Қасекеңнің өлеңін өзінен де жақсы білетін және жақсы көретін өнер бәйгесінде алдына бір, артына бір шығып, шарқ ұрып жүрген ізбасар інілері және бар. Қасым — солармен Қасым. Бір орыс ақынының жазғаны барды: «Қанша ұлы болғанымен Пушкин тұтас бір дәуір бола алмайды. Тұтас бір дәуір болу үшін оның қасында Грибоедов пен Крылов, Тютчев пен Баратынский, Гоголь мен Жуковский, Карамзин мен Гончаровтар болуға керек». Бұл жағынан қарағанда, Қасекең Махамбет пен Абайдан да бақыттырақ. Аманжолов деген — асқар тау. Оны
ешқандай бұлт бүркей алмайды, қалай айтсаң да, ол тау аласармайды.Сағи Жиенбаев
Ақын шығармаларында жан дiрiлiн, шыңырау сырдың тұңғиығын шарлайтын, замана шерi мен қоғам құбылыстарын, тарих толқындарын барлайтын терең сезiну бар. Нәзiк лиризм мен көкжиектi қамтыған эпикалық байтақ әлем, философиялық тамырлар бiте қайнасып, тұтасып жатады. Мұның бәрi — ақындық шеберлiктiң ғана емес, ең алдымен, ақындық табиғаттың, интеллектуалдық тереңдiктiң нәтижесi. Зерделi, естi, асау рух, сол рухтан нұр алған, сол рухпен суарған, сол рухтан ту алған шығармалар — «көрнектiлену» үшiн де емес, көсемсу үшiн де емес, көкiректегi шежiре-шердi немесе басқа да әрқилы тебiренiстерiн жеткiзуге деген табиғи қажеттiлiк, табиғи ықылас.
Бекен Ыбырайым
«Өзім туралы» өлеңі
Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында…Қасым Аманжолов
Қ.Аманжолов поэзиясы өршіл романтизм, биік пафос, азаматтық идеясының айқындығымен ерекшеленеді. Ақынның «Өзім туралы» өлеңі өзінің өткен өміріндей, өмірлік кредосындай. Ол осы өлеңі арқылы келер ұрпаққа сыр айтып, өсиет қалдырып кеткен:
Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап,
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.
Жүзінде кәрі жердің әжімі көп,
Ізімді табарсыңдар әзер іздеп,
Оқырсың сонда мүмкін бұл жырымды:
«Досың да, туысың да біздерміз», — деп.
Онысы соңынан жақсы жыр қалдырсам екен деген жалын жүректің ұшқынындай сезіледі:
Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында,
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да…
—деп, өз көрерменін үлкен оқиғаға дайындайды.
Аманжол, Рақымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын,
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.
Өлеңдегі лирикалық кейіпкер өзіне әрі оқырманына сауал тастайды, болашағына болжам жасайды:
Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде,
Қай жерде үзіледі қайран сапар?
Түйін боп өмірімнің бір шетінде.
Сол жерге қалармын ба мәңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлеу-соқпақ,
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап.
Қ.Аманжолов — өз кезеңінің, қазіргі уақыттың, тіпті келешектің де ірі ақыны. Оның әр жыры — қазақ жырының тарихындағы ірі жетістік. Өткенімізді іздесек, біз Қасым Аманжоловтан анық табамыз. Өйткені ақын «өртеңге тиген дауылдай» жырларымен өшпес із қалдырған, қазақ поэзиясында Абай дәстүрін жалғастырып, дамытушы. Ерлік пен өрлікті парасатты поэзиясына ту еткен.
Бұл туралы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев былай деп түйіндейді:
Дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым,
Қасым солай болмаса, несі Қасым?
Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің
Әммесінен Қасымның десі басым.
Қаламгер Бекен Ыбырайым да Мақатаевтың сөзін растап, Қасым Аманжоловтың шығармашылығын былайша талдап көрсетеді: «Қасым Аманжолов қазақ әдебиетiне, сол арқылы әлем поэзиясына көркемдiк ойлаудың адамзат тарихында бұған дейiн болмаған жаңа құбылыстар, тың толқыныстарды әкелдi. Болмысты сезiну мен бейнелеудiң, көркемдiк тәжiрибенiң адамзатты байытатын жаңа типiн тарту еттi. Ендеше, Қасым Аманжолов — ұлы ақын.
Қасымнан кейiн дүниеге келген ақындардың iшiнде оған бас имеген, тағзым етпеген ешқайсысы жоқ». «Өлемін деп емес», «ұқсата алмай келемін» деп өкінетін ақын «өзіммен бірге өлмесін өлеңім» деп, «күніне жүз ойланып, мың толғанады», себебі ақынның «бары да, бақыты да — өлеңі».
Ақынның өз энергиясындай өлеңі де мықты:
Гүрілдеп жалын атқан кеудем-көрік,
Сөз соғам құлашымды еркін керіп.
Суарып шынықтырам күйге малып,
Болсын деп әрі әдемі, әрі берік.
«Құя алман үгітілген балшық өлең», — деген ақын-ұстаның кеуде-көрігінен соғылып, суарылып, шынығып шыққан жырлары мәңгілік, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете береді.
Оны өзі де сезіп кетті:
Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың!
Оқуға кеңес береміз:
Қасым Аманжоловтың нақыл сөздері
Қасым Аманжоловтың шығармалары
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі